Төл газетке түгел жазылған
Ел денсаулығын нығайту, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында еңбек етіп, жұртшылықтың алғысын арқалап жүрген сырдариялық ақ халатты абзал жандардың аудандық газеттің тұрақты оқырманына айналғанына 80 жылдан асты.
Яғни денсаулық сақтау саласының мамандары газеттің тарихымен біте қайнасып, қазақ баспасөзінің жанашыры ретінде жергілікті басылымға қолдау көрсетіп келеді. Ауданның бас дәрігері Жалғасбек Үсенов басқаратын іргелі ұжым биыл да төл газетке түгел жазылып, қалыптасқан үрдісті лайықты жалғастыра білді.
Газетті оқырмансыз елестету мүмкін емес. Оның ішінде тұрақты оқырмандардың орны ерекше. Ауданның денсаулық сақтау саласында жергілікті газеттің 400-ден астам оқырманының болуы біз үшін зор қуаныш. Біз алдағы уақытта денсаулық сақтау саласы мамандарының қажырлы еңбегін насихаттап, ақпараттандыру мақсатында бірге еңбек ететін боламыз. Сондай-ақ төл газеттің тұрақты оқырмандарының саны артады деп сенеміз.
– Басылым – қоғамның айнасы, даму көрсеткішінің таразысы. Аудан жаңалықтарын оқып, біліп, танысып отыру әр адам үшін маңызды. Жыл сайын міндетті түрде аудандық газетке жазыламыз. Сала мамандары аудан жаңалықтарының жаршысы бола білген басылымның тұрақты оқырманына айналды. Ауданның дамуында денсаулық сақтау саласының алатын орны ерекше екені белгілі. Сондықтан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында антына адал дәрігерлердің еңбегі орасан зор және біз оны әркез бағалай білуіміз қажет. Денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен саланың жетістігі аудандық газетте тұрақты түрде ақпараттандырылып келеді. Осы жұмысты жандандыру қажет деп есептеймін, – дейді ауданның бас дәрігері Жалғасбек Тұрлыбекұлы.
Сала қызметкерлерімен қатар еңбек ардагерлері де газеттің тұрақты оқырманы екенін айта кетуіміз қажет. Редакциямен тығыз әріптестік байланыс орнатқан денсаулық сақтау саласы ардагерлерінің бірі, алтын қолды дәрігер – Абдолла Арғынбаев.
– Бірнеше ай бұрын «Даму белесіндегі денсаулық сақтау саласы» тақырыбында менің зерттеу мақалам аудандық газетте жарияланды. Мақалада тоқсан жылдан астам тарихы бар Сырдария ауданының денсаулық сақтау саласы көптеген қиыншылықтарды артқа тастағанынан бастап барлығы кеңінен қамтылды. Расында да аудан құрылған кезеңде денсаулық сақтау саласындағы материалдық-техникалық жағдай аса мәз емес еді. Білікті мамандар да тапшы болатын. Бірақ антына адал азаматтар сол қиын кезеңде халыққа сапалы ем-дом жасап, қолдан келген көмегін аяған жоқ. Мемлекеттің қолдауымен, халықтың ықылас-пейілімен денсаулық сақтау саласының көші жүре түзелді деп айтуға толық негіз бар. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі қолдаулар ерекше болды. Жаңа нысандар салынып, пайдалануға берілді, мамандар біліктілігін жетілдіріп, бұрын тек қала орталығында жасалатын қиын оталар ауданда жасалатын болды. Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің жемісі, қажырлы еңбек пен ізденістің нақты нәтижесі. Осы жұмыстар аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде тұрақты түрде жарияланып келеді. Тілшілердің жұмысына шығармашылық сәттіліктер тілейміз. Өзіміз әуелі аудандық газетті іздеп, жаңа нөмірінде қандай мақалалар жарияланғанын асыға күтіп, бәрін оқып шығамыз. Бұл қаламгерлердің еңбегінің оқырмандардың ықыласымен ұштасқаны десек болады, – дейді Абдолла Арғынбаев.
Жоғарыда атап өткеніміздей ауданның денсаулық сақтау саласында аудандық газеттің 400-ден астам оқырманы бар. Бүгінде оқырмандардың мекен жайына аптасына екі рет аудандық басылым жеткізілуде. Редакцияның баспасөз бөлімінде еңбек ететін таратушылардың айтуынша, газетті сала қызметкерлері асыға күтеді. Бұл бірлесе атқарылған жұмыстың жемісі. Осы ретте газетке жазылған барша ақ халатты абзал жандарға және аудандық аурухана ұжымына алғыс айтамыз!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ