Еңбегімен сыйлы отбасы
Күйбең тірлікпен жүріп айналамыздағы кісілердің қалай күн кешіп жатқанын аңғармайтынымыз өкінішті-ақ. Нарық заманы адамдарды өз несібе нәпақасын табуға талпындырғанымен, қазақы қалыпқа сай өзара сыйластық пен қарым-қатынас, туыстық және көршілік тығыз байланыс жасау ұмыт қала бастағандай ма, қалай? Бірде ауылдас жігіт үйінің ауласына кіргенде бір сәт аңтарылып қалғаным бар. Сыртынан жұпыны көрінгенімен үй ауласы мұнтаздай тап-таза. Жайқала өскен бау-бақша, екінші бір шетте маңыраған қой-ешкі, мөңіреген сиырлары, бірлігі жарасқан берекелі шаңырақ екенін анық байқатқандай.
– Аудан көлеміндегі елді мекендерде, тіпті кент орталығында да талай тұрғын үйлер мен басқа да құрылыстарда менің қолтаңбам барын, маңдай теріммен шыққан өнімдермен тұрғызылғаны кеудеме қуаныш ұялатады, – дейді Таңатар Қапанов. Жиырма жылдан астам уақыт тұрғындарға тапсырыс бойынша кесек құюмен айналыстым. Сол қиын кезеңдерде жыл сайын 2-3, кейде 5-6 үйдің кесегін құйған екенбіз. Бейнеті мол кәсіпті осыншама уақыт қалай атқарғанымды өзім де білмеймін. Таңалакеуімнен тұрып лай жатқызып, кесек құйып, қала берді кешкі салқынмен тағы да ертеңгі күнге лай жатқызып дайындау оңай шаруа емес. Қолдарым күлдіреп ісіп, бел ауырып қиналған шақтар да болды. Алайда тапсырыс алған соң оны орындау керек. Ол кезде балалар жас, әйелім, отбасым бәріміз жабылып жұмыс істедік. Соның арқасында өзімізді асырап, бала-шағаны өсіріп-өндірдік.
Бүгінгі таңда аудан орталығындағы бір мекемеде бағбандық жұмыс атқарып жүрген Таңатар 60 жастан асса да еңбек етуден жалыққан емес. Мекеме ауласын көркейтіп-көгалдандыруға айрықша үлес қосып келеді. Қураған талдарды кесіп, орнына жаңа ағаш көшеттерін отырғызады. Арам шөптерден арылтып, уақытылы суғарып, әйтеуір тыным таппайды. Табиғатынан еңбек етуге дағдыланған ол бүгінде 3 баланы өсіріп, тәрбиелеп, олардан 12 немере көріп отыр.
Шаңырақтың берекесі мен базары, ұсынақты істердің ұйытқысы Гүлбаһрам Қожахметова Тәкеңмен бас қосқалы отбасы мүшелерінің ынтымағын арттырып, келелі шаруаларға жұмылдыра білді. Қай кезде де оларға қажетті жағдайларын жасап, отағасы мен балаларының еңбек етуіне игі ықпал етті. Тек қана кесек құюмен шектелмей, қыс мезгілінде қамыс орып, баулап, отын дайындауға, сөйтіп адал еңбекпен нан табуға баулыды. Соның арқасында ел қатарлы еңсе көтеріп, 3 баланы ержеткізіп, үйлендіріп, бүгінде үлгілі ене атанып отырған жан.
Қазіргі тағдырына Гүлбаһрам Беркінбайқызы еш налыған емес. Себебі кезінде колледжде «Бастауыш сыныпқа білім беру» мамандығы бойынша білім алған, содан кейін Қызылорда политехникумының гидромелиорация фаультетін бітірген, ол бұл мамандықтары бойынша қызмет істей алған жоқ. Бәлкім сәті түспеген шығар деп қоя салған. Үш баласының білім алып, қатарларынан кем болмауына күш салған қайран ана өзін ойламады. Қазіргі кезде №131 мектепте қарауыл болып еңбек етеді.
Бүгінде үлкен ұлдары Абзал Қызылорда қаласындағы №253 орта мектепте ұстаз. Қорқыт ата атындағы университеттің «Дене тәрбиесі» факультетін бітіріп қызмет істеп жүр, 4 баланың әкесі. Екінші ұлдары Жанболат та қаладағы «Көркем» қаланы безендіру компаниясында қызмет етеді. Қазіргі таңда 5 баланы тәрбиелеп отыр. Қолындағы ұлы, қарашаңырақтың иесі Бекболат Сырдария аудандық кәсіпкерлік бөлімінде әдіскер болып қызмет атқаруда. Ол «Болашақ» университетінің «Экономика» факультетін бітірген. Ұлдарының бәрі шетінен еңбеккеш, адал да ақжарқын. Ұжымдарында сыйлы да құрметті. Отбастарында ұл-қыздарына үлгі-өнеге көрсетіп жүрген азаматтар.
– Қала мен даладағы немерелер бас қосқанда үй-іші азан-қазан, мәре-сәре болып қаламыз, – дейді отбасының отанасы Гүлбаһрам Беркінбайқызы. Осы кезге дейін көрген бейнетіміз әп-сәтте ұмытылып кеткендей болады. Бәрі де адал еңбектің, ынтымақ-бірліктің арқасы ғой. Ел қатарлы еңсеміз биік, абыройымыз асқақ болғанына шүкірлік етеміз, ендігі арман немере-шөберенің қызығын көру, ғой шіркін?!...
Иә, «Ырыс алды – ынтымақ» деп қазақ атамыз бекер айтпаса керек. Бірлігі мол шаңырақтың ел алдындағы мерейі үстем болатыны айдан анық. Қарапайым ғана қазақ отбасының адал еңбегімен елге сыйлы болып отырғаны қандай ғанибет! Осындай озық отбасының тірлік-тіршілігінен өзге кісілерде үлгі-өнеге алса, қалың қазағымыздың нарық кезеңін де жеңіп шығары даусыз.
Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі