Астан үлкен емессің немесе Астанадан келген комиссия
Жарты ғасырға жуық түрлі салада қызмет істеп, жақсы адамдармен кездесіп, әңгімелерін тыңдап, дәмдес болдым. Ерекше адамдардың айтқан әңгімелері, бастарынан өткен оқиғалары ойыңда қалып қояды екен. Осыдан біраз жыл бұрын ауданымызға елордадан үлкен комиссия келді.
Комиссияның мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында мәселелерді талқылау, талдау, таразылау еді. Сол кісілерді күтуді аудан әкімі маған жүктеген болатын. Дереу келетін кісілердің тізімін алып, дайындық басталып кетті. Комиссияны елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Тәжіқараұлы Шырдабаев бастап келді. Ол кісінің ғаламторда жарияланған өмірбаянын оқып, таң қалдым. Он алты жасынан еңбекке араласып, талай қызметтік сатылардан өтіпті. Ауылда мұнайшы болудан бастаған ағамыз басқа қызметтерін санамағанда, аудан, қала, облыс әкімі, мұнай мен газдың бірінші министрі, Мәжіліс депутаты, елшілік қызметтерде болған екен.
Жиналыс аудан әкімдігінде өтті. Комиссия алдында аудан әкімінің сала орынбасарлары, құқық қорғау мекемелерінің басшылары баяндама жасап жатты. Сырт көзге бәрі дұрыс сияқты көрінді. Өзіміз де жиналыс жақсы өттіге санап, бағамдап отырғанбыз. Жиналыс соңын Астанадан келген комиссия төрағасы қорытындылады. Еліміздегі сыбайлас жемқорлық туралы ашық ақпаратты алғашқы рет есітіп жағамызды ұстадық. Біздің елімізді жемқорлық жайлағанын сиырдың жазғы тастаған жапасымен теңеді.
«Жапаны түртсең астынан құжынаған құрт шығады. Сондықтан жапаға тиіспей сол күйінде қалдырайық. Біраз азаматтар сотталып кетуі мүмкін. Ол жапаны ашудың да уақыты келер немесе жемқорлық құрты өзі тесіп шығады» – деді.
Түбінде жемқорлар, мемлекетті сатқандар елдің алдында жауап беретінін, жемқорлық тыйылмаса ол мемлекет құрдымға кететінін сол кезде Равиль аға қорықпай, ашық айтқан екен. Бізге ол кезде мемлекетіміз қарыштап түзу жолмен дамып келе жатқандай болып көрінетін. Жиналыс бітіп, қонақтарды аудан әкімі арнайы дайындалған дастарханнан дәм татуға шақырды. Облыс әкімінің орынбасары рахмет айтып, жұмыстарын сылтауратып қайтуға ыңғай білдірді. Осы кезде басты қонағымыз Равиль аға:
– Бізге арналған ас болса, астан үлкен емеспіз, бұйырғанын ішіп кетеміз. Жігіттер асықсаңыздар, жұмыстарыңызға жүре беріңіздер, – деді.
Жігіттер амалдың жоқтығынан ағаның қасында қалды.
Дастархан басындағы Равиль ағаның әңгімесі бөлек екен. Нағыз «Қоңыр әңгіме». Көпті көріп, оны түйіндегендігі, адамды баурап алатын кішіпейілдігі, үлкендігі, ата-бабадан қалған салт дәстүрге байланысты айтқан оқиғасы есімде қалыпты:
«Кезінде Атырау облысының әкімі қызметінде жүргенде орталықтан бірнеше кісі келіп мұнайлы өлкелерді тік ұшақпен аралайды. Жұмыс жоспарға Бекет атаға тік ұшақты қондырып, зиярат етуді де енгізіледі. Межелеген уақытта әулие атаның мазарының басында болады. Бұл кісілерді кесененің басында отырған шырақшы аға күтіп алады. Үлкен қазанда бір малдың еті асылып, қонақ жайлауға дайындық жүріп жатыр екен. Келген кісілер қол жайып, Құран бағыштап, Бекет атаға тағзым етеді. Асығыс жиналған қонақтарға, шырақшы ағаның «сыбағалы дайын астан дәм татып кетіңіздер, «Сіздер келеді» деп хабар келгеннен бері мына несібелеріңізді босағаға байлағанмын» дегеніне қарамай, жұмыс басты кісілер ғой, асығыс ұшып кетеді. Шырақшы аға отбасымен ренжіңкіреп қала береді. Ойымызда бөтен ешнәрсе жоқ, жұмыс барысын айтып ұшақ көтерілем дегенше тасұр-тұсыр, жер айналып, денеміз өзімізге бағынбай, құлап бара жатқанымызды сезіп те үлгірмедік. Ес жиғанша ұшақтағы адамдардың айқайы, ыңырсыған дауыстар, бүкіл өмірім көз алдымда зымырап өте шықты. Қираған ұшақтан шығып, дел-сал болып бір-бірімізді түгендеп, аманшылығымызды біліп жатырмыз. Адамдарымыз негізінен дін аман екен. Қол-аяғы ауырып қалған кісілерге алғашқы көмек беріп, жан-жағымызға қарадық. Ұшақ командирінің айтуы бойынша, жерден көтерілем дегенше ұшақтың моторы өшіп қалыпты. Шамамен екі-үш минуттың ішінде Бекет атадан бес алты шақырым ұзап кеткен секілдіміз. Рация істен шыққан екен. Ұшағымыз темір жәшікке ұқсап шашылып, май суы төгіліп жатыр. Құдай сақтап, құмшауыт төбенің басынан сырғанап түсіппіз. Кейін білдік, ұшақ командирінің шеберлігінің арқасында тірі қалыппыз. Ұшақты құлап бара жатқан бетте сол үйілген құмға бағыттаған екен. Есімізді жиып, ақылдасып, жолға жарайтын үш адам, әулиені бағыттап жүріп кеттік. Бір жарым, екі сағат шамасында Бекет атаның басында болдық. Шырақшымен құшақтасып көрісіп, азан-қазан болдық. Бізге арналған қазандағы ет әлі түсірілмеген екен. Алла несібемізді өзімізге бұйыртыпты. Екі-үш сағаттың ішінде пендешіліктің кесірінен бе, әлде әулие атамыздың назарындағы дәмнен аттап кеткенімізден бе, біз сабамызға, яғни тәубемізге келдік. Облыстан да іздеу салып, құтқарушы жігіттер де жетті. Құлаған ұшақта қалған әріптестеріміз де бізге қосылды. Қазақта күткен қонағына сыбағалы малын хабарды естігеннен босағаға байлап семіртетін болған. Шырақшы ағаға біздің келетін хабарымыз, бір ай бұрын жеткен екен. Құтқарушыларымыз бар басшы, қосшымыз бар бәріміз бір қазаннан ас ішіп, дұғамызды оқып, сол жерден асықпай тарқастық. Қазақта «Бұйырған ас тісті бұзып кіреді» деп бекер айтылмаған екен. Бұл оқиға менің өміріме үлкен сабақ болды. Қазақта «Алты жыл аш жүрсең де, ата салтыңды ұмытпа» деген сөз бар. Ата-бабамыз үшін дастархан киелі нәрсе саналған. Сондықтан қазақта «Ас үстінен аттама, астан үлкен емессің» деп бекер айтылмағанын ұқтым. Бабаларымыздың мыңдаған жыл бойы ұстанып, оны бізге мирас қылып қалдырып кеткен салт-дәстүрін сақтап, ұмытпауымыз керек. Қалдырған әрбір дана сөздерінің астында терең мағына жатыр, осы ойларыңда жүрсін, жас достарым» деп әңгімесін аяқтады Равиль аға.
Бұл оқиға ақпарат құралдарында жарияланбай, жабық қалыпты. Десе де үлкен ой саларлық оқиға біздің есімізде қалып қойды. Бәлкім «Наннан үлкен емессің» деген тәмсіл осыдан қалған шығар.
Марат ОМАРОВ,
Тереңөзек кенті