Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанның болашағы бізден басталады

Қазақстанның болашағы бізден басталады

Бесарық ауылындағы №147 орта мектептің 9 сынып оқушысы Инабат Төлеш – үздік оқушы. Ол қазақ әдебиеті пәнін ерекше ынтамен оқиды. Жазуға да қабілеті зор оқушы түрлі шығарма, эссе байқауларына қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүр. Жақында Инабат «Қазақстан – менің жарқын болашағым» жалпыұлттық байқауының облыстық кезеңінде жүлделі үшінші орынға ие болды. Әдебиетке жаны құштар оқушы «Қазақстанның болашағы менен басталады» деген тақырыпта эссе жазып, қатарластарынан оза шапқан. Ел ертеңі – жас ұрпақтың шығармашылығына аудандық газет редакциясы қолдау көрсетуді мақұл көріп, облыстық байқаудан топ жарған шағын эссені оқырман назарына ұсынады.

Болашақ бүгіннен басталады. Мен өзімнің болашақ өмірімнің негізін қазір құра отырып,  туған елімнің де болашағын өркендетуге ықпал ететініме сенімдімін, бүгінгі іс-әрекетімнен өмірімнің қандай болатынын бағамдай аламын.

Тәуелсіз елдің тәуекелшіл ұланы ре­тінде мен өз болашағымнан не күтетінімді сенімді түрде айта аламын. Әрине, маған тәуелді емес жағдайлар араласып, жос­парларымды бұзуы мүмкін. Алайда бұл ешкімге анық белгілі емес. Сондықтан ме­нің ойымша, болашақты жос­парлауға жә­не оларды жүзеге асыруға күш салуға болады және бұл ауадай қажет әрекет. Сөзімді өзімнің қазіргі тыныс-тір­шілігіммен байланыстырып, Қазақстан ат­ты алып елімнің болашағы менен басталатынын дә­лелдей кетейін.

Ең алдымен, қазір мен мемлекет берген әрбір мүмкіндікті барынша пайда­ланып, оқуымды озат оқып қана қоймай, барлық деңгейдегі жарыстарға, спорттық іс-шараларға белсене қатысып, жүл­делі орындармен оралып жүргенімді мақ­танышпен айта аламын. Бұл дегеніміз менің бойымда алдағы уақытта кездесетін әрбір қиындықтан тайсалмау, табандылық таны­ту, тәуекелге бас тігуден қорықпау, ұш­қыр да ұтқыр әрі сыни ойлауымды дамыту секілді асыл қасиеттерді қалыптастырып жат­қанымның дәлелі. Болашақта еліме мұндай ерекшеліктермен қаруланған жас буын зор пайда әкелеріне сенімім мол болғандықтан қанша қиналсам да, кей кездері шаршасам да, мен бұл бағыттан тай­мақ емеспін.

Екіншіден, менің жо­ғарыда айтылған жолда қатаңданып, адам­шылық, мей­ірімділік, жа­на­­шы­р­лық сияқты дү­ние­­лерден өз қол­­­­дау­­ларының арқа­­сында алыстап кет­пеуіме се­бепші болып отырған ата-әжем бас­таған отбасым бар. Не­ге жаңа Қазақстанның жа­­лынды жастарының бойында бұл қа­сиеттер де болуы керек? Себебі әлемді мей­­ірімділік құтқаратыны бесенеден бел­гілі, яғни елдің болашағын тек сарт-сұрт қи­­­мылдан басқаны білмейтін темір адам емес, жан-дүниесі мейірімділікке толы, елі­­нің әрбір азаматын қымбатындай қадір­лей­тін жан ғана жарқын ете алады деп санаймын.

Қорыта келе айтарым, біздің қазіргі өмі­ріміз – біздің болашағымыз, елдің бола­шағы. Ал оның қандай болмағы тек біздің қолымызда. Сондықтан оны жарқын, мақ­саты айқын етуге ұмтылайық, келешек­те оны бірге жасағанымызды мақтан тұта­тындай болайық. Әрине, болашақты еш­кім дәл болжай алмайды, бірақ ең бас­тысы, біз оның дамуына ықпал ете аламыз. Ол үшін ерінбей ізденіп, үздіксіз білім алып, әр күнімізді тиімді жоспарлап, белгілі бір са­ланың білікті маманы атануға бүгіннен бастап дағдылануымыз қажет.
                              

Инабат Төлеш,
№147 орта мектебінің
9 сынып оқушысы
Бесарық ауылы 
28 қазан 2023 ж. 212 0