Қариясын сыйлаған елде қасиет бар
Қазыналы қариялардың мерекесіне орай Тереңөзек кенті клубында тағылымды іс-шара өтті. «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік кездесу кешінде еңбектің үлгісін көрсетіп, қос ғасырдың куәсі болған қадірлі жандарға құрмет көрсетілді. Іс-шараға Тереңөзек кентінің әкімі Е.Бахтияров, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жүсіпбайұлы, «Жарбол» ШҚ-ның төрағасы Ж.Ешмаханов пен кент тұрғындары және жастар қатысты.
Тереңөзек кентіне қарасты О.Мәлібаев елді мекенінде еңбек етіп, ұрпақ өрбіткен, жүйрік уақыттың ұшқыр қанатымен сексеннің сеңгірінен асқан қариялар кездесу кешінің құрметті мейманы ретінде ортаға шақырылды. Олардың қатарында Қаһарман Өмірзақов, Бақшақбай Мешітбайұлы, Құрманкүл Шаңбайқызы, Қалима Ешмаханова, Айткүл Ілиясова, Ақтұрған Нұртаева, Мария Бекжанова, Айткүл Қалмағанбетова құрметке бөленді.
Ардақты ардагерлерді мерекемен Тереңөзек кентінің әкімі Е.Бахтияров құттықтады.
– Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан үлгілі үрдіс. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың орны біз үшін бөлек. Себебі, еліміздің өсіп-өркендеуіне әрқайсыларыңыздың қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгінгі еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым мен парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Қарты бар ел – бақытты ел, байыпты ел. Қай кезде де, небір сын сағатта да халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман жүрсін, ұрпағының қуанышына бөленсін! – деді кент әкімі.
Мұнан соң Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жүсіпбайұлы қадірлі қариялардың өскелең ұрпаққа көрсетер өнегесі мол екенін, небір тауқыметті жылдарды бастан өткеріп, егемендікке қол жеткізуде елеулі үлестері бар екенін жеткізді. Ал «Жарбол» ШҚ-ның төрағасы Ж.Ешмаханов осындай тағылымды іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, жас буын алдыңғы толқынның өмір жолын білуі керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ еңбек ардагерлерін ардақтау – жастарға міндет екенін атап өтті.
Мерекелік құттықтаудан соң қарияларға құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, кент әкімі «Алғыс» табыс етсе, «Жарбол» ШҚ-ның төрағасы сый-сыяпат жасады.
Құрмет төріндегі қазыналы қарттар ерте жастан еңбекпен есейген. Қ.Өмірзақов «Партияның ХХІ сьезі» атындағы совхозда жүргізуші, диқан, одан кейінгі кезеңде бақташылық қызметін атқарған. Ал Б.Мешітбайұлы еңбек жолын «Қызылдихан» колхозында темір жонушыдан бастап, кейін энергетика саласында абыройлы қызмет еткен. Тоқсанның үстіне шыққан Қ.Шаңбайқызы да еңбекке ерте араласып, егін даласында астықты қолмен орып, колхоз қызметінде болған. Сонымен қатар елді мекендегі мектепте те жұмыс істеген.
«Алтын алқалы» ана Қ.Ешмаханова көп жылдар бойына Құдай қосқан жарымен бірге мал шаруашылығы саласында жүрген. Одан соң күріш егіп, одан мол өнім алып, Мәскеуге демалысқа арнайы жолдама алған. Бейнетінің зейнетін көріп келе жатқан А.Ілиясова балабақшада аспазшы болып, балғындардың дұрыс тамақтануына тынымсыз еңбек еткен. Немере-шөберенің ортасында отырған А.Нұртаева «Партияның ХХІ съезі» атындағы совхозда кітапханашы болып, тұрғындарға жан азығы болар жақсы кітаптарды оқуға септігін тигізген. Ал қыркүйектің соңында сексенді алқымдаған М.Бекжанова – О.Мәлібаев ауылында тігін цехын ашып, кәсіпке бет бұрған жандардың бірі. Осы тігін цехы арқылы ауыл қыз-келіншектерін жұмыспен қамтыған. Құрметке бөленген А.Қалмағанбетова да жұмыспен қатар отбасында көп баланы тәрбиелеп, өсірген ардақты жандардың қатарында.
Кездесу барысында қазақы салт-дәстүрді жастарға дәріптеп, ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетіп жүрген қарттар Отан, туған жер, еңбек, жастар, ұлттық құндылықтар туралы қойылған сұрақтарға жауап берді. Пейілі дархан, ақылы асқан қариялар әрбір адам Отанына, туған жеріне жанашырлықпен қарап, оның дамуына үлес қосу керектігін атады. Сондай-ақ тек еселі еңбек еткеннің ғана еңсесі биік болатынын айтты. Бүгінгі бейбіт қоғамда жастар үшін барлық мүмкіндік бар екенін тілге тиек етіп, өскелең ұрпаққа зор сенім білдіретіндерін жеткізді.
Мерекелік іс-шарада қариялардың құрметіне кент клубының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. С.Маратова «Анаға сәлем», Р.Байдулла «Әке», «Қазақтай ел қайда», Ғ.Сансызбаев «Атырау», Ж.Сансызбаев «Көз көргендер», «Ағама», Ж.Дайрабайқызы «Майлықожаның термесі», «Сағындым», Е.Жүнісов «Қазағым-ай», А.Нұртаева мен Ж.Көшербаева «Жан құрбым» және «Ару Ана» әжелер ансамблі «Ауылым», «Халық әндерінен попурий» әндерін шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қариясын сыйлаған елде қасиет бар. Осындай игі іс-шаралар алдыңғы буынға құрмет болса, кейінгі толқын қазыналы қарттардың өнегесін үйренеді. Мұның қоғамның дұрыс қалыптасуына тигізер септігі мол.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ