Білімге құштар жас ғалым
Азат елдің озат оқушылары өз арамызда да бар. Мәселен, Тереңөзек кентіндегі №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып оқушысы Бақдәулет Керейтбаев – білімге құштар, ынталы оқушылардың бірі де бірегейі. Ұстаздар сенімін, ата-ана үмітін ақтап келе жатқан оның екінші аты – Ғалымбек.
Бақдәулеттің анасы, ұстаз Маржан Бекішованың айтуынша, жас өреннің есімін атасы Керейтбай «немерем бақ пен дәулетті білімнен тапқан азамат болсын» деген ниетте қойыпты. «Адамның есімі – жарты ғұмыры» деген тәмсілге сүйенер болсақ, дүниеге келген перзенттің білім мен ғылымға жақындығы әу бастан белгілі болған. Мына бір қызық оқиға соның дәлелі іспетті.
Бүгінде екінші сыныптың озат оқушысы Бақдәулет дүниеге келген жылы анасы магистр ғылыми дәрежесін алу мақсатында диссертация қорғайды. Жас ана қырқынан шықпаған перзентін жөргекке орап, университет қабырғасына бірге алып барады. Қызығы сол, сәби мемлекеттік аттестация комиссияның мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Махамбетжан Қойшыбаевтың назарына түседі. Сәтті қорғалған диссертациядан соң ата-анасының келісімімен филология ғылымдарының кандидаты сәбидің аузына түкіріп, «анасымен бірге диссертация қорғауға келген бала өскенде ғалым болсын» деп бата береді. «Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі – уәли» демекші, сол күнгі ақ тілек пен ақ бата баланың бойын білім нұрымен қуаттандырады. Бақдәулет тілі шыққан кезінен және мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап ақылды, ойы ұшқыр, елгезек болып өсіп келеді.
– Сыныптағы әр оқушыға жеке тұлға ретінде қараймын. Олардың әрбірінің талабы мен таланты бар. Сыныптың белсендісі Бақдәулет – алғыр оқушы. Ол сыныпта және сыныптан тыс уақытта ізденімпаз оқушы ретінде танылып келеді. Жас өрен жақында халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Жас ғалым – 2021» ғылыми жоба байқауының жеңімпазы атанды. Алматы қаласынан І дәрежелі диплом және медаль келгенде және ғылыми жобасы республикалық жинаққа енгенде қуанышымызда шек болмады. Бұл мектептегі білім мен үйдегі тәрбиенің жемісі, – дейді Бақдәулеттің сынып жетекшісі, №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Махаббат Сайымова.
Иә, үйдегі тәлім-тәрбие мектептегі сапалы біліммен ұштасса, оқушылардың болашағы жарқын болмақ. Бақдәулеттің әкесі Ринат Керейтбайұлы – Қорқыт Ата атындағы ҚМУ түлегі. Облыстық №2 арнаулы әлеуметтік орталығында аға бақылаушы қызметін атқаратын ол бала тәрбиесіне жіті көңіл бөледі. Ал анасы Маржан Бекішова жоғарыда атап өткеніміздей, педагогика ғылымдарының магистрі, №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Білімді ұстаз жақында Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған республикалық байқауға қатысып, ғылыми жобасы үздік деп танылды. Енді ол арнайы шақыртумен марапаттау салтанатына қатысу үшін бас қалаға жол тартпақшы. Балаға барлық жақсы қасиет ана сүтімен берілетінін ескерсек, болашақ жас ғалым Бақдәулет анасы секілді білімнің шыңын бағындырып, биік белестерден көрінеді деп сенеміз.
А.СЕЙІЛОВ