Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданның дамуына айрықша үлес қосқан азамат

Ауданның дамуына айрықша үлес қосқан азамат

Қазақ елінің, оның ішінде қасиетті Сыр өңірінің тағы­лымды тарихында замана жүгі мен ел аманатын арқалап, қоғамның дамуына айрықша үлес қосқан азаматтар аз болмаған. Біз аға буынның абыройлы істерін одан әрі жалғап, бізден кейінгі ұрпақ жаңылмай жүретін жол сала білсек, онда азаматтық парызымыздың орын­далғаны. Ал азаматтық парызын абыроймен атқарып, өтпелі ке­зең­дерде өнегелі ісімен көпшілік құрметіне ие болған Хайрулла Әбеновті Сырдария ауданының дамуына айрықша үлес қосқан азамат деп айтуға болады.

Хайрекең менің еңбек жолымдағы, өмір жо­лымдағы ең сыйлы сырласым, ақылдасатын ағам, тілеуқорым болған әріптес серігім еді. Адал ең­бегімен, ағалық ақыл-кеңесімен, үлкендік әділ сөзімен ауданымыздың қадірлі қариясы болды. Ол кісі біз үшін барлық құрметке лайықты болатын. Ардақты ардагерді еске алып, естелік жазамыз деп ойладық па? Бәрі күні кеше болғандай есімде, жадымда жаңғырып тұр. Біз ауданның даму жолында қатар жүріп еңбек етіп, бір жа­ғадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе жұ­мыс істеген едік. Ол еңбегіміз қиындық пен ауыртпашылыққа толы болса да, жемісті де же­ңісті болды.

Мен Сырдария ауданын басқарған кезең елімізде түрлі сая­си реформалардың қолға алынып, жүзеге асуының басталуымен есте қалды. Мемлекет басшысы мен Үкімет жетекшісі облыс, аудан әкімдеріне көптеген міндеттер жүк­теді. Ол кезде бюджеттің мүмкіндігі бүгінгі күн­дегімен салыстырғанда шамамен елу есе аз болатын. Балабақшалар жабылып, мектептердің де материалдық жағдайы төмендеді. Әлеуметтік нысандардың жабылудың алдында тұруы, жағ­дайдың нашарлауы бізге үлкен жүк болды. Әсі­ресе, қыс айларында мұнайшыларды жағалап, инвесторлармен түрлі келіссөздер жүргізетін едік. Міне, осындай істерді нәтижелі аяқтау үшін алдымызға Хайрекеңдей ардагер ағамызды салып, сол кісінің ағалық ақыл-кеңесі мен пайым-парасатына сүйенетінбіз. Ол кісі сөз бастаса, сүбелі де салмақты сөздермен ұсыныстарды ұтым­ды жеткізетін. Сөзі дуалы ақсақалдың атынан айтылған бірде-бір ұсыныс жерде қалған емес. Соның негізінде біз күрделі мәселелерді оң­тайлы шешіп, аға буынның өмірлік мол тәжіри­бесінің арқасында сындарлы кезеңдерді аман-есен, абыроймен өткердік.

Қазір Сырдарияда көзі тірі бір ғана Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 2004 жылы май­дангерлердің саны шамамен отыздан астам еді. Олардың бәріне көңіл бөлу, құрмет көрсету, өтініштерін орындау – әкімдік пен ардагерлер кеңесінің міндетті жұмысы еді. Сол жұмыстардың бәрінде де Хайрекең ерекше белсенділікпен еңбек етіп, өз үлесін қосты. Ұлы Отан соғының ардагерлері ол кісіні туған інісіндей көріп, арқа сүйеп, өтініш-тілектерін бірінші сол кісіге айтатын. Ерекшелігі сол, Хайрекең әр ардагердің туған күнін, мерейлі тойларын және отбасыларындағы басқа да жағдайларды ескеріп, бізге хабарлап, кө­ңіл бөліп, арадағы құрмет пен сыйластықтың орнауына жағдай жасайтын. Біз ардагер ағамыздың аза­маттық белсенділігіне шексіз риза болып, алғаусыз алғысымызды білдіретін едік. Ол кісі өзінің абыройынан гөрі өзгенің абыройын көбірек ойлайтын, өзгенің қамына, жағдайына көп алаңдайтын мемлекетшіл тұл­ға болды. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен бөлек, Чер­нобыль, Ауған соғысының мүгедектеріне, олардың же­сірлеріне, зағиптарға да қолдау көрсетуге Х.Әбенов көп еңбек сіңірді. Біз қандай да бір әлеуметтік қолдау жұмыстарын ұйымдастырсақ, оны Хайрекеңмен бірлесе іске асырдық.

Ардагер ағамыз аудандағы бірқатар мекеменің жа­ңаруына, жаңғыртылуына да атсалысты. Мәселен, бұ­рынғы баспахана ғи­ма­ратын жаңғырту кезінде Хайрекең әуез мектебіне айналдыру идеясын қолдады. Кейіннен аудандық редакцияға арнап бөлек ғимарат салынды. Сол ғимараттың ашылуына бізбен бірге қа­тысып, қаламгерлерге ақ тілегін арнап, жақсы істің басы-қасынан табылды. Бірнеше тозған, істен шыққан объектілерді жөндеп, басқа мекемелердің жұмысына бе­йімдегенімізде де өз ұсыныстарын білдірді және оның басым бөлігі жүзеге асты.

Су тасқаны – Сырдария ауданы үшін басты мәселе. Аудан талай қатерлі, қиын сәттермен бетпе-бет келді. Мұндай қиын­дық тек қаржылық қолдаумен шешіледі деген орынсыз болар, мұндайда азаматтардың ұйысуы, бірлігі, ынтымағы аудай қажет. Ал сол азаматтарды бір­лікке үндеп, қиын сәтте азамат­тық қолдау көрсетуге бастамашы болған Хайрекеңнің еңбегін ешқашан ұмыт­паймыз. Күні-түні бізбен бірге жүріп, ел үшін алаң­дап, елді сабырлыққа шақырып, үлкендік көрсетуі нағыз патриоттық, тәрбиелік мәні зор істер. Ал ауданға кел­ген Үкіметтік делегацияны, облыс әкімдерін күтіп алып, шығарып салу, аудан дамуынан ақпарат ұсыну, кейбір өзекті мәселелерді ардагерлер атынан жеткізу се­кілді жұмыстарда Хайрекең бірінші кезекте өз үлесін қос­ты. Талай мәселенің оңтайлы реттелуіне атсалыс­ты.

Дана бабаларымыз айтқандай, әр азаматтың қонар бақыты – бірлікте, байлығы – терең еңбекте. Абай «Өл­се өлер табиғат, адам өлмес» деп бекер айтпаған. Бұл өмірі адал еңбекпен өріліп, қоғам дамуына ерекше атсалысқан азаматтардың есімі мәңгілік сақталатынын білдіреді. Осы орайда Х.Әбеновтің есімі аудан тарихында мәңгілікке сақталады. Кітап шығарып, естеліктер жинақтап, жақсы істі үйлестіріп жатқан азаматтардың еңбегі бүгініміз үшін де, ертеңіміз үшін де маңызды. Сырдария ауданының дамуына айрықша үлес қосқан ардақты азамат Хайрулла Әбенов туралы жазылған «Ел ағасы – Хайрулла» атты кітап ауданның тарихы үшін, тұлғатану ілімі үшін өзекті. Кітапта менен өзге де азаматтар Хайрекеңнің еңбегін, қызметін қамтып, естелік жазды деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, ол кісі біздің жүрегіміздің төрінде, біздің барлық жақ­сы сөздерімізге лайықты. Жатқан жері жайлы, топы­рағы торқа болсын! Ұлағатты істерін жалғастырар ұрпақ­тарына амандық тілеймін!

Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,
қоғам қайраткері,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»,
Сырдария ауданының
2004-2008 жылғы әкімі

13 қыркүйек 2022 ж. 517 0