ОБЛЫС ӘКІМІ АРАЛ ҚАЛАСЫНДАҒЫ АПАТТЫ ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Тұрғындармен кездесу барысында Қырымбек Көшербаев олардың жаңа тұрғын үймен қамтылатынын айтты.
Аймақ басшысы Қ.Көшербаев екіқабатты ғимарат блоктарының арасындағы өткел құлаған көпқабатты үй тұрғындарымен кездесті.
Облыстық бюджеттен Кіші Арал көшесінің бойынан 31 жеке үйдің құрылысына қаржы бөлініп, ол Арал қаласындағы апаттық жағдайдағы үйдің тұрғындары мен бюджеттік сала қызметкерлеріне беріледі деп хабарлады облыс әкімі.
«Сіздердің жағдайларыңызды біліп,барлық жағдай жасалғанына көз жеткізгім келді. Апатты ғимарат бұзылады. Сіздерге Кіші Арал көшесінен 31 жаңа жеке үйлер беріледі.Біз көпқабатты үй емес, жеке үйлер салуды жөн көрдік. Осындай шара қолдану арқылы Арал қаласындағы апатты тұрғын үй мәселесі толықтай шешіледі»,-деді облыс әкімі.
Одан бұрын 18 наурызда Арал қаласының әкімі Бауыржан Махатов Өңірлік Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазіргі таңда Арал қаласында 8 отбасы тұратын тағы бір апатты үйдің бар екенін айтты. Төтенше жағдай орын алған үйде 16 отбасы тұрған.Олай болғанда, жаңа 31 жеке үйді апатты үйдегі 24 отбасы мен бюджеттік сала қызметкерлері алатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 17 наурызы күні Арал қаласында екіқабатты ғимараттың блоктары арасындағы өткел құлаған болатын. «Жароков көшесі,20» мекенжайы бойынша орналасқан ғимарат 1986 жылы балабақша ретінде салынған. Ал,90 жылдары баспанасы жоқ аудан тұрғындары мұнда заңсыз орналасқан. Екіқабатты үйде 20 пәтер болса, оның 15-де адам тұрған. Тұрғындар бірден аудандық Жастар ресурстық орталығына және туған-туысқандарының үйлеріне орналастырылды. Бүгінде аудан басшылығы тапсырмасымен тұрғындарды уақытша тұрғын үймен қамту шараларын қабылдап, жұмыс жасауда.
Пікір 1