Талапкер ақын Ағаділ
Өткен жылы аудандық газеттің 80 жылдығына орай редакция ұжымы белгілі журналист, арқалы ақын Келдібай Уәйісұлын еске алуға арналған игі шара өткізген болатын. Сол мүшәйрада сәкендік Ағаділ Талапбеков бас жүлдені жеңіп алды. Мұның алдында көрші Жалағаш ауданында ақын Зордан Салықбайұлын еске алуға арнаған облыстық мүшәйра өткен болатын. Он екі талапкер қатысқан жыр додасында жас ақын жүлделі үшінші орынды иемденді.
– Өлеңге бала күнімнен жақын болдым. Ұсақ түйекке де жыр арнайтынмын. Өсе келе өлеңдерімнің де мағынасы кіре бастады. Содан бір күні көрші Бақтөре ағам (ол қазір мүшәрайларда танылып қалған ақын) менің ақындық қабілетімді байқап, «мүшәйраларға қатыс» деп ұсыныс тастады. Осылайша ауылдық клубтың қызметкері Жұлдыз апайдың жетекшілігімен, Бақтөре ағамның қолдауымен бағымды сынап, байқауларға қатысып жүрмін, – дейді Ағаділ өлең өлкесіне қалай келгенінен хабардар етіп.
Сәкен Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектепті биыл бітірген Ағаділ Талапбеков Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне мемлекеттік грантпен оқуға түсті. Таңдаған мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. «Өнер алды қызыл тіл» дегендей жас ақын Ағаділ студенттік өмірде өз мамандығының қыр-сырына қанығып, туған тілдің мәртебесін биікке көтереді деп сенеміз.
«Отбасында өлең-сөзге құштар адам бар ма?» деген біздің сауалымызға Ағаділ жергілікті сырбаз ақын Келдібай Уәйісұлы нағашы атасы болып келетінін айтады. Мүмкін, жас ақыннің өлең өлкесінде танылуы нағашы жағынан сіңген қасиет шығар. Кім біледі, ол болашақта ауданның атын шығаратын ақын болып қалыптасатын болар.
Бүгінгі талабын бағамдасақ, А.Талапбеков болашағынан мол үміт күттіретін жас. Ол биыл ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына арналған республикалық онлайн мүшәйрада екінші орын жеңіп алды. Басқа да жетістіктері көп. Біз жас талапкер ақынның өмірден, өлең өлкесінен өз орнын табуына тілектеспіз.
Шаһарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ