Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Күріш құрамын зерттейді

Күріш құрамын зерттейді

«Ақжарма және К» ферма қожа­лығында қызмет ететін лаборант Гүл­жәмила Тобжанова Сыр салысын біз барғанда микроскоппен зерттеп отыр екен. Атқаратын қызметі ерекше маман өңіріміздің басты дақылының құрамын тереңнен зерделейді. Егістіктен әке­лінген күрішті диірменге жібермес бұрын ылғалдылығына мән береді. Арнайы аппарат көмегімен дақылдың температурасын өлшеп, арасындағы қоқымдарын тазартады.

Осыдан 47 жыл бұрын дүниеге келген Гүлжамила Тобжанова – Ақжарма ауылының тумасы. Ол отбасында 5 ағайынды. Ардақты ана өзінің сыныптасы Марат Теңеловпен отасқан. Қазіргі таңда ерлі-зайыптылар 2 ұлдан 3 немере сүйіп отыр. Жұмыс барысында журналис­терге жолыққан тәжірибелі маман өз ісінің шебері екенін байқатты. Өз кезегінде күнделікті атқаратын жұмысымен толықтай таныстырды.

– Шаруашылықта «Лидер» күрішін егуге басымдық беріледі. Дақыл 115 күнде пісіп, жетіледі. Күріштің ылғалдылығы орташа 14 градус. Күріш 14 градустан асып кеткен жағдайда диірменге жіберілмейді. Қатты ылғал күрішті қоймаға жинамастан бұрын күншуаққа кептіріп аламыз. Сонымен бірге күріш тұқымын өндіреміз. Жетілмей қалған күрішті үлкейткіш әйнекпен мұқият анықтап, сынғандарын бүтіндерінен ажыратамыз. Биыл «Партнер» күрішін жақсы өнім беретін жерге егіп, мол дақыл алуға ниеттіміз, – дейді тәжірибелі маман.
7 түрлі електен өткізілген күріштің құнарлығын тексеру арқылы Гүлекең қанша өнім сапалы шыққаны жөнінде пайызбен елеп-екшейді. Диірменнің заманауи технологиясына қаныққан лаборант мүмкіндігінше оператормен тығыз байланыс орнатады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
27 сәуір 2021 ж. 614 0