Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Темірдей тәртіпке берік

Темірдей тәртіпке берік

Сан мыңдаған жолаушының күнделікті межелеген бағытына жетуі үшін көлік логистикасының атқаратын қызметі зор. Негізінен, тасымалдау бағытын жандандыру барысында темір жол саласының жұмысы жетілдіріліп отырады. Аптап ыстық пен қақаған аязда уақытпен санаспай еңбек ететін темір жолшының табандылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шойын жолдың бойында барынша шыңдалған кәнігі мамандардың қатарында тереңөзектік Бексұлтан Тасқынбаев та бар. Ол – биыл жиырмасыншы рет әріптестерімен бірге «Көлік қызметкерлері күні» кәсіби мерекесін атап өтпек.

Негізінен, кейіпкерім Бексұлтан Тасқынбаев темір жол саласына 23 жасында келген. Қызылорда жол дистанциясына қарасты бірінші учаскеге жүргізуші ретінде қабылданған сала маманы темір жол саласының біршама қиындығына төтеп беріп келеді. Анығын айтқанда, бірінші учаске құрамындағы төртінші жол телімінде Бексұлтан Мұхтарұлы «Уаз» автокөлігін жүргізеді. Қысы-жазы таңғы 4.00-ден автокөлік тізгіндейтін оның міндетіне қызметкерлерді жұмыс орындарына уақытылы, кешіктірмей жеткізу кіреді. Жауапкершілігі зор қызметте осалдық танытпайтын жүргізуші жолда қалмаудың амалын күні бұрын пысықтап жүреді.

– Темір жол саласы өте күрделі қызмет қатарына жатады. Қауіптілігі жоғары қызметте әріптестерім әрбір пойыздың кедергісіз жолаушы тасымалдауына жағдай жасайды. Күні-түні авариялық жағдай орын алған кезде кәсіби мамандар күші бір арнаға жұмылдырылады. Қазіргі уақытта бірінші учаске бастығы Абзал Айтжанов барлық жағынан атқаратын жұмысты үйлестіріп отырады. Бұл ретте, шебер Жаппасбай Ділдәбеков, жол жөндеуші Уалихан Өмірзақов пен Жақан Сексенбайдың үнемі жанынан табылып, межелі жерге уақытылы жетуге барымды саламын. Біз Қараөзек пен Қаракеткен ауылының аралығындағы шойын жолдың жөнделуіне, пойыздардың қауіпсіз өтуіне, авариялық жағдайдың болмауына тікелей жауаптымыз. Расында, қауырт жұмыс кезінде пойызды бір сәтке ұстамауға тырысамыз, – дейді Бексұлтан Тасқынбаев.

Бізбен әңгімесі барысында Бәкең темір жол саласындағы әрбір маманға жүктелер ауыртпалықты тізбектеді. Көбіне, белгіленбеген тұстан төрт түлік малы шығуына байланыс­ты жұмыс кестесіне өзгеріс енеді екен. Сонымен қатар автокөліктің май-суын қамдап, қосалқы бөлшектерін ауыс­­­тыру да өз алдына қалыптасқан қатаң қағида саналады. Асылында, 7300 күнге жуық табан аудармастан шойын жолдың бойынан табылған Бексұлтан Тасқынбаевтың отбасы жеке кәсіппен айналысады. Әкесі Мұхтар мен анасы Жанат балаларының қызметте абыройлы болуын, амандығын іштей тілеп отыратыны рас. Айта кетейік, Бәкеңнің інісі Фархад та темір жол саласында қызмет етеді.

– Осы күні әріптестеріміз кәсіби мерекені асыға күтеді. Тәжірибелі маман Ғани Сарқыншақов секілді үлкен буынның тәрбиесін көрген біздер жұмыстың қиындығын жіті түсінеміз. Жолға шыққан жүздеген тағдыр иесінің өмірі біздің еншімізде. Пойыз машинисінен бастап, барлығымыздың ойлағанымыз жолаушыны аман-есен діттеген жеріне жеткізу болып табылады. Сондықтан үнемі ізденіс үстінде жүріп, артылған міндетті жауапкершілікпен атқара білеміз, – дейді кәнігі маман.

Жалпы, Бексұлтан Тасқынбаев отбасындағы 4 аға­йындының тұңғышы. Оның алғашқы еңбек жолы «Қалжан ахун» шаруашылығында басталды. Іргелі шаруашылықтағы диірменде жұмыс істеген Б.Тасқынбаев бір жылдары Алматыдағы 6654 әскери бөлімшесінде Отан алдындағы борышын өтеген. Әскерден келген жылы «НТК» тасымалдау мекемесінде автокөлік жүргізген. Ең қызығы, ортасына сыйлы азамат жол үстінде жүріп, өзінің өмірлік жарын жолықтырған. Кезекті сапар барысында Кентау қаласына тұрақтаған жас жігітке талдықорғандық Марал Ноғайбекова ұшырасқан екен. Осылайша, сөз байласқан екеуі осыдан 19 жыл бұрын шаңырақ көтерді. Бүгінде олар 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Үйдегі отанасы Марал Тоқтарқызы аудандық ауруханада акушер-гинеколог болып қызмет етеді.

Бұл ретте, уақыт талғамай адалынан қызмет ете білетін Бексұлтан Тасқынбаевты кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
05 тамыз 2023 ж. 345 0