Көрнекті ақын
Сейфолла Оспан – қазақтың көрнекті ақыны. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің, «Құрмет» орденінің иегері, Жалағаш, Сырдария аудандарының Құрметті азаматы атағы бар ақынның туған жері – киелі Сыр елінің С.Сейфуллин ауылы. Биыл 85 жасқа толатын ақынның мерейтойы туған елінде аталып өтіледі.
Қуатты қалам иесі алғашқы еңбек жолын Қызылорда паровоз депосында жұмысшы болып бастап, Алматыдағы №75 құрылыс тресінде моторист болып жұмыс істейді. Жастайынан әдебиетке құмар болашақ ақын журналистердің ұстаханасы ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түсіп, журналистика бөлімін бітіреді. Шығармашылық жолын бастамас бұрын «Жазушы», «Рауан», «Қазақстан» баспаларында корректор, редактор болып шыңдалады. Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, «Қазақфильмде» аудармашы әрі редактор, «Ара-Шмель» журналында бөлім меңгерушісі, халықаралық «Түркістан» газетінде меншікті тілші қызметтерін атқарады.
Алғашқыда балаларға арналған «Қалақай», «Балақойған», «Жалбыз» атты жыр жинақтарын шығарады. Кейін ақынның «Жазғы жауын», «Бақытқа хат», «Құндыздым, менің жұлдыздым», «Ар мен ән», «Жанарымда жан сырым», «Көңіл сәулесі», «Самала» т.б. жыр жинақтары жарық көріп, өлең өлкесiнен ешкiмге елiктемейтiн, ешкiмге ұқсамайтын өз жолын iздейдi.
Ақынның шығармашылық жолындағы ең биік шыңы – «Алдымнан атқан ақ таңым», «Қанағат» атты таңдамалылары, «Қанағат», «Тағзым», «Жалбыз» сияқты үш томдық жыр жинақтары жарық көрген кезбен тұспа тұс келеді. Қажырлы еңбектің арқасында Қалтай Мұхамеджановтың бес томдығын, Әбірәш Жәмішев, Әбдікәрім Ахметов, Қанапия Дәрібаев, Мұхамеджан Қаратаевтың кітаптарын құрастырып шығарады. Балалар сахнасына лайықтап өлеңмен «Мұңлық-Зарлық», «Асан-Үсен», «Аяз би» атты пьесаларын да жазып, әдебиет әлеміне жаңа леп әкеледі.
Сейфолла Оспан аударма жасаудың да шебері. Ақын Шығыстың ұлы шайырларының бірі Әбдрахман Жәмидің бәйіттерін, А.Тверскойдың Назым Хикмет өмірінен жазған «Босфор үстіндегі ән» хикаятын, В.Биянкийдің «Қай құстың тұмсығы жақсы», Нагаевтің «Тайгадағы айқас», З.Аксаковтың «Алқызыл гүл» шығармаларын, А.Бартоның, түрікмен ақыны Тәңірқұлиевтың, Ә.Фирдаусидің, Ә.Рудакидің, Насыр Хұсыраудың, әзірбайжан ақыны Нәсимидің бірқатар жырларын аударған. Бұған қоса орыс классиктері А.Пушкин, М.Лермонтов, түрік ақыны Назым Хикмет, өзбек ақыны Ғафур Ғұлам, балкар ақыны Қайсын Кулиев, тәжік ақыны Момын Каноатовтың және венгр, ангола ақындарының топтамалары мен жекелеген шығармаларын қазақша сөйлеткен. Өз жырлары орыс, украин, қырғыз т.б. тілдерде жарық көрген.
Кино саласында 60-тан астам фильм аударып, оның ішінде Ә.Фирдоусидің өлеңмен жазылған «Шаһнамасы» желісімен түсірілген «Рүстем-Сүһрап» (бір бөлімді), «Сияуыш туралы аңыз» (екі бөлімді), фильмдердің өлеңдерін, сондай-ақ қырғыздың «Айчурек» операсы либреттосын қазақшалаған. Сонымен қатар бір томдық «Қалтай қалжыңдарын» құрастырып, оның алғы-соңғы сөзін жазған. Қазақ әдебиеті мен өнерінің тарландары жайлы мақалалар жинағы «Білім» баспасынан «Қанаты қырқылған қырандар», «Бала болмай, дана болып туғандар» деген атпен екі том боп жарық көрген.
Өмір бойы қаламын серік еткен ақын Қазақстан Журналистер одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы жүлдесінің иегері, Бұқар жырау және Асқар Тоқмағамбетов атындағы жыр мүшәйраларының бас жүлдегері, Райымбек батыр атындағы мүшәйраның жүлдегері атанды.
– Жерлестер мақтанышына айналған Сейфолла Міркемелұлы Оспанның биыл 85 жылдық мерейтойы. Әдеби және діни мол білімі арқылы жан-жағына білім шырағын жаққан, заманының тақуасы атанған Міркемел кәлпенің ұлы. Сыр елінің, оның ішінде Сырдария ауданының һәм біздің С.Сейфуллин ауылының атағын аспандатып тұрған талантты тұлға.
Ұлы жазушылар – Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтың көзін көрген, Мұхамеджан Қаратаев, Қанапия Дәрібаев, Қалтай Мұхамеджановтармен дәмдес болған, қазақ әдебиетіне олжа салған шәкірттер тәрбиелеген, ұлттық өнердің сан бағытының дамуына елеулі үлес қосқан – ақын, сыншы, аудармашы һәм шешендігі мен көсемдігі бір бөлек Сейфолла көкеміздің дені сау болсын. Күләй апамен бірге бес баласынан өрген немере-шөберелерінің қызығын көре берсін, – деп ағынан жарылған Бағдат Есназар ақынның биылғы жылдың жазында туған еліне, ауылға беріп жіберген сыйлығы туралы әңгімеледі.
«Ақын ағамыздың беріп жіберген заттарын қарасам, оралған үш бөлек дүние екен. Ашсақ, үш бөлек кілемше. Кәдімгі қазақы дүние. Оралған кілемшелерге зер салсақ, мұқым қазақтың мақтанына айналған үш тұғырлы тұлғаның тоқылған суреттері бейнеленіпті. Олар – данышпан Абай, ержүрек Махамбет және ақын Жұмекен. Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетіп тұрған – үш ақын, үш данышпан. Осы керемет дүниелерді беріп жіберген ақынмен телефон арқылы сөйлескенімде:
– Бағдат, қазақтың үш классигінің кілемшеге тоқылған суреттері менің үйімде бұрыннан бар еді. Биыл 85 жасқа толамын ғой. Бұл – мерейлі жас. Ел ағалары алқалап жатса, мерейтойды ел ішінде атап өткен де мәртебелі емес пе! Сол кезеңде мен беріп жіберген кілемшелер өзім оқыған қарашаңырақ мектебімнің бір бөлмесінде тұрса деген ойым бар еді. Осыдан бірер жыл бұрын Сәкен Сейфуллин ауылының мектебіне үйдегі кітап қорынан біршама бағалы кітаптарды беріп жібергенімді білесің ғой. Білім ошағына тарту ететін жақсы кітаптарым әлі де бар, – деп айтты ақын аға. Міне, Алматыдан арнайы беріп жіберген құнды дүниелер, өнер туындылары, ел жадында мәңгі қашалған ұлылардың суреттері тоқылған кілемшелер біздің де рухани байлығымызға айналды. Жары Күләй апа ақын өлеңдерiнің көбiн жатқа оқиды екен. «Сейфолланың өлеңдерiнде өзiнiң мiнезi бар». Бұл адал жардың ақпейiл сөзi, – дейді Б.Есназар.
Бибісара ЖАНӘЛІ