Халық пен билік арасындағы «алтын көпір»

Менің алғашқы еңбек жолым «Тіршілік тынысы» газетінен басталды. Сондықтан саланың қиындығы мен қыруар шаруасынан да хабардармын. Іргелі ұжымда тәжірибе жинақтап, білікті мамандармен қызметтес болдым. Кейін аудан әкімдігіне қызмет ауыстырдым. Жұмыс бабымен бағыт өзгергенімен, редакциямен байланыс еш уақытта үзілген жоқ, үзілмейді де. Себебі, аудан айнасына айналған басылым аудан әкімдігінің әрбір атқарған жұмысын уақытылы халыққа жеткізіп халық пен басшылық арасындағы «алтын көпірге» айналып отыр. Жаңа Қазақстанға жол бастауда, «халық үніне құлақ асатын үкімет» құруда да тұрғындарға ақпаратты уақытылы жеткізу маңызды. Осы жолда аянбай еңбек етіп, газетті заман талабына сай ұйымдастырып жүрген әріптестердің еңбегі зор.
Өзім де әр жұмыс күнімді жергілікті газетті оқудан, жаңалықтармен танысудан бастаймын. Аудандық газет ақпарат тез тарайтын қазіргі кезеңге сай жұмыс жүргізіп отыр деуге негіз бар. Себебі, ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшалар да жүйелі жұмыс жүргізіп тұр. Тіпті, өзге қаладағы жерлестер газеттің пдф нұсқасын уақытылы, еш кедергісіз оқи алатындықтарын жиі айтып жатады.
Журналистердің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жария етуде, оны тұрғындарға жеткізуде еңбегі айрықша. Өзімнің де бұл күнде жеткен жетістіктерімде аудандық газеттің қосқан үлесі зор деп білемін. Осы орайда, халық пен билікті біріктіріп, игі мақсат жолында жан аямай еңбек етіп келе жатқан басылым ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтаймын.
Гауһар ҚОНАҚБАЙ,
аудан әкімі аппаратының
құжаттамалық қамтамасыз ету
және бақылау бөлімінің басшысы