ЕЛДІҢ АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕСІ
«Конституция» латын сөзі. Оның мағынасы «құрылыс» деген ұғымды береді. Яғни өмірдің, тыныс-тіршіліктің, ел-жұрт болып бірігіп мемлекет құрудың негізі.
Тарихи деректер бойынша Конституция алғаш рет Англияда 1679 және 1688 жылдары қабылданған. Құжат ретінде Конституция ең алғаш 1787 жылы АҚШ-та, одан кейін 1791 жылы Франция мен Польшада өмірге келген.
Біздің мемлекетте тұңғыш рет 1924 жылы одан кейін, 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары қабылданғаны белгілі. Қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Дегенмен, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдады. Бұл Конституция кеңестік демократия қағидаларына негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына жауап бере алмады. Онда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру қағидалары, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі жете көрсетілмеген еді. Осындай кемшіліктерге орай 1995 жылы Конституция қайта қабылданды. Жаңа Конституцияның ерекшеліктері заң шығарушы, атқарушы сот билігін белгілеп, олардың құзіретін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді.
Конституция күні – мемлекеттік мереке. Қазір Ата Заң жаңа сипатқа ие болды. Мемлекет президенттік-парламенттік басқару жүйесінде.
Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституцияда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ол елімізде сан алуан идеологиялық, сенімдік, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституцияда бекітілген нормалар Қазақстан Республикасын гүлдендіру мақсатында еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет етулері үшін жағдайлар жасайды.
Конституцияда көрсетілгендей, тұлғаға құрметпен қарау, оның жеке құқықтарын таптамау, сот пен заң алдындағы теңдік, жалпы теңдік қағидалары заманға сай идеологияға айналды. Адамның табиғи құқықтарын үстем қою мемлекет қызметінің негізгі бағыты десек еш қателеспейміз.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ