Жауапкершілік жүгін арқалаған
Өжеттілік пен өр мінез ер жігіттің құнын түсірмейді. Әрбір батыл қадамның артында жанкештілік қасиет тұрады. Қай кезде де осалдық танытуға жол бермейтін Бәкең «ерлік білекте емес, жүректе» екенін жақсы біледі. Ел-халықтың қорғанына айналған ұлды тілеулес ағайын мақтан тұтады. Жауапты қызметте жетістікке жетуге ұмтылған Бақытжан Қаппар құқық қорғау салысының білікті маманына айналған. Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаратын Бақытжан Қаппар жауапкершілік жүгін арқалаған.
Құқық қорғау саласының тәжірибелі маманы Б.Қаппар – Жалағаш ауданының тумасы. Көршілес жатқан ауданнан түлеп ұшқан Бәкең отбасында 4 ағайынды. Қырағы полицей Жалағаштың байырғы тұрғыны Бақытбек Қаппарұлы мен Жанат Смағұлқызының шаңырағындағы 3 ұл, 1 қыздың үлкені. Ол мектеп қабырғасында жүргенде құқық қорғау саласында қызмет етуді арман етеді.
– Ана жүрегі әркез перзенті үшін алаңдап отырады. Бақытжан бала кезінен қатарының алды болды. Сабақты жақсы оқыды. Бауырларының арасында көп сөйлемейтін, салмақты, тұйық мінезімен дараланды. Ағасының жолын қуамын деп қай кезде де ізінен қалмайтын. Ешкімге артық сөз айтпайтын ұлымның бір қасиеті айналысына қол ұшын созып, көмектескісі келіп тұрады. Құқық қорғау саласын таңдағанда әкесі екеуміз батамызды берген едік. Жауапкершілігі мол салада ұлымыздың жетістікке жетеріне сенім артқан болатынбыз, – дейді ардақты ана Жанат Смағұлқызы.
Ата-анасының ақ батасын алған Бақытжан Бақытбекұлы бала кезіндегі арманына қол жеткізу мақсатында Шымкент қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы заң колледжіне оқуға түседі. «Заңгер» мамандығы бойынша білімін жетілдірген ол алғашқы еңбек жолын Жалағаш аудандық полиция бөлімінде анықтаушы ретінде бастайды.
Полиция қызметінде күні-түні тоқтаусыз жүретін тергеу ісінде барынша тәжірибе жинақтаған білікті маман Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінде тергеуші, аға тергеуші, Тергеу басқармасының бастығының орынбасары, тергеу бөлімінің бастығы, анықтау бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарады. Осы күні Сырдария аудандық полиция бөлімінің бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде жүріп, көптеген қылмыстың ашылуы үшін жүйелі жұмыс жасауда. Қарамағындағы 4 тергеуші, 2 анықтаушы, 2 криминалист маманына бағыт-бағдар беріп, тергеу қызметінің әдістемелік жиынтығын жандандыра түсуде. Әрбір қылмыстың тарихына үңілген сала мамандары қоғамда көптеген қылмыстың орын алуына тосқауыл қоюда.
– Біздің салада ешқашан осалдық танытуға болмайды. Жекелеген істің артында қаншама тағдыр жатыр. Сан бағытқа құбылған қылмыстың әрқайсысы сала мамандарына асқан жауапкершілік жүктейді. Айласын асыруға ұмтылған күдіктінің алдында пәрменсіз көрінуге қақымыз жоқ. Қайтсек те орын алған қылмыстың бүге-шүгесін анықтап, келесі бір қылмыстың жолын кесеміз. Бұл жерде төзімділік пен сабырлық әр маман үшін қажет. Өйткені, біз қылмысқа қатысы бар адаммен тікелей жұмыс жасайтын тергеушіміз, – дейді полиция подполковнигі Бақытжан Қаппар.
Құқық қорғау саласында Бәкеңнің інісі Бауыржан да абыройлы еңбек етуде. Саялы байтерекке айналған қарашаңырақтың қос перзенті қоғам тыныштығын күзетуде. Осы жолда еңбек етіп, толағай табыстарға жетуде. Бүгінде аудан өмірімен біте қайнасып, қылмыстық оқиғалардың басы-қасынан табылатын Бақытжан Бақытбекұлы балаларының күрделі мамандықты таңдауын өз еріктеріне қалдырған.
Мақтаулы подполковник осыдан 16 жыл бұрын жалағаштық Меруерт Әбсатовамен отау құрады. Бүгінде жарасымды жұп көпбалалы ата-ана атанып отыр. Олардың 2 қыз, 2 ұлы бар. Қырағы полицейдің зайыбы Меруерт білім саласында қызмет етеді.
Айта кету керек, дәл қазіргі уақытта тергеу қызметінің қатысуымен 35 қылмыс ашылған. Сондықтан әр минуты бағалы саналатын тергеу қызметінің жетекшісіне жұмыста сәттілік тілейміз.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ