Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемді шарлаған кілемші

Әлемді шарлаған кілемші

Қазақтың түкті кілемі қолөнерге, мұраға құрметі ерекше жанның төрінде әлі де ілулі тұруы мүмкін. Айтпағымыз, сонау жетпісінші жылдардан бері қарай өңірде кілем тоқуды қолға алған жандар бүгінде тынымсыз тер төгуде. Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылында Роза Әлбатырқызы бастаған шеберлер тоқыған кілемдер Англияға, Италияға тапсырыспен жөнелтілуде. Қайсыбір жылдары БҰҰ мен ­ЮСАИД қорының арнаулы грантын жеңіп алған Роза апай жарты әлемді шарлап келді. Жасы алпыс жетіге келсе де, кілем тоқуды бір сәтке тоқтатқан емес.
– Екі метр кілемнің бойында мыңның үстінде жіп бар. Әрбір жіп өз жолынан сәл тайқыса, басқасына кедергі келтіреді. Сондықтан бұл өнер – әрі сурет сабағы, әрі математика. Кілем тоқуға кіріскен оның барлық қиындықтарына төтеп беруі керек. Шағын екі де үш кілемді тоқуға екі ай уақыт кетеді. Қазір Алматыдан жіп алдырып тоқып жатырмыз. Қойдың жүні бар, бірақ ол жарамайды. Неге? Бұрын қойды үш тоғытып барып, қырқатын. Сол кезде табиғи тер иісі өздігінен кетеді. Қазір өрісте жүрген малды үйіне әкеледі де, қырқа салады. Ал оның жүнін қырқылған күйде ағынды суға жиырма рет жусаң да кетпейді. Қой қырқудың да өз заңдылығын сақтауымыз керек, – дейді шебер.
Алты жасынан қо­лына жіп алып, кілем тоқу­мен айналысқан Роза Әлба­тыр­қызы кеңестік кезеңде ауылда тұрмыстық комбинатты басқарды. Сол кезден қалған кілемшілер мен тігіншілердің басын қосып, қайта бірікті. Жан-жақтан тапсырыс алды. Өйткені, ұлттық өнердің туындылары екінші сатыға түсіп, ең әуелі сырттан келген тауарлар көпшіліктің сұранысына ие бола бастады.
– Аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып келемін. Шетелдерге де барып жүрмін. Астанада ұлттық қолөнер орталығы ашылған. Былтырға дейін солардың көрмесіне қатысып келдім. Қармақшы ауданында этноауыл салынды. Біздің қыздар сол жақта көп уақыт жұмыс істеді. Мен денсаулығыма байланысты бара алмадым. Отбасымыз осындай шеберлерден құралған. Келінім мен немеремді баулыдым. Бес жасар немеремнің икемі өзімді де таңғалдырады. Ал­дағы көрмеге сол баламды дайындап отырмын, – дейді Р.Әлбатырқызы.
Шебердің айтуынша, кілемге арналған жіпті иіруге қаракөл қойының жүні ыңғайлы. Әрі сапалы шығады. Мойын қатып, бас айналып, көз талатын машақаты мол жұмысқа махаббатпен кіріскен ол қыр-сырына әбден қанықты. Қайсыбір жылдары ауданда біраз қызмет атқарған Балшекер Өтегенова бастап, кілемшілікке жас­тарды оқытпақ болды. Роза Әлбатырқызы еш қарсылық танытпады, қайта қуанды. Оқыту курсы алты ай жұмыс істеді де кесе-көлденең шық­қан кедергілерден ойда-жоқта тоқтап қалды. Әйтпесе, кім біледі, бүгінгі жастың ішінен талай кілемші шығар ма еді?! Бірақ оқыту орталығы болмады деп қамықпады. Икемі мен ынтасы бар жастарды алып, баули бастады. Өздері ашқан шеберханаға тіркей берді.
– Қазір кілем тоқығанмен, өткізу жағы қиындау. Көз майыңды тауысып, тоқисың. Екі ай еңбегің өтелсе, жақсы. Англиядағы үлкен бір оқу орнынан тапсырыс келеді. Алматыда тұратын Рая апамыз оны ұйымдастырады. Осылайша бірнеше кілемді ағылшындарға жіберіп жатырмыз. Олар өнерімізге тәнті. Кеше карантин басталар бұрын он кілемге тапсырыс келген. Сосын өткен жылы итальяндық ерлі-зайыптылармен кездесіп, олар биыл да келетінін айтқан. Біздің кілемдерге тапсырыс осылай шетелден келеді,– дейді шебер.
Ресейде жіп иіретін электронды аппарат бар. Жүн жақсы болса, сапалы жіп шығарады. Шебер оны да қолға түсірмек көрінеді. Әйткенмен, бәрі қаражатқа келіп тіреледі ғой. Әзірге кілемді қоя тұрып, жайнамазды көбірек тоқиды. Өйткені, сұранысқа сай жұмыс істеп жатыр. Ал кілемге тапсырыс келсе, дереу кіріседі.
Роза Әлбатырқызы кү­лім­деп отырып  «Менікі  ұл­тымның ұлы өнері жоғалмаса екен деген ой. Әйтпесе, той-тома­лақтың төрінде басқа кем­­пірлер сияқты жүрмеймін бе?» дейді.
Иә... Бойда қуат барда халқымның қамы деп еңбек еткен анаға қалай разы болмайсың?!

Сырдария ауданы.
Дәулет ҚЫРДАН,
15 сәуір 2020 ж. 447 0