«Үздік қызметкер» номинациясын иеленді
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық бөлімінің мамандарының қай кезде де жұмысы қауырт. Құжатын қолына ұстап келген әрбір тұрғынның мәселесін шешу басты назарда болады. Ел алғысын арқалаған бөлім қызметкерлері мыңдаған қызмет түрлерін көпшілікке ұсынады. Өз кезегінде аталған сала бойынша жыл сайын «Үздік қызметкер» номинациясы бойынша сала мамандары марапатталып отырады. Бұл жолы – бөлімнің жетекші маманы Жарас Аманов үздіктер қатарынан көрінді. 2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша жақсы көрсеткіш көрсеткені үшін бөлім басшысы Жұмабек Ембергенов сала маманына құрмет көрсетті.
– Біздің саламызда мамандарды жан-жақты ынталандыру жолға қойылған. Себебі, халықпен жұмыс жасау, сан түрлі қызметтерді көпшілікке ұсыну аса жауапкершілік жүктейді. Осыдан 10 жыл бұрын қызметке келген Жарас Аманов тәжірибесі толысқан кәсіби маманға айналды. Өзі таңдаған қызметтің қыр-сырына қанығып, үздік қызметкер атанып отыр. Бұл ретте, әріптесімізді марапатымен шын жүректен құттықтаймын, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық бөлімінің басшысы Жұмабек Ембергенов.