Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аула тазармай, аудан тазармайды

Аула тазармай, аудан тазармайды

Қай мемлекет болсын, жаңашылдыққа, әркез алда болуға ұмтылады. Дамудың даңғыл жолына түсіп, өзге мемлекеттерден көш ілгері тұруды құп көреді. Бұл мәселеде елдің ғылымы мен білімі, саясаты мен экономикасы басты тақырып ретінде қозғалады. Сол секілді елдің экологиялық хал-ахуалы да маңызды. Бір бүтін сөзді әріптер құрайтыны сияқты үлкен мемлекетті қалалар, қаланы шағын аудандар мен ауылдар құрайды. Сондықтан да кентімізді көркейту ең алдымен елді мекеннің көркейе түсуіне ықпал етсе, екіншіден, тазалық – саулықтың кепілі екенін тағы бір мәрте айтып өткіміз келеді. Ал дені сау ұрпақ – ел ертеңі екені айтпаса да түсінікті.

Күзгі тазалық айлығы басталғанына бір айдан астам уақыт өтті. Бірақ әр апта сайын сенбілікке шыққанда көретініміз бір көрініс. Неге? Себебі, тұрмыс болған соң, қоқыс шығатыны анық. Бірақ тазалық мәдениеті сақталмай жүргені көңілді қынжылтады. Әр үйден шыққан қоқыс жәшігінің айналасында шашылып жататын болса, есік алды, аулада жапырақ, түрлі қағаздар шашылып жататын болса, бұл ең алдымен көше көркін кемітіп, онымен қоймай тұрғындардың денсаулығына зиян келтіреді. Себебі қоқыстан түрлі бактериялар, ауру тудырғыш вирустар өніп шығады.

Тазалық жайы, әр аптаның сенбі күні өткен сенбілік туралы аудандық газетте, әлеуметтік желіде де жарыса ақпараттандырып жатырмыз. Газеттің алдыңғы №79 нөмерінде тілші Б.Жанәлінің «Аула тазалығы сын көтермейді» тақырыбындағы сын-мақаласы басылған еді. Автор ауданның басты көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің көше жақ беті жаңарғанмен, аула жақ беті қоқыстан көрінбей, «сырты бүтін, іші түтін» болып жатқанын оқырманға тігісін жатқыза жеткізген. Былайынша қарап тұрсаң, «үйді тазала» деп кішкентай балаға үйреткендей аула тазалығы үшін бір бүтін отбасыларға сын-ескертпе жасау ұят-ақ екен. Тазалық үйретіп, міндеттеп жасататын жұмыс емес. Әркім өзі үшін, болашағы үшін айналасына бір сәт көз жүгіртіп қарауға міндетті.

Аудандық редакция ұжымы бұл жолы да қалам-қағаздарының орнына кетпен-күрегін алып А.Иманов көшесінің бойындағы редакция­мен көршілес тұрғын үйлердің шөбін шауып, қоқысын тазарту жұмыстарын жүргізді. Одан кейін мекеме айналасындағы қураған жапырақ пен қоқысты тазалап шықты. Сенбі демалыс күнінің екі-үш сағатын тазалыққа арнадық, есесіне, өзіміз жеңілдеп қалғандай, жақсы көңіл-күймен тарқастық.

Қазір әлеуметтік желі жақсы жолға қойылған. Елдегі кез келген мәселені ғаламтор желісінен оқып-біліп, пікір қалдыруға болады. Осы ретте қоғамдағы, мемлекеттегі аса бір маңызды мәселе сөз етілгенде, түрлі пікір қалдырып, сынап-мінеп отыратын адамдар бар. Ал олардың ауласы, үй-жайы қандай жағдайда екені тіпті белгісіз. Әрине, сын жазу үшін кісі өзін жөндеп келмегені анық. Әлеуметтік желіде түрлі пікір жазып отырғандар ең алдымен «мен қоғамға не істеп пайда келтіріп жатырмын» деп ойланса игі.

Абай Құнанбайұлы айтқандай, адам өз-өзіне есеп беріп отыруы керек. «Ауызбен орақ орғанның белі ауырмайды» демекші, әрекетті әркім өзінен, өзінің ауласынан бастауы абзал. Қоғамға пайдалы болғымыз келсе, оны тазалықтан бастайық. Себебі, аула тазармай, аудан тазармайды. Ал ауданның тазалығын сақтау мен қалыптастыруға үлкен де, кіші де міндетті. Өмір сүру мәдениетіміздің көрсеткіші болып табылатын тазалыққа мән беретін кезең келді. Ендеше күздің салқыны түсемін дегенше аптаның бір күнін ауламыздың тазалығына арнағанымыз дұрыс-ақ.

«Тт» ақпарат
10 қазан 2023 ж. 153 0