Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпбалалы ана болу – нағыз ерлік

Көпбалалы ана болу – нағыз ерлік

Әйел баласы қанша­лықты нәзік болса, соншалықты мықты ғой, шіркін! Нәзіктің нәзігі де, сұлудың сұлуы да, күштінің күштісі де – әйел-ана. Жақында ауданда мәні мен маңызы зор іс-шара өткізіліп, зейнеткерлікке шық­қан ардагерлерге, көпбалалы анаға, енді отау құрған жас отбасыларға арнайы куәліктерін марапатты түрде табыстаған еді. Осы жиында небәрі 34 жасында жеті баланың анасы атанған Мереке Аяповаға біздің де назарымыз ерекше ауып тұрды. Жас келіншектің ұрпақ өрбітіп, демо­графиямыздың өркендеуіне қосқан үлесі нағыз құрметке лайық деп білеміз.

Кейін Мерекемен арнайы байланыс орнатып, сұхбат құрдық. Жастар мен жас отбасыларға үлгі етіп, жас анаға құрмет көрсету мақсатында баспа бетіне арнайы мақала жариялауды жөн санадық.

Мереке – 1989 жылдың тумасы. Қоғалыкөл ауылдық округінде дүние есігін ашыпты. Мектеп қабырғасын тәмамдаған ол оқу оқып, кейін 2009 жылы тұрмысқа шыққан. «Қыз мұраты – кету» демекші, бойжеткен жиырма жасында жаңа шаңырақтың, өз отауының түтінін түтетіп, Айдарлы ауылына, көкмұрын қыпшақ еліне келін болып түскен. Жолдасы Ербол Бегалиев – өзі де көпбалалы отбасынан шыққан жан, әулеттегі тоғыз баланың үшіншісі. Ал Мереке өз үйіндегі төрт баланың екіншісі екенін айта кетейік. Мереке келін болып түскен кезде қызық бір оқиға болыпты. «Келіннің – аяғынан», «Қос тойың қатар болсын» дегендей, Мереке үлкен әулетке келін болып түскен күні енесі Әлима Ақжігітова «Алтын алқасын» алған екен. Табалдырықты жаңа аттаған келіннің мойнына «Алтын алқаны» тағып, ырым еткен ана «Сен де мендей көпбалалы ана бол, менің жолымды берсін» деп бата беріпті. «Батаменен ел көгерер» деген осы болса керек. Ал қазақтың салты мен дәстүрі, ырымы мен жоралғысы қандай киелі дүние екеніне осындайда тағы бір көз жеткізе түсесің.

Ақ батамен, ақ ниетпен босаға аттаған Мереке осылайша көпбалалы ана атанып, өзі де 2021 жылы «Алтын алқаға» қол жеткізген. Қарап тұрсаңыз, қызық әрі таң қалмасқа болмайды. Бүгінде шаңырақты шаттыққа бөлеген бөбектердің қызығына тоймай жүрген жандар әр баланы Алланың берген үлкен сыйы деп біледі. Иә, бала тәрбиелеу, өсіріп, баптау оңай шаруа емес. Үй шаруасына да, келімді-кетімді қонағының көңілін табуға да үлгеріп жүретін жан-жақты келіншек жолдасы Ерболдың нағыз мейірбан әке екенін айтады.

– Әкеміз – біздің тірегіміз. Арамызда жас алшақтығы бар. Ол кісі менен он төрт жасқа үлкен. Десек те, жаста тұрған ештеңе жоқ. Себебі, ең бас­тысы сыйластық пен түсіністік. Отба­сына үнемі көңіл бө­ліп, балаларымызды еркелетіп, еш­кімнен кем қыл­май өсіріп келеді. Ба­ла тәрбиесіне бір­дей жауаптымыз. Бе­­реке­лі отбасының сы­ры – өзара түсіністік пен сыйластықта, – дей­ді Мереке Аяпова.

Айтпақшы, Мереке бір әулеттің отын маздатып отырған ақылды келін ғана емес, ауылда өткен сайыстарға да белсене қатысып, қоғамдық жұмыс­тарға араласып жүреді. 2015 жылы халықаралық әйелдер күні қарсаңында ауылда «Ене мен келін» байқауы өтіп, осы конкурсқа екінші анасы екеуі тыңғылықты дайындалып, жүлделі 1-орынды жеңіп алған. Биыл ұйымдастырылған көше жарысында да өзінің ептілігімен көзге түсіп, 3-орынды қанжығалапты. Отбасы, ошақ қасында түтінін түзу түтетіп, онымен қатар қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытатын, «қазақ қызы», «инабатты келін» деген атқа лайық осындай келіншектер кейінгі буынға үлгі етуге тұрарлық. Ардақты ана атанып, аяулы жар статусын да биік ұстап жүрген әйелдің мықтылығы бұл.

Сәби үнімен шаттыққа бөленіп, кішкентайдың күлкісі үзілмеген от­басының үлкен қызы – Инабат­ есімді сұлу. Ол би үйірмесіне қатысып, талай бәйгеде бақ сынап келеді. Одан кейін Ақбота есімді өжет қыз 6-сыныпта оқиды, оқу үздігі. Кейінгісі – Ұлдана 4-сынып оқушысы. Ал Айғаным 2-сыныпта оқиды. Еңлік есімді нәзік әрі сұлу қыз биылдан бастап даярлық сыныбына барып жүр. Шаңырақты шаттыққа бөлеген қайсар ұлдың есімі – Шаһмардан. Ол ауылдағы балалар бақшасында тәрбиеленуде. Үйдің әзірге кенжесі Айкөркем қырқынан енді шығады. Осы балаларды дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөлген ардақты жан бала тәрбиесімен үйде отырғанымен әркез дамуды, жан-жақты болуды қалайды. Қолы қалт етсе тәтті торт пен дәмді астың түр-түрін пісіріп, отбасы мүшелерін қуантып жүреді.

Осындай өсіп-өркендеп келе жатқан отбасыларды көргенде кейінгі буын, әрине, қызыға қарайды. Тамырын тереңге жайған бәйтеректей саялы баққа айналып келе жатқан отбасының шаңырақ құрғанына келер жылы 15 жыл толмақ. Алла жазса, алтын той мен гауһар тойда ұрпақтың қызығына кенелсін деп тілейміз. Шаңырағы сәби үнімен күмбірлеп, ата-ананың сыйластығымен жарасқан отбасыға қарап «Тіл-көзден сақтасын» дегің келіп тұрады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
17 қазан 2023 ж. 188 0