ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды
Тәуелсіздік күні мерекесіне орай облыс орталығында салтанатты шара өтіп, облыс әкімі Г.Әбдіқалықова жұртшылықты мерекемен құттықтады. Бұл іс-шарада егемендік жылдарындағы аймақ жетістігі сараланып, өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген сырбойылықтар марапат тұғырынан көрінді. Олардың ішінде қызылдихандық Қанат Байкенжеев те бар. Ол ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы аймақ басшысы табыс етті.
Қ.Байкенжеев – «Қызылдихан» шаруа қожалығының кәнігі механизаторы. Ол техника тілін сонау бала кезден үйренген. Әкесі Жолдасбек мектепте оқитын Қанатты әркез жанынан қалдырмай, ерте еңбекке баулыған. Трактор тізгіндеген әкесінің қасында жүріп оның техникаға деген әуестігі артады. Сол кезден тракторға отырып, ол өзінің техникаға ептілігін көрсеткен.
Бала кезінде Қанат қайғылы жағдайдың әсерінен сөйлеу және есту қабілетінен айрылған. Десе де ол бұған еш мойымай, шаруашылық жұмысына жастайынан жегіледі. Мектеп бітірісімен-ақ механиктің көмекшісі болып еңбек жолын бастап, ауыр техникаларды жөндеуде шеберлік танытқан. Ал одан кейінгі жылдары «МТЗ-80» тракторын тізгіндеп, қазіргі таңда Қ.Байкенжеев аудандағы майталман механизатордың бірі саналады.
Шаруашылықтың механизаторының ұжымдағы беделі жоғары. Олай дейтініміз, еңбеккерлер Қанатты «алтын қолды» механизатор санайды. Өйткені, оның есту қабілеті нашар болса да кез келген трактордың ақауын дөп басып көрсетеді. Оны жөндеуде де көпшілік білікті маманның көмегіне жүгінеді.
Сонымен қатар, ол ерте көктемде егін егу жұмыстарына атсалысса, жаз шыға техникамен пресс шөп басуды қамтамасыз етеді. Күннің шіліңгір ыстығына қарамастан шабындықта жүріп, орылған жоңышқа немесе қамысты пресске айналдырып, оны халыққа жеткізіп береді. Бұл күнде пресс басушы ретінде Қанатты аудан жұртшылығы жақсы біледі. Оған қоса, өзге шаруашылық еңбеккерлері өздерінің пресс басатын техникалары бұзылғанда ең алдымен қызылдихандық механизатордан көмек сұрайтыны тағы бар.
Жалпы, өз ісінің нағыз маманы, 1 ұл мен 1 қыздың әкесі Қанат Байкенжеев адал еңбегімен ел ықыласына бөленіп келеді.