Бауырластар зиратында жерленген жауынгер
Аудан айнасы, төл басылым тілшілері әрдайым оқырмандарымен тығыз байланыс орнатып, өз қызметін ашықтық пен жариялылыққа негіздейді. Бұл айнымас қағида сонау ертеден қалыптасып, аудандағы жақсы жаңалықтарды жариялап, ауданның еселі жетістіктерін дер уақытында қалың оқырманға жеткізіп келетіндіктен, дәстүрге айналған ортақ мақсат. Бұл сөзімізге басылым бетінде тұрақты түрде жарияланып келе жатқан тарихи-танымдық мақалалар дәлел бола алады.
Өткен аптаның сәрсенбісінде редакцияға жасы сексеннен асқан оқырманымыз арнайы келді. Қарт ананы көрген бойда ол кісіні бұрыннан білетінімізді айтып, сонау Қызылорда қаласына соңғы он бес жыл көлемінде қоныс аударса да ауданның тыныс-тіршілігінен ажырамағанына тәнті болып, төбеміз көкке жетті.
Есімі ауданға белгілі ардагер Кенжегүл Әбдікәрімова саналы ғұмырын қаржы саласына арнаған жан. Бұл кісі аудандық газеттің тұрақты оқырманы. Соңғы жылдары тіпті басылымның әр нөмірін үзбей оқиды. Қызылорданың тұрғыны осы күні де газеттен қол үзбеген. Ауданның экономикалық дамуы жолында 32 жыл қызметін арнаған байырғы қаржыгер өзінің жақсы жаңалығын дүйім жұртқа газет арқылы жеткізуге асығып келіпті. Қолындағы құжаттарына қарап, сонау майдан даласында із-түссіз жоғалып кеткен әкесінің бауыры Оспан Теміровтің мәңгілік мекен тапқан жері табылғанын қуанышпен айтып, талай жылғы ізденудің зая кетпегеніне шүкіршілік етті.
Шын мәнінде талай боздағынан айрылған қаралы жұрт тым болмаса соғысқа аттанған ерінің, баласының, бауырының мүрдесінің қай жерде қалғанын білмей өмір бойы іздеу салумен өткені белгілі. Сондай азаматтардың қатарында Оспан Теміров те бар болатын. Кенжегүл Әбдікәрімованың әкесі Омардың туған бауыры Оспанның да артынан қара қағаз келген. Артында қалған жұбайы мен жалғыз қызы азаматын жоқтап, бүгінде өмірден өтсе де, жақын туысы Ахметкәрімұлы Марат сан жылдарды артқа тастап, іздеуін тоқтатпайды. Міне, өткен жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бас штабы бастығының бірінші орынбасары А.Жүсіповтен хат келіп, онда Ұлы Отан соғысына қатысушы Оспан Теміров туралы мәлімет ұсыну жөніндегі өтініштің қаралғаны айтылады. Хатта генерал-майор А.Жүсіпов: «Отан үшін от кешіп, қасық қаны қалғанша елін, жерін қорғаған ерлеріміздің есімін ұлықтап, туысыңыздың ерлігі туралы естелікті сақтап, кейінгі ұрпаққа үлгі етуге бағытталған ниетіңізге тәнтіміз» деп, қажетті мәліметті Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатында сақталатыны және арнайы ресми сайттарда таралған деректер қоры бар екендігін, сұрау салуға болатынын айтады.
– Жоғалғаныңды іздеп табу қандай қуаныш екенін төгілген көз жасымыздан білуге болады. Бауырым Марат із түссіз кеткен деген Оспан көкеміздің қайда жерленгенін ресми сайт арқылы іздеп тапты. Орловка деген ауылда Украинаның жері болуы керек, сондағы бауырластар зиратында жерленген және жауынгер 24 сәуірде 1944 жылы қаза тапқан деген мәлімет келтірілген. Енді қаншама жерден ол жаққа барып, туған жердің топырағын салу бізге бұйыра ма, бұйырмай ма кім білсін. Дегенмен жат жерде жанын пида еткен бауырымыздың сүйегі нақты қай жерде екенін білгеніміздің өзіне қатты қуандық, – деп Кенжегүл апамыздың көзінен қуаныштың жасы ытқып кетті.
Шежірелі тарихтың сарғайған парақтарын ойша ақтарған ардақты ана арғы аталары Сейітқожадан тарайтын Әмір Темір Ишан екенін айтады. Үлкен атадан Әбдікәрім, Әли, Жүсіп, Омар, Оспан және Патима есімді бір қыз туады. Кенжегүл апаның әкесі Омар ескіше сауатты, діндар болса керек. Омарды әкесі 10 жасында Көкілташ медресесіне беріп оқытады. Қатарының алды болған Омар анасынан 5 жасында қалғандықтан әкесінің жолымен жүреді. Медреседе оқитын балалардың ең кішісі болса керек, оқуда зерек болған Омар талай ескі кітаптарды оқып тауысады. Ел асқан әкесі Омар баласына дұға оқып, тұмар дайындап, оны өмір бойы өзімен бірге алып жүруін тапсырады. Міне, сол өсиетті орындағандықтан болар, Ұлы Отан соғысына аттанған Омар дін аман, бір оқ тимей, 1946 жылы туған елге оралады. Бұрынғының саясаты көзі ашық көкірегі ояу азаматтарға салқынын тигізгені белгілі. Сондай қауіптен сақтанып, Омар жалғыз қызын Кенжегүлді ағасы Әбдікәрімнің атына жазғызады. Мұндағы бар ойы «озбырлықтың тырнағына ілініп кетсем, жалғызым зиян көрмесін» деген ниеттен болса керек.
Міне, әкеден қалған Кенжегүл мен жалғыз ұлы Ераж ер жетіп, халыққа қалтқысыз қызмет етеді. Қызы – қаржыгер, ұлы – дәрігер болып, елдің құрметіне бөленеді.
– Менің әкем соғысқа дейін анам Күлшімге үйленген. Әкем әскерге кеткеннен кейін сегіз күннен соң дүниеге келіппін. 1942 жылы. Қазалыдағы совхоз-техникумда оқып, соғыстан кейін ұзақ жыл колхозда есепші болған әкем үнемі бауыры Оспан жайлы айтатын. Өзімен тетелес інісі 1913 жылы қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келіп, ауылда оқығанын және соғысқа кету үшін өзінің жасына екі жас қосып жазғызғанын айтып, 1941 жылы Тереңөзек аудандық коммисариаты арқылы әскерге аттанғанын, 76-шы артиллериялық дивизион құрамында соғысқа қатысқанын білетін. Өкінішке орай қара қағаз келгенде артында қалған жары Санжан мен қызы Күләшқа оңай болмағанын айтып отыратын. Әкеме өз әкесінен дарыған қасиеті де ерекше болды. Атам Әмір-Темір көріпкел, қасиетті кісі болса, әкем де арабша оқығандықтан, өте керемет діндар еді. Маған өз қолымен жазып берген дұғасын көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Одан бөлек атамнан қалған бір сандық ескіше кітап бар болатын. Сол кітаптарды аудандағы музейге де тапсырдым. Қазір қолымда әкемнен қалған аманаты – Құран Кәрім мен дұға кітабы бар, сақтаулы. Сол қос кітапты талай мәрте ғалымдарға да оқыттым, онда жазылған дұғалардың қасиетін түсіндім. Енді міне, осы күнге дейін талай төтеннен келген қауіптен, кеселден аман қалуым осы дұғалардың арқасы деп білемін, – деп, Кенжегүл апа өзімен бірге жасап келе жатқан, орамалға түйілген көне жазба тұмарды алақанына салып көрсетті.
Айтса айтқандай тасқа басқандай түп түзу әріптермен тізілген жазба төте жазу секілді. Оны өмір бойы жан қалтасына салып сақтап жүрген Кенжегүл апа оны тұмарындай көруі әке аманатына адалдығы.
Жоғарыда айтып өткеніміздей Әмір-Темір Ишан қасиеті бөлек, діндар адам болған. Осы кісіден тараған 5 ұлдың ішіндегі Жүсіп – бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Әмір-Темір Хұсейіннің әкесі. Хұсейін аға да бүгінде әкеден жалғыз қалғанымен, жасы 83-ке келіп отырған ардақты азамат.
Дүниеде жоғалғанын тапқаннан асқан қуаныш, бақыт жоқ шығар, сірә? Өмір бойы іздеп, бауырын көрмесе де, жерленген жерін іздеп тауып, бір жасап қалған қарт ананың балаша қуанғанын көріп біз де бір жасап қалдық.
Әрине, қазіргі әлемдегі жағдай туған жердің топырағын зиратына апарып салуға кедергісін келтірері анық. Кім білсін, әйтеуір күндердің күнінде ондай мүмкіндіктің болатынына, әулеттің ұрпақтары ол миссияны орындайтынына сенеміз. Ал ағайынның үлкені болып отырған Кенжегүл апаның арманы туған жерден соғысқа аттанып, шейіт болған бауыры Оспан Әмір-Темірдің атына бір көше берілсе, азаматтың аты өшпей, есімі мәңгі жаңғырар еді.
Бибісара ЖАНӘЛІ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі