Қызығушылығы өмірлік кәсібіне айналды
Жастайынан автокөлік тізгіндеп, техниканың қыр-сырына қаныққан Алмат Схалиев – тәжірибелі кран жүргізушісі. Көпшілік үшін таңсық кәсіптің «құлағында ойнап», он үш жыл көлемінде жұмысын абыройлы атқарып келеді. Ол таңдаған мамандық – нағыз қауіп-қатердің бел ортасы. Сондықтан да кәнігі маман ыждағаттылық пен тиянақтылықты бірінші орынға қояды. Қай кезде де уақытпен санаспайды. Өйткені қызметі қашанда халық игілігі үшін қажет.
А.Схалиев бала күнінен техникаға қатты әуестенеді. Автокөлік жүргізуді алғашында ағаларынан үйренді. Бүгінде сол уақыттағы қызығушылығы өмірлік кәсібіне айналды. Көліктің барлық түрін жазбай танып, қозғалтқышынан маторға дейінгі бөлшегін жөндеуге машықтанған. Бірнеше жыл түрлі салада жұмыс жасаған Алмат Мырзағалиұлы кран айдауды «Құмкөл» кеңшарында бастапты. Алғаш рет 25 тонналық кранды тізгіндегенде жүрексінгені рас.
– Кранды айдамас бұрын талай жыл ауыл шаруашылығы саласында жүргізуші болдым. Бір жылдары механизатор атанып, аға буыннан көліктің бабын келтіруді жетік меңгердім. Әскерде жүріп, ұшаққа қажетті оттегіні жеткізу мақсатында жүк көлігін айдағаным бар. «Құмкөл» кеңшарында жеңіл авкөлікпен қатар жүк көтергіш кранды ырқыма көндірдім. Қауіпті қызметке бармас бұрын ұзақ ойландым, – дейді тәжірибелі жүргізуші. Содан бастап зор жауапкершілікті сезінеді. Жұмысқа шықпас бұрын ең алдымен техникалық сақтандыру шарасын жүргізеді. Үш ай сайын практикалық жұмысы жайлы емтихан тапсырады.
Кәсіби маман осы күні «Жәрдем» ЖШС-інде қызмет етеді. 16 тонналық «КАМАЗ Угличмаш» кран автокөлігін тізгіндейді.
– Мен қай кезде де техника бұзылмас үшін күні бұрын іс-қимылға көшемін. Тозығы жеткен бөлшекті дер кезінде ауыстыруға тырысамын. Алыс жолға шықпас бұрын көлік дөңгелектерінің жарамдылығын тексеріп аламын. Кранның шиналары 60 мың шақырымнан кейін ауыстыруды қажет етеді. Сондықтан шығынға ұшырамас үшін ара-қашықтықты назарда ұстаймын, – дейді кран жүргізушісі.
Әлекең жүк көтергіш көлікті жүргізу барысында талай мәрте қиындыққа тап болыпты. Ол соңғы үш жылда аудан орталығында орналасқан бірнеше көпірді салуға атсалысты. Сондай-ақ тасқынның алдын алу мақсатында Сырдария өзені жағасында тосқауыл бөгеттерін салуға септігін тигізді. Осындай жұмыс барысында қиындықтар кездескен.
– Біз дария жағасында уақытпен санаспай жұмыс жасадық. Кезекті плитаны қою кезінде оқыс оқиға орын ала жаздады. Кран орналасқан аумақ өте тар болатын. Бастапқыда жұмыс жасауға қолайсыз екендігін білдім. Сонда да межелеген орынға апару қажет. Сол шақта жүкті көтерген кран өздігінен аудырыла жаздады. Дереу қауіптің бетін қайтару үшін барымды салдым. Қас пен көздің арасында техника бастапқы қалыпқа келді, – дейді білікті маман.
Сонымен бірге жүргізуші төтенше жағдайда құтқару шараларына да жиі атсалысады. Кәнігі маман былтыр төтенше жағдай бөлімінің мамандарымен бірге «Қараөзек» арнасына түсіп кеткен «Уаз» автокөлігін жағаға шығарды. Дәл осындай жағдай жақында орын алып, жеңіл автокөлікті мұз құрсауынан босатуға да септігін тигізген.
«Жігіттің жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра» деген нақыл бүгінгі кейіпкерге қаратып айтылғандай. Үнемі тынбай, жауапты жұмыста ширай білген азаматтың абыройы биік болары анық. Алдағы уақытта кәсібіне береке берсін демекпіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ