Қысқаша тұйықталудан қауіп көп
Қысқаша тұйықталу – электр тізбегіндегі потенциалы әртүрлі нүктелердің мейлінше аз кедергі арқылы өзара электрлік жолмен байланысуы. Бұл өртке аса қауіпті. Сондықтан аудандық төтенше жағдайлар бөлімі электр желілері мен қондырғыларындағы қысқаша тұйықталудан болуы мүмкін өрт оқиғаларының алдын алуға әркез мән беріп, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қысқаша тұйықталу электр қондырғылары изоляцияларының бүлінуінен, тоқ жүретін бөліктерінің бір-бірімен немесе жермен тікелей және өткізгіштер арқылы тиіп жанасудан болады. Тоқтың қуаты тұтынушылардың бір мезгілде қосу желідегі тоқ күшін арттыратыны соншалық, сымдар кәдімгідей қызып, ал оны жайып тұрған оқшаулағыштар жанып кетуі де мүмкін. Тізбектегі тоқ күші мүмкін болатын шамасынан артып кеткенде бірден қысқаша тұйықталу пайда болады.
Қысқаша тұйықталу – өте қауіпті құбылыс. Қысқаша тұйықталу кезінде электр энергиясының қажетсіз жұмсалуымен қатар тоқ көзі де істен шығады. Бұл кезде пайда болатын күшті тоқтар сымдарды қатты қыздыратындықтан – өте қауіпті, олар тез өрт тудыруы мүмкін. Олай болса, тұйық тізбекті құрайтын сымдар тек бір-бірінен ғана емес, сонымен қоса, жерден, яғни қабырғадан, еденнен және тағы басқа заттардан жақсы оқшаулануы қажет. Қысқаша тұйықталу кезінде өртті және тоқ көзінің бүлінуін болдырмау үшін электр тізбегіне балқымалы сақтандырғыштарды қосу керек. Сақтандырғыштардың міндеті-тоқ күші рұқсат етілген шамадан кенет артып кеткенде, бірден электр тізбегін ажыратып жіберу керек. Балқымалы сақтандырғыштар электр құралдарына жатады. Бұлар – электр тоғының тізбегіне тізбектей қосылатын өте жұқа мыс немесе қорғасын сымдар. Тізбек тұйықталған кезде тоқ электр тізбегінің есептелген шамасынан артып кетсе, сақтандырғыштар тізбекті ажыратып, қысқаша тұйықталу қатерін болдырмайды.
Егер электр желісіне бірнеше осындай қондырғыларды бірден қосса, онда ол электрсымдарының шамадан тыс жүктелуіне және қызуына мүмкіндік береді. Оқшаулау тұтанып, от сым арқылы әртүрлі заттарға таралады. Егер дұрыс қолданбаса, өрт тек бір ғана электржылытқыш қондырғысынан (үтік, шәйнек, жылытқыш, т.б.) да пайда болуы мүмкін.
Сондықтан желіге қосылған қондырғыларды қараусыз қалдыруға болмайды және олардың қарауын кішкентай балаларға тапсыруға болмайды. Қондырғыны жанғыш заттардың үстіне қоюға болмайды, сонымен қатар перделер, ағаш қалқа және т.б. оңай жанғыш заттардың қасында қосуға болмайды.
Өрттен келетін қауіпті болдырмау – оның алдын алуында. Яғни электр желілерін қолдану ережесін қатаң сақтап, өрт оқиғасына тосқауыл болайық.
Орын алған төтенше жағдайлар мен оқиғалар кезінде «101», «112» және 21-2-00 телефондарына хабарласуларыңыз сұралады және бөлімде 8(72436)21-4-94 нөмерлі сенім телефоны жұмыс істейді.
Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі