Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен өткен өмір

Еңбекпен өткен өмір

Біздің алдымыздағы аға ұрпақ бастары қосыла қалса, «Хә­лімізді сұрап, басымыздан сипайтын үлкендер қалмай бара жатыр» деп айтып отыратын, соған біз онша мән бермейтін едік. Енді уақыт өте келе, осы жағдай біздің басымызға да келді. Бізді көргенде: «Қарағым, аман жүрсің бе?» деп сұрайтын аға-апалар азайып барады. Сондай арқа сүйейтін асқар тау ағаларымыздың бірі – Хайрулла Әбенов еді. Бұл кісі дүниеден өткелі біршама уақыт өтсе де, әлі күнге жақсы жанды іздеумен келеміз.

Хайрулла Әбенов 1937 жылы 10 маусымда Терең­өзек қыс­тағында дүние­ге келді. 1955 жылы аудан орталығындағы бұрын­ғы М.И.Ка­линин атын­­дағы (қазіргі Иса Тоқтыбаев) №35 мектепті бітір­геннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педаго­гикалық институтта білім алды. Сол кездегі талап бойынша оқу орнын бітірушіге жолдама берілетін, сол бойынша еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ау­данындағы Ғ.Мұратбаев кеңша­рындағы орта мектепте мұға­­лім­дік қызметтен бастады. 1962-1967 жыл­дары Тереңөзек ауда­ны­ның қазіргі Қалжан ахун ауылындағы №126 мектепте оқыту­шы болып орналасып, бірнеше жыл ауданның білім беру саласында жемісті еңбек етті. Мектептегі ұстаздық қыз­ме­тін­де шәкірттерге білім, тәрбие беру, басқа да қоғамдық жұмыс­тарды жауапкершілікпен атқарудағы еңбегімен көзге түсіп, аудандық партия комитетінде 1967-1970 жылдары жауапты қыз­­меттер атқарды. Аудандық партия комитетінде қызмет атқара жүріп, ау­данның қоғамдық-саяси өміріне араласып, басшы­лық қызметтің қыр-сырын меңгерді, саяси білім деңгейін көтерді, аудан активімен етене араласты. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, білікті басшы Қонысбек Қазантаевтың мектебінен өтті. Соның нәтижесінде бұрын­ғы Тереңөзек ауданының Ильич атындағы (қазіргі Ақжарма) іргелі елді мекеннің шаруашылығының партия комитетінің хатшысы қызметіне жіберілді.

Ардақты азамат бұл қызметті 1970 жылдан 1985 жылға дейін абыроймен атқарды. Ақжарма кең­шары бұрынғы Тереңөзек ауданындағы ор­на­ласқан жері, ішкі шаруашылық каналдары, инженерлік жүйеге келтіріліп, тегістелген ауыс­палы егістігі, көлдері, шабындығы, жайылым­дығы егін, мал шаруашылығына өте қолайлы ел болатын. Хайрулла Әбенов бірінші күннен бастап осы жұмыстардың бәріне етене араласып, шаруашылық басшыларымен, мамандармен, ауыл ақсақалдарымен, бюджеттік мекемелердің ұжымдарымен етене араласып, елді мекеннің қат-қабат ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында болды. Мен өнегелі өмір иесін осы Ақжарма кеңшарында партком хатшысы болып қызмет атқарған кезден бастап білдім. Хайрекең барыншы сабырлы, мәдениетті, білімді, саяси сауатты, әрбір сөзін ойланып айтатын, әрбір ісін жеті өлшеп, бір пішетін, қабылдаған шешімінің орындалуын жіті бақылайтын кісі болатын. Мен ол кезде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болатынмын, комсомол-жастар жұмыстарына байланысты Хайрекеңмен жиі хабарласып, шаруа­­­шылыққа барып тұратынмын. Хайрулла Әбенов комсомол-жастар жұмысына партиялық басшылық жасап, жастардың ең­бекке араласуына, спортпен айналысуына, саламатты өмір салтын ұстануына ықпал ететін. Ақжарма шаруашылығында партком хат­­­­­­шысы болған 1970-1985 жылдары әлеуметтік-экономикалық көр­­сет­­­­­­­кіштерден, мәдени, рухани дамудан, тұрғындардың тұрмыс жағ­­­да­йының жақсаруы жөнінен ауданда, облыста алдыңғы қатарда болды. Ардақты азамат бұрынғы Ильич кеңшарына (қазіргі Ақжарма ауылы) директор болған ауылшаруашылығының ірі ұйым­­­­­дастырушылары, белгілі тұлғалар «Ленин» орденді Шамахан Құндызбаев, «Еңбек Қызыл Ту» орденді Нұрылла Нақыпов, бөлімше басшылары Болат Нұрсейітов, Сейдалы Қожахметов, басқа да ауыл азаматтарымен бірге жұмыс жасап, елдің өзекті мәсе­­­­­­­­­лелерін сыйластықпен, түсіністікпен шешіп отырды. Х.Әбенов осы елдің егін, мал шаруашылығындағы көптеген еңбек май­­­­­­тал­­­­­мандарының еңбе­гінің еленуіне, наградамен марапаталуына ықпал етті. Солардың ішінде аттары аңыз болған қос «Ленин» орденді Тұрсын, Дәмеш Балапановтар, СССР жоғарғы Кеңесіне депутат болған Нәзира Сисенова, «Ленин» орденді, СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері Абат Сүлейменов, орденді күрішшілер Айтжан Маш­­­рапова, Балапан Арзымбетова, еңбеккеш сауыншы Сапура Балапановалар бар. Бұл кісінің еңбегін жандырған, үлкен абырой әперген жемісті жылдары осы Ильич атындағы кеңшарда қызмет атқарған кезеңі болды деуге болады.

Тағдыр жолы кітапқа арқау болған Хайрулла Әбенов 1985 жы­лы аудан орталығындағы №10 кәсіптік-техникалық оқу орнында оқытушы болып ауысып, директордың орынбасары болып еңбек етті. Бұл кезде мен аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқаратынмын, тәрбие жұмыстары, жұмысшы кадрлар даяр­лау жөнінде тағы да тығыз байланыста болдық. Хайрекең өзіне тән жауапкершілікпен бұл жұмыста да тынымсыз еңбек етті, тиянақты атқарды.


Зейнетке шыққан соң Хайрулла Әбенов 2006-2021 жылдары аудандық ардагерлер кеңесін басқарды. Ол кісі өзінің жайлы, сырбаз, салмақты мінезімен, өмір көрген тәжірибесімен аудандық атқарушы, өкілетті билік пен аға буын ардагерлер арасындағы алтын көпір бола білді. Әртүрлі салада ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлердің мүмкіндіктерін жас ұрпақты тәрбиелеуге шеберлікпен пайдаланатын. Қазіргі жағдайдағы ауданның қоғамдық-саяси өміріне араласып, кейінгі жас кадрлерге өз ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісіп отыратын. Ардагерлердің тұрмыс жағдайын, демалуын, емделуін, арасында саяхатқа шығуын ұйымдастырып, ықпал етіп отыратын. Аудандағы моральдық-психологиялық ахуал­дың дұрыс болуын, берекесіз, пайдасыз әңгімелердің болмауын қадағалап отыратын.


Хайрулла Әбенов Сырдария ауданын басқар­ған әкімдер Әріп Қожбанов, Ибрагим Әбибуллаев, Сұлтанбек Тәуіпбаев, Ғизат Әбілтай, Ғанибек Қазантаев, Руслан Рүстемов, Талғат Дүйсебаев, Мұрат Ергешбаев­­тармен тіл табысып, сыйластықпен жұмыс істеді.


Кезінде біздің тереңөзектіктердің арманы Сырдария өзе­ніне көпір салу болды ғой. 2011 жылы облыс әкімі Болатбек Қуан­дықов болатын, көпір салу мәселесі тағы да кейінге ысырылып бара жатқан соң, әкімнің халық алдындағы есебі қарсаңында облыстық мәслихаттың сессиясында көпір мәселесін тағы да көтердім, сол жолы облыс әкімі көпірдің құрылысын облыстық мәслихаттың 29 депутатының қатысуымен қолға алуға уәде берді. Сол күні түстен кейін Тереңөзекке келіп, аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаевқа: «Ертең облыс әкімі халық алдында есеп береді, сонда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайрулла Әбенов көпір құрылысы жөнінде ұсыныс жасасын, мұндағы ойым құрылысты бастау жөніндегі шешімді 29 облыстық мәслихаттың депутаты ғана емес, бүкіл облыс халқы естісін» дедім. Аудан әкімі ұсынысты қолдады. Есеп беру жиналысында Хайрулла Әбенов қысқа да нұсқа етіп, нақты дәлелмен ұсыныс жасады, облыс әкімі де көпір салынады деп бүкіл жұртшылық алдында нақты жауап берді. Ол кезде көпірдің техникалық-экономикалық негіздемесі де, жоба-сметалық құжаттары да, сараптама да жоқ болатын, осыдан кейін барып сең қозғалып, 2014 жылы 20 қыркүйек күні көпір пайдалануға берілді. Дуалы ауыздан шыққан бір ауыз сөз осылай шешімін тапты.

Кейінгі жылдары Хайрекең денсаулығым сыр беріп жүр, ардагерлер кеңесіне жастау адам сайлайық деген ұсыныспен шыққанмен бірде-бір әкім ол кісіні босатпады. Бұл ол кісінің аудан үшін маңызды екендігінің, өзінің ойып алған орны бар болғанының дәлелі. Бірақ сұм ажал абыз ақсақалды арамыздан алып тынды, оған дауа жоқ. Ардагерлер кеңесін басқарғанда да мен Хайрекеңмен араласып тұрдым. Не үшін екенін білмеймін, ол кісі мені сыйлайтын, сөзімді тыңдайтын еді. Бірде облыстық ардегерлер кеңесі «облыстың құрметті ардагері» атағына кандидатура сұраса, Хайрекең ескерт­пес­тен менің фамилия­мды беріпті. Есті­геннен кейін мен ол кісіге хабарласып: «Бұлай болмайды, сіз ауданнан беріңіз, мен сізді ұсынамын» дедім. Ол кісі келіскендей болып еді. Кейін байқасам өз дегенінен қайтпапты. Сөйтіп мен алғашқылардың бірі болып, «облыстың құрмет­ті ардагері» атандым.

2021 жылдың тамыз айының аяғында біздің Тереңөзек кентіндегі үйде баланың мектепке баруына байланысты той болды да Хайрекеңді қонақ­қа шақырдым. Асығыс келіп, тағы бір жаққа баруым керек еді деп рұқсат сұрады, көңіл күйі жақсы, пақуатты көрінді. Мен қазақы үрдіспен иығына шапан жауып, бата сұрадым, деніңіз сау болып, әлі де ұзақ өмір сүріңіз дедім. Ол кісі батасын беріп, асығыс кетіп қалды. Көңілімде бір қимастық қалып қойды. Бұл ол кісімен өмірімдегі соңғы кездесуім екен.


Хайрулла Әбеновтің көп жылғы еңбегі баға­ланып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медалімен, бір­неше Құрмет грамоталарымен марапатталды, «Сыр­дария ауданының Құрметті азаматы» атанды.


Хайрулла Әбеновтің абыройлы еңбек етуіне, көпшілік қауымның, дос-жаранның арасында беделді болуына өмірлік сері­гі, бапкері болған Алтын жеңгеміздің үлкен үлесі болды. Өзі де білікті ұстаз, ардақты ана, ақкөңіл, мінезі ашық, мейірімді жан еді. Бізді де сыйлай білетін, «әкім қыз» деп алдымыздан кесе өтпейтін. Алтын жеңгемізбен бірге Хайрекең ұл-қыздар тәрбиелеп, артында үлгілі ұрпақ қалдырды. Соны қанағат тұтамыз. Хайрулла Әбенұлының артында қалған ізі, атқарған ісі өшпейді. Осы кітап сол сөзіміздің бірден-бір дәлелі.


Алмагүл БОЖАНОВА,
«Қызылорда облысының
Құрметті азаматы»,
«Ел ағасы – Хайрулла»
ғұмырбаяндық кітабынан
05 шілде 2022 ж. 736 0