Құрылыс саласының майталманы
Мінезі ашық-жарқын, жаны жомарт, ақкөңіл, айналасына шуақ шашып жүретін адамдар әр заманда да болған. Олар жүрген ортасына сыйлы, есімдері ел аузында құрметпен аталады. Сондай азаматтың бірі, құрылыс саласының білгір маманы, аяулы азамат марқұм Асылбек Әбдуов десем қателеспес едім.
2005 жылы «аудандық газет редакциясы орналасқан ғимарат сатылып кетті» деген суыт хабар келіп жетті. Төбеден жай түскендей болдық. Ол кезде аудандық баспахана мен редакция орналасқан ғимарат облыстық «Полиграфия» акционерлік қоғамының теңгерімінде еді.
Ел еңсесін енді тіктей бастаған кез. Аудандық газетке жергілікті бюджеттен соқыр тиында бұйырмапты. Бір күні сол кездегі аудан әкімі Ибрагим Әбибулаев шақырды. Болған жайдан хабардар екенін, бірақ газет редакциясын далаға тастамайтынын жеткізді. Қызметкерлердің даурықпауын, абыржымай жұмыстарын жалғастыра беруін өтінді. Сөйтіп бюджеттен қаржы қарастырылатынын, ол үшін сатылатын жеке үйлер болса іздестіруімді тапсырды. Бір айдан аса уақытымыз үй қараумен өтті. Әншейінде сатылатын үй көп, бірақ «мекеме үшін» десең бағаны аспандатып жібереді. Бізге бөлінген сома небәрі 1,5 млн теңге. Сонымен салымыз суға кетіп, не істерімізді білмей дал болдық.
– Таптым,– деді бір кезде Ерекең (Ерғали Әбдіхалықұлы газеттің фото-тілшісі, бір жағынан директор-редактордың шаруашылық жөніндегі орынбасары). РСУ-дағы Асылбекке барайық, – деді.
Жолда келе жатып:
– Ереке ол жақта не бар, Асекең үй сатады ма екен, – деп мен де сұрақты үсті-үстіне қоямын. Келсек Асекең есік алдында тұр екен.
– Ішке кіріңіздер, – деп ілтипат көрсетті. Кабинетте артық дүние жоқ. 1 стол, 2 орындық, столдың бір шетінде қара телефон, киім ілгіш, сейф. Оның да есігі жартылай ашық тұр екен.
– Сәке, Ереке, жол болсын! Қаламгер қауымының жолы біз жаққа түсе бермейтін еді. Тыңдап отырмын, – деп Асекең көзінің қиығын біз жаққа тастады.
– Әңгіме былай, – деп Ерекең де көп созбақтамай.
– Қысқасы, біздің редакция далада қалды. Ғимарат сатылып кетті. Енді бізге жаңа ғимарат керек, – деп бастады.
– Асеке, әңгіменің ашығы кент орталығынан сатылатын үй таппадық. Үйлердің бағасы тым қымбат. Қолымызда бар-жоғы 1,5 млн теңге ғана бар. Осыған ғимарат салып бере аласыз ба? – деп мен араластым әңгімеге.
– Иә, жағдайларыңыздың шет жағасын естігенмін. Қиын екен. Ойланып көрейін. Менің қолымда материал жоқ. Егер бюджеттен нақты қаражат берілмейтіні рас болса, соған құрылыс материалдарын алайық, қалғанын көре жатармыз, – деп Асекең жомарттығын көрсетті.
Қазан айында құрылыс басталып кетті. Бір айдың ішінде ғимараттың сыртқы сұлбасы бітіп, шатыры жабылды. 2006 жылдың наурыз, сәуір айында ішкі әрлеу жұмыстар толығымен аяқталып, мамырдың 6-сында кілті қолымызға тапсырылды. Құрылыс жұмыстар кезінде Асекең күн демей, түн демей басында жүріп, жұмыстың сапалы жүргізілуін өзі қадағалады. Біз осы уақыт аралығында Асекеңнің іскерлігін, ұйымдастырушылық қарым-қабілетінің жоғары екенін анық аңғардық.
Қаражат болмағандықтан бір қыс жылусыз қыстадық. Келесі жылы Асекең жылу желісін орнатуға да көмектескен еді.
Кейіннен кент орталығына «Парасат» алаңының құрылысын қолына алғанда да Асекеңнің іскерлігіне шүбәсіз сендік. Бүгінде кентке ерекше көрік беріп тұрған «Парасат» алаңы нағыз тағзым алаңына айналды. Онда осы ауданда туып-өскен көрнекті ақын-жазушылардың, Кеңес Одағы Батырларының, Социалистік Еңбек Ерлерінің, сондай-ақ елге еңбегі сіңген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бюстері қойылған.
Мешіт, көпір, мектеп салу, құдық қазу – сауапты іс саналады. 2012 жылы аудан халқының арманына айналған Сырдария өзеніне көпір салу ісі қолға алынғанда қуанбаған жан кемде кем еді. Оған сол кездегі Парламент мәжілісінің депутаты, ауданның тумасы Жақып Асанов мұрындық болды. Әрине, айтуға оңай. Мәселені жететін жеріне жеткізіп, оның маңыздылығын, халықтың сол көпірге мұқтаж екеніне жоғарғылардың көзін жеткізу, дәлелдеу, үкіметтің шешілуі керек мәселелер тізіміне енгізу, қаражат бөлдіру өз алдына бөлек әңгіме.
Сол жұмыстар басталғанда оның аяқталатынына күмәнмен қарағандар да аз болмады. Бұл кезде Асекең аудандық құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқаратын. Көпір құрылысын көпір салуға әбден машықтанған республикалық «Мостоотряд-25» компаниясы жүргізді. Көпірге пайдаланылатын тастың, арматураның, цементтің, тіпті шегенің сапасына дейін жіті тексеріп отыратын еді. Жұмыс сапасы үнемі қадағаланды. Сол кезде аудандық «Нұр Отан» партиясы шешімімен құрылған бақылау комиссиясының төрайымы ретінде Асекеңмен, құрылысшылармен қойын-қолтық араласып, көпірге қатысты атқарылған жұмыстарды үнемі ақпараттандыру, жұмыс сапасын назарда ұстау барысында бірге жұмыс істеуімізге тура келді. Сонда байқағаным, Асекеңнің басты ұстанымы – құрылыс жұмыстарына жергілікті мамандарды тарту, елдің әлеуметтік жағдайын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жоғарғы деңгейге көтеру болатын. Және ол өмірден өткенше сол мүддеге жұмыс жасады.
Асекең №35 орта мектепте оқып жүргенде-ақ оқуға зейінді, алғыр оқушы болатын. Ашық-жарқын мінезімен айналасындағы достарын, ұстаздарын баурап алатын. Кейін жоғары оқу орнын тәмәмдап, туған елге оралғанда да сол ашық-жарқын мінезімен әріптестер құрметіне бөленді. Туған жерді түлетуге, экономикасын көтеруге ерекше еңбек сіңірді. Ол өмірлік жары – Балшекер Сұлтанбекқызымен бас қосып, перзент сүйді. Тәтті-тәтті немерелерге сүйікті ата атанды. Өкініштісі, ғұмыры қысқа болды. Десе де ел айта жүретіндей іс қалдырды. Оның қайталанбас қолтаңбасы әр ғимаратта, әр үйде, әр көшеде білініп тұрады.
Асылбек Әбдуов елдің құрметіне бөлену, абыройлы болу, дос-жаранға, ағайын-туысқа жанашыр, әріптестер арасында абыройлы болу арқылы биіктерді бағындырады. Оның бер жағында өз кәсібін сүю, соның нағыз хас шебері атану арқылы халыққа адал қызмет көрсетсе ел жадында мәңгі қалады. Асекеңадал еңбегімен ел есінде сақталған, парасат-пайымы жоғары, мерейі үстем, абыройы асқақ азамат еді.
Сәуле ЕРІМБЕТ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі