Шіркейлі ауылындағы шығармашыл оқушылар

11 сынып оқушысы Инабат Төребек байқауға «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша қатысып, үшінші орынды қанжығалаған. Бала кезінен әдебиет әлеміне жақын өскен ол көптеген ақын өлеңдерін жатқа, нақышына келтіре оқып, жазушылардың өмір өрнегін зерделеп жүр. Небәрі 5 сыныпта оқып жүрген кезінен Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқып, ерекшеленген ол бүгінде бас ақынымыздың 100 өлеңін жатқа біледі. Инабат биыл мектеп бітіреді. Оның арманы ұстазы сияқты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, кейінгі буынды ұлттық құндылықтарымызбен сусындатқысы келеді.
Ал мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Ханшайым Ақылбек облыстық байқауда «Абайдың қара сөздері» номинациясы бойынша бақ сынап, жүлделі екінші орынды иеленген. Болашаққа таңдаған мамандығы биология саласы болғанымен, поэзияға, әдебиетке жаны жақын. Және мәнерлеп өлең оқығанды жаны сүйеді. Өлең-сөзден қара сөзді жатқа айтудың өзіндік қиындықтары жетерлік. Қазір Абай Құнанбайұлының он қарасөзін жатқа оқып, тәпсірлеп бере алатын Ханшайым ақын қара сөздерін толық жаттап шығуды мақсат еткен.
– Инабат та, Ханшайым да мектептің қоғамдық өміріне белсене атсалысады. Өнерлі, дарынды, талантты әрі жан-жақты оқушылар. Аудандық, облыстық түрлі байқауларға қатысып, жоғары дәрежелі марапаттарға да ие болып жүрген қыздарымыз сабақты да жақсы оқиды, үлгерімдері өте жақсы. Жақында облыстық байқаудан топ жарып, аудан намысын қорғады. Талапты оқушыларымның алар асуы әлі алда деп білемін, – дейді мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әйгерім Қайратқызы.
Аружан МҰҚАНБЕТҚАЛИ