Патриоттық сайыс
Республика күні мерекесіне орай аудандағы этнос оқушылары арасында байқау өтті. Жасөспірімдерді Отанды сүюге, рәміздерді құрметтеуге үйрету мақсатында ұйымдастырылған сайысқа 3-8 сынып оқушылары қатысты.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткен байқауға 13 оқушы қатысты. Байқау талаптарына сай сайыс аудандағы этнос оқушылары арасында өтті. Оқушылар ұлттық мереке қарсаңында патриоттық ән мен мәнерлеп оқу бойынша сайысқа түсті. Олар белгілі қазақ ақындарының ел мен жерге, Отанға байланысты өлеңдерін мәнерлеп әрі жатқа оқыды.
– Сайыстың мақсаты – оқушыларды, оның ішінде негізгі бағытқа сәйкес аудандағы өзге этнос өкілдерін патриоттыққа тәрбиелеу, олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, өз елінің нағыз ұланы болып өсуге ықпал ету. Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздермен таныстырып, оны құрметтеуге үндеу. Бүгінгі сайысқа қатысушылардың барлығы арнайы марапат пен алғыс хатқа ие болмақ, – деді «Қоғамдық келісім» КММ Сырдария аудандық бөлімшесінің сарапшысы Нұр Мақсұт.
Қазылар алқасының шешімімен сайыс қорытындысына сәйкес үш оқушы жеңімпаздар тұғырынан көрінді. Жүлделі І орынды Шаған ауылдық №37 мектеп-лицейден келген Ахмад Жунитов жеңіп алды. Ал ІІ орын кент орталығындағы №36 мектеп-лицей оқушысы Дильяра Федотоваға бұйырды. ІІІ орын №36 мектеп-лицей атынан қатысқан Риана Супияноваға бұйырды. Жеңімпаздар мен қатысушылар облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесінің дипломдарымен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Негізінен, аудандағы «Достық» үйі, «Қоғамдық келісім» КММ аудандық бөлімшесінің қоғамдағы атқарар орны орасан. Аталған бөлімше аудандағы өзге ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, ұлттық құндылықтарды насихаттау жолында жұмыс жасайды. Осы ретте мамандар алдағы уақытта ауқымы кең, мәні мен мазмұны келіскен іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырады деген сенімдеміз.
«Тт ақпарат»