Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы: Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды

Мемлекет басшысы: Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағидаттар Конституциямызда көрініс тапқан. Ата заңымызда ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау, оның құқығын қорғау ең жоғары құндылықтар ретінде қарастырылады.

Осы орайда Президент қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын алға тартып, бейқамдық пен салғырттықты кез келген қоғамды артқа тартатын қасиеттер ретінде атады.

– Дегенмен апатқа көбіне адамдардың өзі себеп болатынын мойындау керек. Егер әркім өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындаса, апаттардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтауға болар еді. Кейбіреулердің немқұрайдылығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі. Қоғам қауіпсіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады. Сондықтан ежелден адам бойындағы жинақылық, тәртіптілік пен жауапкершілік секілді қасиеттер жоғары бағаланады. Тиянақты, ұқыпты, жауапкершілігі жоғары азаматтар – өркениетті және қауіпсіз қоғамның арқауы. Біз озық ойлы ұлт боламыз десек, өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау құндылықтарын аманат етуіміз керек. Бұл қасиеттер қоғамдағы жаңа этиканың айнымас өлшемі болуға тиіс. Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауапкершілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр. Мемлекет осындай адамдарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды, оларға лайықты құрмет көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сала мамандары өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып, әрдайым ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқанын айтты.

– Жұртымыз құтқарушылардың қажырлы еңбегіне қашанда орасан зор құрметпен қарайды, сіздерді жоғары бағалайды. Бүгін біздің ортамызда ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар да отыр. Бұл шын мәнінде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және отаншыл адамдарға тән әрекет екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
19 қазан 2026 ж. 70 0