Жазғы демалыстағы жарқын жетістік
Білімге құштар, ізденісті серік еткен талапты оқушылар жазғы демалыста түрлі білім байқауларына қатысып, бос уақыттарын жақсы істерге арнайды. №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Жансая Құрманбаева сондай оқушылардың санатынан. Ол биыл шығармашыл оқушылардың республикалық байқауына қатысып, топ жарды.
Елімізде «Оқуға құштар мектеп» жобасының жүзеге асырылып жатқанына бірнеше жыл болды. Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынып, кейін қоғам тарапынан айрықша қолдауға ие болып, барлық мектептерде түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді және әлі де жалғасып келеді. Осы жоба аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы «Ғажайып кітап еліндегі жазғы оқиғалар» тақырыбында челлендж-байқауын ұйымдастырған. Байқау жазғы тынығу маусымында өткізілді.
Аталған байқаудың ұйымдастырылу барысы жөніндегі хабарландыруды әлеуметтік желіден көріп, қызығушылық танытқан №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Жансая Құрманбаева бос уақытын тиімді пайдаланып, нәтижесінде жақсы жетістікке қол жеткізді. Ол челендж-байқаудың қорытындысында жүлделі І орынды жеңіп алды.
– Байқаудың ережесі мен талаптарын әлеуметтік желіден көрдім. Ата-анама айтып едім, шығармашылық сәттілік тілеп, қатысуыма жол ашты. Сөйтіп, бірнеше кезеңнен тұратын байқауға тыңғылықты дайындықты бастап, ізденіс жұмыстарын жүргіздім. Байқаудың ерекшелігі үш кезеңді қамтыды және әр кезең сайын белгілі бір уақыт аралығы сақталды. Мәселен, біз алғашқы кезеңде Отан туралы өлең жаздық. Өзімнің бұрын өлең жазуға икемім бар еді.
«Отан үшін еңбегімді арнаймын,
Жаудан, жаттан жанымменен қорғаймын.
Қазақстан аспанында шабытпен,
Қуат алып, биіктерге самғаймын.
Кіндік қаным тамған мекен киелім,
Өзіңе әркез басымды мен иемін.
Сырдарияның ұланымын ұлықты,
Отанымды шексіз-шексіз сүйемін» деп тебірендім – дейді озат оқушы.
Ал, екінші кезең «Алаш ардақтылары аңсаған болашақ» тақырыбында видео түсіруге арналған. Бұл кезеңде тереңөзектік өрен ұлт зиялыларының қазақ үшін еткен еңбегі мен төккен терін зерттеп, зерделеп, тамаша туындыны ұсынған.
– Біз бүгін бейбіт елде бақытты өмір сүріп, Тәуелсіздік атты қасиетті құндылықты баянды ету жолында білім алып, еңбек етіп, жетістіктерге жетіп жатсақ, оның түпкі негізінде Алаш арыстарының орасан еңбегі жатыр. Тарихта аты өшпейтін, болашақ ұрпаққа ұлағат болып қалатын Алашорда көсемдерінің, Алаш партиясының, Алаш үкіметінің қажырлы еңбектерін ешкім де, ешқашан да ұмытпақ емес. Алаш зиялылары туралы әлі сырын ашпаған мәліметтерді анықтап, нақтылау – Тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпағының басты парызы болып қала бермек. Бүгінгі Қазақстан Республикасы – Алаш арманының іске асқан көрінісі. Сондықтан мен өз туындымда ұлт зиялыларының еңбегін насихаттауды жөн көрдім. Әрине, бәрін бір видеоға сыйғызу мүмкін емес. Бірақ, ереже талаптарын қатаң сақтап, өз ойымды қарапайым тілде баяндап, видеоны сапалы әзірледім, – дейді Жансая Құрманбаева.
Үшінші кезең байқауға қатысушылар ертегі жазған. Шығармашылыққа жақын, кітапты сүйіп оқитын Жансая бұл жолы «Алтын сағат» тақырыбында ертегі жазыпты. Ертегіні жазуға аудан орталығынан бой көтерген «Алтын сағат» ескерткішінің ашылу салтанаты түрткі болған. Ол түлектердің туған жерге тартуын бала қиялымен әспеттепті. Нәтижесінде байқауға қатысушылардың еңбегін бағалауға арналған комиссияның оң бағасына ие болған. Оқушыға марапат Білім күні қарсаңында келіп, мектеп директоры Айнұр Әлиева салтанатты түрде табыстағанын да айта кеткеніміз жөн.
– Біз озат, белсенді оқушыларымызбен әркез мақтанамыз. Қазір қала мектебі мен ауыл мектебі арасындағы айырмашылық жоқтың қасы. Қаладағы оқушыда бар мүмкіндік аудандағы, ауылдағы оқушыда да бар. Тек жастар ізденіп, жақсы іске ұмтылуы керек. Жансая Русланқызы жазғы демалыс уақытында республикалық байқауға қатысып, І орынды жеңіп алды. Бұл – мектебіміз үшін зор қуаныш. Біз озат оқушының алдағы уақытта да ата-анасының үмітін, ұстаздарының сенімін ақтайтынына сенеміз. Білімнің, өнердің биік шыңдарын бағындырып, бізді қуанта беруіне тілектеспіз, – деді марапаттау салтанатында Айнұр Тоқшылыққызы.
Жоғарыда айтып өткеніміздей республикалық деңгейдегі челлендж-байқаудың басты мақсаты оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру арқылы шығармашылық қырын ашу болып табылады. Айта кету керек, Ж.Құрманбаеваның байқаудағы жетекшісі – №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің кітапханашысы И.Усманова.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ