Нағыз еңбек адамы
Енді бір айды еңсерсек, егін жинау науқаны басталады. Қазіргі аудандағы шаруашылықтар да осының қамын жасауда. Егін оратын, оны бастыратын, тасымалдайтын техникаларды жөндеуден өткізіп, барлығын сайлап алмақ. Мұндайда, яғни техникалардың сақадай сай болуы, науқандық жұмыстарда механизаторларға түсетін жүк ауыр. Осындай жауапкершілікті «Қызылдихан» шаруа қожалығының еңбеккерлері жыл сайын абыроймен атқарып келеді. Олардың қатарында майталман механизатор Серікбол Бекішевтің орны бөлек.
Сәкең – Сағат Бекішев пен Алтынай Шахманның тұңғышы. Әкесі Сағат осы өлкеге белгілі механизатор болды. Ауыл шаруашылығы техникаларын шашып-жинап, шаруашылық жұмысының ілгерілеуіне өзіндік үлес қосқан. Осы салада жанына тұңғышын ертіп жүріп еңбек етті. Соның әсерінен Серікбол бала кезден техникаға жақын болып өсті. Десе де, Сағат Бекішев 2010 жылы өмірден озды.
Анасы Алтынай Шахман ауылдағы мектепте техникалық қызметкер болып жұмыс істеді. Күміс алқа иегері 6 ұл-қызды дүниеге әкеліп, отағасымен бірге олардың өсіп-жетілуін қамтамасыз етті. Бүгінде ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп, ұл-қыздан тараған немерелердің ортасында отыр.
Әке жолын қуған Серікбол ауылдағы мектептен 9 жылдық білім алды. Одан соң аудан орталығындағы бүгінгі Сырдария агро-техникалық колледжде дәнекерлеуші, техника тізгіндеуші мамандығына бойынша іс-тәжірибеден өтті.
– Арнайы мамандықты меңгеріп, өткен ғасырдың соңғы кезеңінде еңбек жолым басталды. «Қызылдихан» совхозына келіп, жұмысшы болдым. Ол кезде шаруашылық жұмысы жанданып келе жатқан. Егін егу, оны жинау секілді науқандық жұмыстарға қатысып жүрдім. Кейіннен механизаторға көмекші болдым. Осы салада мол тәжірибе жинаған соң трактор тізгініне отырдым. Содан бері шаруашылықта тынымсыз еңбек етіп келемін, – дейді Серікбол Сағатұлы.
Ширек ғасырға жуық еңбек өтілі бар Сәкеңді көк тракторсыз елестету қиын. Науқан кезінде күндіз-түні тыным таппайтын механизатор қажырлы еңбегі үшін «Беларусь» техникасының жаңасын да мінген.
– Серікболдың жұмысына ризамын. Әсіресе, науқандық жұмыстарда тыным таппайды. Көктемде тұқым себу жұмысының басынан аяғына дейін жүреді. Егістік жерде трактор секіре береді. Сондайда «Серікболдың бүйрегі жоқ па» деп ойлап қаласың. Өзіне жүктелген жұмыстарды жауапкершілікпен атқарады. Әкесі де осы шаруашылықта жұмыс жасады. Сағаттың да шаруашылықта қолтаңбасы қалған, – дейді «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев.
Шаруашылықтағы атқарып жүрген жұмыстары үшін С.Бекішев марапаттарға лайық болған. Атап айтқанда, аудан әкімінің Алғысымен, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік қыраны», «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.
Жоғарыда айтқандай, егін жинау науқаны басталуға жақын. Бұған дайындықты Сәкең қазірден бастап кеткен. Науқан кезеңінде тасымалда жүріп, қырманды астықпен толтырмақшы. Сондықтан нағыз еңбектің үлгісін Сәкең сияқты майталман механизаторлар көрсетеді.
Е.БЕРКІНБАЕВ