Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 137 балл қоржында

137 балл қоржында

Өткен демалыс күндері сырдариялық жас түлектер жаңа форматта ҰБТ тапсырған болатын. Он бір жылғы білім деңгейін саралайтын сынақ барысында мектеп оқушылары жоғары көрсеткішке ие болды. Ең жоғарғы балды №44 мектеп оқушысы Айдана Жалғас еншіледі. Ол 137 балға қол жеткізді.

Жас түлек Айдана Нұрлан­қызы – Қоғалыкөл ауылының тумасы. Қазақ тілі мен әде­биеті пәнін таңдаған үздік оқушы болашақта ұстаздық маман­дықта білімін жетілдіргісі келеді. Арманы асқақ, білімге құштар жан отбасында 4 ағайынды. Айдананың анасы Ләззат Жұма­таева №44 орта мектепте география пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Әкесі Нұрлан Қожақов білімді қызымен мақта­нады.

– Мектебімізде биыл 11-сыныпты 22 бала бітіреді. Оның ішінде, 2 «Алтын белгіге» үміткер бар. Айдана Жалғас – біздің мақтанышымыз. ҰБТ-да 137 балл еншілеп, білім ошағының абыройын асқақтатты. Негі­зінен, білімді қызымыз бұған дейінгі сынақтарда 140 балға қол жеткізген болатын. Дарынды оқушыға жергілікті кәсіпкер Ғани Ботабаев қолдау көрсетіп, заманауи үлгідегі планшет сыйға тартты. Биылғы қуанышымыз еселене түсуде. 9-сынып оқушыларының арасынан 12 үздікті анықтадық. Шын мәнінде, 26 маусымдағы екінші сынақта Айдана қызымыз 140 балды еңсереді деп сенеміз, – дейді орта мектеп директоры Сламбек Каюпов.

Білім бәсекесіне 10-сыныптан бастап дайындалған Айдана Жалғас ұстаздарының бағыт-бағдарымен қатар, «Juz40 online» оқу курсының көмегіне жүгінген.

Бүгінгі күнге дейінгі нәтиже бойынша ауданда ҰБТ-ны жоғарғы дәрежеде тапсырған оқушылар жетерлік. Олардың қатарында №139 орта мектептің түлегі, «Үздік аттестатқа» үміткер Нұрсезім Жұмабай 129 балл еншіледі. Білімді оқушы алдағы уақытта дәрігер мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнында білім алуға ниетті. Сонымен берге №129 Әбірәш Жәмішев атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Ербол Сайпуллаев білімге деген құштарлығының арқасында 126 балды қанжығасына байлады. Аталған білім ордасында ҰБТ-ға қатысқан оқушылардың тең жартысы 100-ден жоғары балл жинады.

Білім мен қабілеттің сынға түсер шағында аудан оқушылары жоғарғы көрсеткішке қол жеткізу үшін барын салуда. Өз ке­зегінде таңдау пәндерінен межелі балды еншілеу үшін талапкерлер түрлі курстарға қатысып, өз мықтлықтарын дәлелдеуде. Дегенмен де ұстаздардың оқушыларға берген білімінің арқа­сында аудан мерейі асқақтау үстінде. Дарынды оқушылардың жетістігі ата-аналарының мерейін үстем етпек. Үкілеген үміттері алдағы уақытта өзі қалаған мамандық иесі атанса нұр үстіне нұр болмақ.

Енді білім сынағының екінші кезеңі бар. Онда да білімді де дарынды оқушылар жоғары нәтиже көрсетеді деген сенімдеміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
25 мамыр 2021 ж. 907 0