Қарапайымдылығымен қадірлі болды
2004-2008 жылдары Сырдария ауданын басқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесімізді қосқан кезеңде ауданның іскер азаматтарымен бірлесе еңбек еттік. Өзінің білімділігімен, біліктілігімен, парасаттылығымен, қарапайымдылығымен ерекшеленетін Асылбек Әбдуов ауданның құрылыс саласында жұмыс істеді.
2005 жылы ауданда жүргізілген ең маңызды жұмыс қыс айларында орын алатын су тасқынының алдын алу үшін «Қараөзек» арнасының құрылысының түбегейлі шешілуі еді. Егіннің арқасында несібесін еселеп отырған сырдариялықтар үшін бұл жақсы жаңалық болды. Осы жұмыстың сапалы атқарылуын аудан әкімдігі, аудандық құрылыс бөлімі мен аудандағы құрылыс саласының мамандары бақылап, нәтижелі аяқталуына атсалысты. Асылбек те бізбен бірге еңбек етті.
Аудандық әуез мектебіне жаңа ғимарат керек болып, жиналыс өткізіп, мәселені талқыладық. Сол кезде жартысы пайдаланылмай, тозып тұрған ескі редакция ғимаратын қайта жөндеп, жабдықтау жөнінде шешімге келдік. Бұл іске құрылысшылармен бірге Асекең де белсене араласты, сөйтіп әуез мектебі жаңа ғимаратта жұмысын жалғастырды. Көп өтпей кенттің негізгі көшесінің бойынан аудандық газет редакциясына да ғимарат салынды. Ғимараттың ашылуын салтанатты түрде ұйымдастырдық. Құрылысты Асекең аудандық мәслихат депутаты ретінде демеушілікпен атқарды.
Құрылыс саласының майталманы кейін мемлекеттік қызметке келіп, аудандық құрылыс бөлімін басқарды. Қарапайымдылығымен үлкенге де, кішіге де қадірлі болды. Енді ғана бейнетінің зейнетін көрер тұтса өмірден өткені болмаса Асекең артына жақсы іс, өнегелі із қалдырды. «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атануы да оның талай жылғы еңбегінің жемісі. Абыройлы азамат біздің жадымызда жақсы кадр, сенімді әріптес болып қала береді.
Асекеңнің өзі сондай кеңпейілді болса, дастарханы да өте берекелі еді. Ерлері аттан, қазаны оттан түспеген шаңырақ елге белгілі азаматтарға құшағын кеңінен жая білді. Елге белгілі Хасанғалиевтер, Нұрсейітовтер отбасымен құда болып, үлгілі, абыройы биік әулетке айналды. Сол биік аласармайды деп сенемін.
Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,
2004-2008 жылдардағы
Сырдария ауданының әкімі