Тазалықты табалдырықтан бастайық
Халық даналығында «Сана тазармай – аула тазармайды!», «Тазалық – мәдениеттіліктің өлшемі», «Тазалық – иманның жартысы» деген жақсы сөз бар. Бірақ сол сөзді түсініп, айналаға зер салып, ауласына, көшесіне қарап отырған жан қазір кемде-кем.
Аудандағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері Тереңөзек кенті мен ауылдық елді мекендерге тазалық жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Өткен сенбіде, әдеттегідей, аудан орталығы мен ауылдарда «Birge: Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары жүргізілді. Акцияның мақсаты – қоғамның тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту, табиғатты аялау, тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастыру. Акция барысында мекеме алаңдары, орталық көшелер күл-қоқыстан тазартылды. Қураған ағаштар кесіліп, арам-шөптер жұлынып, пластик және тағы да басқа тасталған қоқыстар жиналып, өртелді. Аймақтарда өткізілген акцияға барлық қызметкер атсалысып, өз үлестерін қосты.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап «Birge - taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында санитарлық тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әр аптаның сенбісінде атқарылып келе жатқан бұл игі істің арқасында ауданымыз жасарып, жаңарып, жаңа келбетке ене бастады. Жұмыс жүйелі, тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дегенмен, Тереңөзек кентінің танымал көшелерінің бірінде жасалған тазалық жұмыстарында көргеніміз көңілге қаяу түсіріп, бұл көшеде тұрғындар тұрмай ма деген ойға қалдық.
Сананы түзеп, туған жерімізге, туған үйіміздің айналасына үлкен мән берсек. Қазағымыз – құдандалы, жекжатты, туған-туысымен қарым-қатынасы үзілмеген, ошағынан қазаны түспеген халық. Ұят, ар, намыс деген қасиеттерден арылмай, барынша көшемізге жанашырлық танытсақ екен.
Әркім тазалықты өз табалдырығынан бастаса игі. Тұрғындардан аула мен көшеге жанашырлық танытып, бір мезгіл айналаны тазалауға ықпал жасауларын сұраймыз.
Шөлмекті дос қылмай, еңбекті дос қылып, иманның жартысына айналған тазалығымызды сақтауға шақырамыз. Кентті таза ұстау ең алдымен әрбір жеке тұрғынның жауапкершілігінде екенін естен шығармаған абзал.
Ауданымыздың тазалығы биліктің ғана қолында емес, халықтың да құзырында. Қазіргі таңда көше-көшенің ластануы – тұрғындардың қолмен жасаған әрекетінің нәтижесі. Көшелерде арнайы қоқыс жәшігі бар. Оңды-солды шашылған қағаз, пластик, целлофан сынды заттар ауаны ластап, экологияға барынша зардап келтіруде.
Тазалық – денсаулық кепілі. Олай болса, тазалықты табалдырықтан, өзіміздің өмір сүріп отырған қоғамнан бастайық.
Сырдария аудандық ішкі саясат бөлімі