Сөгіс алған директор
Қайрақбай Нұрбаев ұзақ жыл ауданда басшы қызметте болып, өмірінің соңғы жиырма жылында туған ауылы Қалжан ахундағы мектепте директор қызметін атқарды. Ауылдың көркеюіне, азаматтарының тәрбиелі болып өніп-өсуіне көп еңбек сіңірген азамат екенін ел жақсы біледі.
Сонау 1980 жылдары болған Қайрекең айтқан бір оқиға есіме түсіп, сол туралы жазуды жөн көрдім. Ол жылдары мемлекетімізді М.С.Горбачев басқарып тұрғанда қайта құру, жариялылық пен демократияландыру, Желтоқсан оқиғасы елімізге жаңа леп әкелді. Ұлттың сана-сезімі өсіп, жаңа саяси ойлау халықтың өзінің өткен тарихына, жеке тұлғаларға деген қызығушылығын арттырғаны белгілі.
– Сол кездері мектебіміздегі пионер ұйымы мен оның отрядының атаулары П.Морозов, З.Космедемянская, О.Кошевой атымен аталатын. 1988 жылдан бастап сол атауларды өзгертіп, қазақ халқының белгілі тұлғаларының есімімен атай бастадық, – деп айтқан еді ағамыз.
Осыған орай бастауыш сынып мұғалімі Қадиша Махамбетова атақты партизан жазушы Қасым Қайсеновтің есімін таңдап алып, атақты тұлғаның өмір жолын, шығармашылығын зерттей бастайды. Сөйтіп, оқушылар Қ.Қайсеновпен хат арқылы хабарласады. Келесі жылы, 1989 жылы қыркүйек айының 6-сы күні оқушылардың хатпен шақыруын қабыл алған Қасым аға сонау Алматыдан ешкімге ескертпей пойызбен келе жатқанын естідік.
«Тас – түскен жеріне ауыр» дейді. Қайрақбай ағамыздан бастап ауыл тұрғындары абыр-сабыр болып, партизан батыр ағаны күтуге қам жасапты. Кездесу мектеп алдындағы алаңда өтті. «Халық батыры партизан Қасым аға келді» дегенді естіген ауыл тұрғындары толықтай жиналған екен. Аты аңызға айналған батыр ағаның даңқын сырттай естіп, кітаптарын сүйіп оқитын оқушыларға, ауыл жұртшылығына көзбен көріп, әңгімелерін өз аузынан естігені мәңгі есте қаларлықтай әсер қалдырыпты.
Кездесу болып жатқанда Қайрекеңді ауданның бірінші хатшысы телефонға шақырып, «Қ.Қайсеновті менің рұқсатымсыз аудан көлеміне шақыруға қандай құқың бар? Ісім сенімен болсын» деп трубканы қоя салыпты. Соған қарағанда батырдың ноқтаға сыймайтын басы, ешкімге бас имейтін тек шындықпен жүретін тік өр мінезі аудан, облыс басшылықтарына ұнай қоймайтыны белгілі болды. Бұндай кісілердің келгенін жоғарыдағылар жақтырмайтынын Қайрекең де алдын ала білген екен. Сонда да оқушыларының бетін қайтармайын деп тәуекелге барғаны рас. Бұл әңгіме қонағын шығарып салғанша «бөрік» астында қалсын деп шешіпті.
«Жау тылында ағамыз қорықпаған да, елде жүріп менікі не?» деп өзін-өзі сабырлыққа шақырыпты.
Қасым Қайсенов 1940 жылы әскерге шақырылып, Мәскеуде барлау мектебінде оқиды. Соғыс кезінде жау тылына төрт рет десантпен Украина, Чехословакия, Молдавия, Румыния соңғы 1944 жылы Карпат тауына парашютпен тасталған. Талай қырғын соғыстың ортасында болып, соңғысында ерекше ерлігі үшін партизан ағамыз Украина халқының ең жоғарғы наградасы «Богдан Хмельницкий» орденімен марапатталып, «Карпат» тауының басында мрамордан ескерткіш орнатылған. Украинада оны «Вася» есімімен біледі. Ол кісінің әңгіме айтысы ерекше, тыңдаған адам оқиғаның арасында жүргендей сезінеді екен. Жазушы партизан алғашқыда тек көргенін әңгімелеп отырып, жазушы достары қағаз бетіне түсіріп отырған. Кейін естеліктері арқылы отызға жуық кітап жазған. Оның бәрі оқырманның жоғары бағасына ие болған туындылар.
Қызықты, ерлікке толы аңыз әңгімеге елтіген ауыл тұрғындары кеш батқанша партизан ағаны ортаға алып, жібермепті. Алғашқыда сұсты болып көрінген батыр аға өте кішіпейіл, ақжарқын, әңгімешіл екен. Кездесу соңында қазақ халқының дәстүрі бойынша батырдың иығына шапан жаубылып, сый-сияпат жасалыпты.
– Кешке Қасым ағаға совхоздың бас бухгалтері Кенжебаев Серікбайдың үйінен қонақ асын бердік, – деп әңгімесін жалғастырды Қайрекең. Ол кісі отырыста преферанс ойнауға ұсыныс жасады.
Ағамызбен карта ойнау кұрметі маған, кеңшар директоры Алданберген Құлбаевқа, үй иесіне тиді. Дастархан басында жастыққа жантайып жатып карта ойнаған кезде де, ағамыздың қызық әңгімесін тыңдаумен болдық.
1945 жылы өздері «Вася» атап кеткен Қасым Қайсеновті Украина басшылары еліне жіберуге құлықсыз болады. Еліне барған соң содырлық жасап, пәлеге ұшырайды деп, үлкен ет комбинатының директоры қызметіне тағайындап қойған. Бұл хабарды естіген атақты қазақ жазушысы, майдангер Жұмағали Саин ағамыз Украинада қызметте қалмақшы болған партизан батырды: «Неге қаласың? Елің, жұртың, әке-шешең, сүйген жарың бар, елден қызмет табылады» деп, арнайы барып ағалық қамқорлығын жасап, елге алып келген екен.
Батырды Жұмекеңдей ақын алып келгеннен кейін, ол Алматыда Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Мұзаппар Әлімбаев секілді әдебиеттің аса дарынды өкілдерімен танысып, бірге жүреді. Олар батырдың естелік қызық әңгімелерін естіп, кітап жазуға ұсыныс жасап алғашқыда көмек береді. Партизан ағаның қазақ әдебиетіне келуі осылай басталған екен. Қасым ағамыз Жоғарғы кеңесте, уәкілетті органдарда басшылық қызметтерде жұмыс істеген.
Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп жеңгемізбен алпыс жылдың үстінде бірге бақытты өмір сүрген. Карта ойнап отырғанда Қасым аға «Менің осында келгенімді райкомдағылар біле ме?» деп сұрақты төтесінен қойып қалыпты.
Алдекең «хабарларында бар» дегенде, «жарайды олар менің жүрген жеріме келмейді. Бәледен алыс жүрейік деп қорқады» депті. Таңертең ол: «Сендермен осылай отырғанымның өзі бір ғанибет болды, бір жасап қалдым» деп отбасына, қызмет қылған қауымға ақ батасын берді. Біздің қарсылығымызға қарамай преферанстан ұтылған ақшамызды сол үйдің отанасы Балтөреге «мынаған еге бол, бала-шағаңа жұмса» деп қолына беріп кетті. Мұның өзі Қасым ағаның бітім-болмысының бөлек екенін көрсеткендей. Біз Қасым ағамен болған кездесуді, отырысты әлі күнге естен шығарған емеспіз, – деп әңгімесін аяқтаған болатын Қайрекең.
Мен «Райком не болды» деп едім. Бірінші хатшы Қ.Қайсеновтің ауданға келуін бақылап отырған «үш әріптің» (КГБ) хабарлауынан біліпті. Хатшы мектеп директорын өз кабинетіне шақырып алып, «қатаң сөгіс» жариялапты.
Заман өзгеріп, ел егемен болып, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін әйгілі батыр Қасым Қайсеновке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ескерткіштер қойылды, мектеп, көшелер батыр атымен аталады. Осылайша, бүгінгі ұрпақ батырдың есімін ұлықтап, өнеге тұтып келеді. Ерлік ұмытылмайды, «Ер есімі – ел есінде» деген осы шығар. Қасым Қайсеновке қызмет еткен Қайрекеңді де батыр десек жарасатындай...
Марат Омаров,
Тереңөзек кенті