Еңбегімен елге сыйлы болған
Әрбір адам саналы ғұмырында өз ісін адалдыққа негіздей білсе, соғұрлым оның еңбегі жемісті болмақ. Бақ та, абырой мен құрмет те, барлығы таза маңдай термен келеді. Қазақ халқымыз «Еңбегімен ер сыйлы» деп бекер айтпаса керек-ті. Ер азаматтың өмір жолы, еңбектегі табысы, бақытты тұрмысы жақсы ниеттен құралса, балаларына – мұра, халқына – өнеге болады. Міне, сондай ғұмыры еңбекпен өріліп, тектілігін жоғалтпай, кісілігін сақтаған, қажырлы жұмысымен елге пайдасын тигізіп, содан да жұрт жадынан жақсы жағынан орын алған ардақты азаматтардың бірі – Ұлтанбек Ешмаханов.
Өткен ғасырдың нәубетті жылдарында өмірге келген адамдардың тағдыры сан қилы болған. Өйткені сол ғасырдың бас кезі мен орта шенінен асқан уақыт аралығында ұлт-азаттық көтеріліс, ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс секілді зобалаңдар қазақ жұртын қажытты. Міне, сондай нәубетті жылдар қиындығын 1937 жылы туған Ұлтанбек Ешмаханұлы бала кезінен бастан өткерді.
Оның әкесі Ешмахан қазіргі Оспан Мәлібаев ауылының негізі болып саналатын «Қызылдихан» колхозының құрылуына атсалысқан. Осы колхоздың өсіп-өркендеуіне еңбек етіп, колхозшылармен бірге өмір сүрген. Десе де ұлы Ұлтанбек дүниеге келіп, балғын шақ 5 жасқа жеткенде ол өмірден өткен. Содан кейін жас бала анасы Шекеркүл Мәлібайқызының тәрбиесінде болды. Анасы да колхозда жанкештілікпен тіршілік жасап, ұлын «ешкімнен кем қылмаймын» деп еңбек етті. Адалдыққа тәрбиелеп, бар нәрсе еңбекпен келетінін көрсетіп бақты. Бірақ Ұлтанбек 8 жасқа жеткенде анасы да бақилық болып, жас бала жетімдіктің кермек дәмін сезді.
– Әкеміз жастайынан әке мен анасынан айрылып, жетім қалған. Ер жетер тұста қадірлі жандардан көз жазып қалған әкемізді Шекеркүл әжеміздің ағасы Жүніс өз тәрбиесіне алған. Одан кейінгі кезеңде интернатта жатып, орта білім алады. Ол кісі мектеп қабырғасында қоғамдық іс-шараларда белсенді болып, одан тыс уақытта масақ теріп, қозы баққанын әкемнің көзін көргендерден естігенбіз, – дейді ұлы Мейрамбек Ешмаханов.
Жастайынан бейнетке бейімделген азаматтың еңбек жолы колхозда басталып, сол уақыттарда мал шаруашылығы саласында жұмыс істеген. Алдымен колхозда мал басын көбейту бағытындағы жұмыстарды үйлестірсе, кейіннен «Қызылдихан» колхозы «ХХІ партсъезд» совхозы болған шақта, яғни 1959-1970 жылдар аралығында осы саладағы жұмысын жалғастырып, бақташы болған.
– Ұлтанбек ағамызбен жақсы араластық. Ол кісілер мал бақты. Менің көкем Ыдырыс пен Қанымкүл апам да осы мал бағу ісімен айналысты. Көкелерім Ұлтанбек Ешмахановпен «Қараөзек» дариясы бойында және «Шағырлыда» қатар отырып, мал шаруашылығымен айналысты. Ол кезде өзім совхозда механизатормын. Техника тізгіндей жүріп дария бойында мал бағып отырған жандарға жиі барып тұрамын. Сол кезеңдерде Ұлтанбек ағаның мінезі жайсаң екенін, жан-жағындағыларға қамқор болып жүретінін аңғардым. Осындай қасиетімен ол кісіні құрметтеп, сыйлайтын кісілер көп болды, – дейді қызылдихандық еңбек ардагері Асан Ыдырысов.
Бақташылықтан кейін Ұ.Ешмаханов совхоз жұмысына етене араласты. 1970 жылдан кейін егін саласында еңбек етіп, күрішші болды. Ата кәсіп болған салада жүріп, қамбаның астыққа толуына еңбек етті. Егін егу – екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Себебі, күн шықпай егін басында болып, жаздайғы аптап ыстықта атыздықтарды аралау, егілген күрішті күтіп-баптау, оны ысырапсыз жинап алуды бейнеткеш жандар ғана жүзеге асырады. Ал Ұлтанбек Ешмаханұлы бұл іске төселген. Жыл сайын Сыр салысының бап-күтімін келістіріп, күріштен жақсы өнім ала білді. Осы жұмыстарды жетік меңгеріп, кейіннен күрішшілердің бригадирі болып та еңбек еткен.
– Ұлтекең бар болғыр азамат еді. Өзі еңбекқор, бейнеткеш болатын. Мен ол кезде совхозда фельдшер болып жұмыс істеймін. Ауыл адамдарына дәрігерлік көмек көрсетемін. Осы қызметте жүріп Ұлтекеңнің ел қадірлейтін азамат екенін көрдім. Ол кісі егін саласында еңбек етті, мал шаруашылығымен айналысты. Қай жұмыста жүрсе де барлығын тиянақты атқарды және өзінен кейінгі жастарға үлгі болды, қамқорлық танытты. Үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсете білді. Қалима апаймен бірге өнегелі отбасы болып, ұл-қыздарының барлығын оқытты-тоқытты, – дейді медицина саласының ардагері Сейтқали Жақсылықов.
Ұ.Ешмаханов 1976 жылдан бастап совхоздың жылқысын бағып, содан кейін зейнетке шыққан. Ол кісі еңбек еткен жылдарында аудандық кеңес депутаты болып сайланып, ел өмірінің дамуына үлес қосқанын жұртшылық біледі. Еңбек адамының халық жағдайын жақсы білетіні хақ. Сондықтан халық қалаулысы ретінде елдің мұң-мұқтажын біліп, оны шешуге атсалысқан. Осындай қажырлы еңбегі елеусіз қалған емес. Саладағы жұмысы үшін лайықты бағасын алып, түрлі марапатқа ие болған. Оның ішінде, көп жылғы еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, Мәскеудегі ВДНХ көрмесіне қатысқанын айтқанның өзі жеткілікті.
Ұлтанбек Ешмаханұлы жоғарыда айтқандай, жастайынан нағашысының тәрбиесінде болып, анасының ағасы Жүніс оны еңбекке баулыған, аяқтандырған. Жиырма жастағы жас жігіт Қалима Тойбағарқызымен шаңырақ көтеріп, өз алдына бөлек шығады. Құдай қосқан қосағымен бірге 7 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. Елге қадірлі болған азамат 2006 жылы өмірден өтті. Ал Қалима Тойбағарқызы бүгінде мерейлі 85 жасқа толып, немере-шөберенің қызығын көруде.
Ардақты азамат ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың барлығының білім алуына жағдай жасаған. Ел дамуына балаларының сүбелі үлес қосатынына сенім артқан. Ата-ана үміті ақталып, бүгінде ұрпақтары әр салада жемісті еңбек етіп, алды бейнетінің зейнетін көруде. Мәселен, үлкені Күлтай Ешмаханова экономист-есепші болып ұзақ жыл еңбек етіп, «Қызылдихан» совхозынан зейнетке шықты. Ал ұлдардың үлкені Өмірсерік теміржол саласының ардагері болса, Зүбәйра мен Берікбол кәсіпкер, Мейрамбек – ішкі істер органының ардагері. Марқұм Батырбек Ешмаханов мұнай саласында еңбек еткен. Одан кейінгі Жарбол ауыл әкімі, орман шаруашылығы саласының басшысы қызметтерін атқарып, қазіргі таңда жеке кәсібін дамытуда. Жұмакүл – медицина саласының қызметкері болса, Әскербек Ұлтанбекұлы да жеке кәсіп саласында еңбек етуде. Ал кенже ұл Болат – Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары.
Ел азаматы деген атаққа кір келтірмей, еңбектің үлгісін көрсеткен Ұлтанбек Ешмахановты есте сақтау, оған лайық құрмет көрсету ұрпақтар парызы болмақ. Осы тұста, О.Мәлібаев мөлтек ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Зайдағали Жүсіпбайұлы «Аудан дамуына еңбегі сіңген ардақты азаматты көпшілік біледі. Бүгінде өсіп-өнген әулетке қарап-ақ Ұлтанбек ағаның қандай кісі болғанын аңғару қиын емес. Ол кісінің «Қызылдихан» совхозының дамуына қосқан еңбегі зор. Сондықтан сол еңбекке лайықты құрмет көрсете білуіміз керек. Нақтысын айтқанда, өзі туып-өсіп, еңбегі мен ынтасын сарп еткен елді мекеннің бір көшесіне есімі берілсе, ізгілікті іс болар еді. Мұны аудан азаматтары құптайды деп сенеміз» дейді.
Иә, елге еңбегі сіңген тұлғаларды кейінгі толқын білуі тиіс. Бұл ретте, саналы ғұмыры ауыл тіршілігімен ұштасып, қажырлы еңбек ете білген Ұлтанбек Ешмаханұлының есімі жаңғыра бермек, өмір жолы жастарға үлгі етілмек. Артында ердің еңбегін бағалайтын елі барда, ізін жалғастыратын ұрпағы барда «Жақсының аты өшпейді» деген осы болар.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ