Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 71 газет

07 қыркүйек 2024 ж.

№ 70 газет

03 қыркүйек 2024 ж.

№ 69 газет

30 тамыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Өнерімен ел құрметіне бөленген ана

Өнерімен ел құрметіне бөленген ана

Ұлттық құндылық құлдырамас үшін қазаққа тән өнер туындыларының өрісін кеңейтуіміз керек. Сан жылдар бойы кілем тоқу өнерін жаңғыртып, шеберлігімен елге танылған Роза Әлбатырова өз кәсібінен ешқашан жалыққан емес. Аяулы ана жанына өзі секілді ісмер қыз-келіншектерді жиып, түкті кілем тоқудың қыр-сырын үйретіп жүр. Қай кезде де, өз ісінің майталманы екенін дәлелдей білетін қолөнер шебері қажырлы еңбегінің арқасында «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағына қол жеткізіп отыр.

Роза Әлбатырқызы 1953 жылы Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылында өмірге келген. Биыл жетпістің желкенін керген  қолөнер шебері осыдан 52 жыл бұрын туған ауылындағы №139 орта мектепті бітіріп, Қызылордадағы профкооптехучилищеге оқуға түскен екен.  Аталған оқуды бітірген ол – 7 жыл қой бағып, мал шаруашылығы саласын меңгерген. Бұл ретте, еңбек пен ізденісті ұштастырған жан Айдарлы ауылындағы тұрмыстық қажетті өтеу комбинатының шеберханасын басқарған уақытта сауда-саттық қызметіне ма­шықтанады.

– Ең алғаш тігін тігу, кілем тоқу өнерімен 7 жасымнан бастап айналаса бастаған едім. Ұлттық өнерді барынша ұлықтау үшін кіш­кентайымнан кілем тоқуға икемделе түстім. Мол мұрамызды ата-бабаларымыз ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп табыстағаны белгілі. Әрине, кілем тоқудың негізгі технологиясы күрделі. Үнемі табандылықты, төзімділікті, икем­ділікті, асқан ыждағаттылықты қажет ететін қолөнерді жаныма серік еткеніме дән ризамын. Өмірімнің басым бөлігі кілемнің сан түрлісін тоқуға арналды. Қазіргі уақытта із­басар шәкірттерім ұлттың ерекше өнерін жалғастыруға ынталы, – дейді ардақты ана. 

Өзінің сүйікті ісіне берілген шебер осыдан 2000 жылы үйінің жанынан кілем тоқу бөлмесін ашқан. Сонымен қатар Роза Әлбатырқызы ұлттық өнерді көпшілікке кеңінен насихаттау мақсатында үкіметтік емес ұйым өкілдерінің құрамында болып, табанды жұмыс жасаған. Мәселен, «Игілік» корпоративтік қорынан жоба қорғап, арнайы шеберхана ашуға мүмкіндік алған. Бұдан бөлек, «Азаматтық Альянс» қоры арқылы 3 жоба қорғап, 2012 жылы өзінің қоғамдық бірлестігін ашқан. Қоғамдық бірлестік ашудағы мақсаты – қазақтың құнды мұрасы түкті кілемді жастарға, жұмыссыз қыз-келіншектерге үйрету арқылы дамыту, ұлттық өнерді өркендету, әлемге танытып халқының мақтанышына айналдыру.

Шын мәнінде, қазақ қолөнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Роза Әлбатырова көптеген жоғары марапаттарға қол жеткізе білген. Анығын айтқанда, өнер майталманы 2008 жылы сол кездегі «Нұр Отан» ХДП-ның «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Дәс­түрлі өнер» байқауының бас жүлде иегері, 2010 жылы «Әлеуметтік коммуникациялық жастар клубының» «Ең үздік қолөнер шебері» номинанты атанды. Сондай-ақ 2011 жылы облыстық «Қанатты әйел» байқауының бас жүлдесін, «20 жылға – 20 туынды» байқауының арнайы дипломын, «Гагарин көктемі» республикалық көркемөнер көрмесінің арнайы дипломын, «Тәуелсіздікке 20 жыл» алғыс хатын, рес­публикалық «Қанатты әйел-4» Форумының «Ең үздік қолөнер шебері» номинациясы бойынша ІІ орын иемденген. Ал бірнеше жыл қатарынан «Қара өткел жәрмеңкесі – 2012» бойынша арнайы диплом, «Қолөнер – сырлы өнер» көрмесінің «Алғыс хатын», шағын және орта бизнес байқауының дипломын қанжығасына байлады. 2015 жылы Астана және Алматы қаласында өткізілген ұлттар ұйымының 4 конференциясының қатысушысы. Осы жылы «Қолөнер – сырлы өнер» атты байқауында кезекті рет жүлдегер атанған. 2013 жылдан бастап халықаралық USAID аймақтық ынтымақтастық арқылы дамыту жобасына қатысып, 5000$ долларлық грантын жеңіп алған. Әр жылдары қолөнер шебері бірнеше республикалық семинардың сертификатын еншілеген.

Роза Әлбатырова айдарлылық Аман­келді Мұсабековпен отау құрған. Аяулы жан Құдай қосқан қосағымен 7 бала тәрбиелеп, 27 немере, 4 шөбере сүйді.

– Менің осыған дейінгі жасаған еңбегім жерлестерімнің көз алдында өрбіді. Орасан жетістіктерге қол жеткізген сәттерімде ең алдымен ауылдастарымның ыстық ықыласын сезініп келемін. Ел азаматтары осыған дейін жасаған еңбегімді ескеріп, ауданның ең жоғарғы марапатына ұсынғанына алғысым шексіз. Бар ғұмырымды қазақ өнеріне арнаған мен үшін зор мәртебе болғанын жасырмаймын. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр еліне сапары барысында жаңадан ашылған «Анаға тағзым» орталығына барғаны ел есінде. Бұл ретте, немерем  Ақмарал Бегалы шәкіртімен бірге  Мемлекет басшысына түкті кілемнің жасалу технологиясын көрсетті. «Рес­публика күні»  мерекесі аясында зор құрмет көрсеткен ауданның атқарушы билік өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді қолөнер шебері.

Өз кезегінде аяулы ана, өз ісінің майталманы Роза Әлбатырованы мерейлі 70 жасымен және жоғарғы марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
28 қазан 2023 ж. 180 0