Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Газеттің әр нөмірінде қолтаңбасы қалды

Газеттің әр нөмірінде қолтаңбасы қалды

Көзі қарақты оқырманға қай жұмыстың өзіндік қиындығы болатынын белгілі емес пе?! Қаламгерлердің жұмысы былайынша жұртқа оңай болып көрінуі мүмкін, дегенмен баспасөз – қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін әлемі бөлек сала. Бас­пасөз күні мерекесі қарсаңында ұжымда өзіндік орнымен жүрегімізде мәңгі қалған редакцияның мақтанышы болған Гүлсім Әлжанова туралы жазуды жөн көрдік.

Гүлсім Ахметжанқызы айдынды Аралдың Бөген ауылында 1967 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол 1993 жылдан бері аудандық газетте еңбек етіп, өмірінің соңынан дейін газет жұмысының ыстығына күйіп, суығына тоңған жан. Га­зеттің мазмұнды шығуы шығармашылық ұжымның ізденісіне байланысты екені рас, ал сол ізденістен туындаған мақалаларды газет бетіне дұрыс орналастыру да үлкен шығармашылық ізденісті қажет етеді. Міне, осындай жұмысты өз деңгейінде атқарып, қарым-қабілетінің арқасында мықты маман болған дизайнер Гүлсім Әлжанова.

Аудандық баспахана мен редакция бірікпей тұрған алмалы-төкпелі жылдары ре­дакцияға машинистка болып жұмыс­қа қабылданған әріптесіміздің еңбек кітап­шасында бүгінде марқұм болған журналист Қуаныш Татановтың бұйрығымен жұмысқа қабыл­данғаны жайлы жазба тұр. Көптеген редактормен, нақтысын айтқанда жеті редактормен бірге жұмыс істеп, газеттің шығуына атсалысқан маман уақыт өте компьютерлік дизайнды өз бетінше меңгеріп, газеттің белді маманына айналады. Қабілетінің арқасында газетті соңғы үлгідегі дизайнмен әрлеуді үйреніп, газеттің сапалы шығуына атсалысады. Редакция ұстаханасында 30 жыл табан аудармас­тан жұмыс істеген әріптесіміз мықты маман атанып, газеттің әрбір нөмерінде өз қолтаңбасын қалдырды.

Әрине, оқырман асыға күтетін әрбір нө­мірдің көз сүйсінерлік дизайны мен түрлі түске еніп, барлық мақаланың әрін ашуға шеберлігін салу оңай емес. Әсіресе, аптаның газет шығатын екі күнінде уақытпен санас­пай, барлық беттің дұрыс қатталуы мен баспаханаға кеткенге дейінгі машақатына жауапты маманның бірі болу төзімділікті, маңдай терді қажет етеді.

Осынау ұзақ жылғы жемісті еңбегінде Гүлсім апамыз үлкенге ізетті, кішіге қам­қор бола білді. Ұжымда үлкендер жағы Ақ Гүлсім деп атаса, біздер Гуля деп ерке­лейтінбіз. Жамандыққа қарсы, барынша әділ, екіжүзділікті жек көретін қайсар мінезді Гуля қандай жұмыс жүктелсе де жұмыстан қашпайтын. Қиналғанға қол ұшын беріп, ісімен де сөзімен де ерекшеленетін. Талай жас маманға анасындай болып, қамқорлық танытатын. Жұмыс барысында көңілі жабырқаулыға демеу болып, «мұны да ұмытасың, бәрі де өтеді де кетеді» деп жұбататын. Бұл қасиет ата-анасынан қанына сіңген қасиеті мен тәрбиесі болса керек. Отбасында да сүйікті жар болып, 5 баланы тәрбиелеп, қосағы Жаппарбек ағамен мәнді де мағыналы өмір сүрді.

Қазір Гүлсім апамыздың орны ойсырап тұр. Өмір өз ағымымен өтіп жатыр десек те, өзінің адамгершілік қасиетімен әріптестірінің жүрегінде мәңгі қалған Гүлсімнің өзіне жарасымды сыңғыры мен әдемі жымиысы, кез келген адамға ерік-жігер беретін еді.

Гүлсім апамен қарап отырсам бүгінде 22 жыл бірге жұмыс істеппін. Осы жылдар аралығында газеттің талай қиындығына бірге төзгеніміз ертегідей көрінеді. Редакцияның жұмысы мүлдем тоқтап қалу қаупі туғанда да сол кездегі редактор Сәуле Ерімбеттің іскерлігімен облыс орталығындағы Полиог­рафия баспаханасымен әріптестік байланыс орнатылып, газет уақытылы шықты. Дегенмен, аптасына екі мәрте алдын ала қағаз бетіне жазылған мақалаларды жинап алып, оны макетке орналастырып, баспахана терушілеріне тергіздіріп, беттетіп, баспаханаға бастырып әкелу газеттің бір ғана маманына жүктелді. Оны да абыроймен атқарғандардың қатарында Гүлсім Әлжанова бар болатын. Редакциядағы санаулы ғана маманды кезекпен редактор Қызылордаға газетке жіберетіндіктен бар жауапкершілік сол маманға жүктелетін. Әсіресе, мақалаларды қатесіз тергізіп, қатесі болса түзетіп, бас аяғына дейін жауапты болу қиынның-қиыны. Ақырында баспаханадан басылып шыққан жаңа нөмірді арқалап, (үш үлкен бума, авт) кездескен көлікпен, мейлі ол пойыз болсын, автобус болсын, әйтеуір уақытылы ауданға жеткізу нағыз ерлікпен тең болатын. Осындай жұмыстың үл­гісін кейінгілерге көрсеткен Гүлсім апаның жауапкершілігі өте күшті еді. Арада жылжып уақыт өтіп, ол күндер де артта қалды. Редакция жаңа ғимаратқа көшіп, өз компьютерінде теріліп, беттелетін дәрежеге жетті. Сонда да облыс орталығындағы баспаханаға басылып келгенге дейінгі бар жұмысты журналистермен бірге атқаратын дизайнердің көтерер жүгі жеңіл емес-тін. Газеттен бос уақытында келесі газетке дайын үлгілер дайындап, шығатын мақаланы өзгеше әрлеудің жаңа дизайынын жасап, оны әріптестеріне көрсетіп отыратыны есімізде.

Гүлсім Ахметжанқызын редакцияда жас­тардың жанашыры деп бекер айтпайды. Се­бебі, редакцияға жұмысқа келген әрбір жас маманға қолдау білдіріп, арқасынан қағып, «мықты маман, журналист боласың» деп қамқорлығына алуының өзі имене редакция есігін аттаған жас мамандарға үлкен сенім беретін. Гүлсімнің айта берсе жақсы қасиеті өте көп еді. Жаспен де, жасамыспен де тіл табысып, еңбектің көрігін қыздыратын мықты маман болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Олай дейтініміз редакцияға кімдер келіп, кімдер кетпеді. Араларында бір айға да тұрақтамай, кетіп қалатындар да кездесті. Ал байырғы маман шыдамдылық танытып, көмегі қажет ететін жұмысқа белсене кірісіп кететін. Бұлай дейтініміз, қайбір жылдары редакция тарату қызметін қолға алды. Жаңа жұмыстың ілгері басуына көп уақыт керек. Газеттерді сұрыптау, санау, таратушыларға бөліп беру секілді жұмыстарды да бірге атқарысып, оқырманға неғұрлым газеттің ерте жетуіне атсалыс­ты. Бір сөзбен айтқанда редакцияның өз адамы болатын. Осынау жақсы адамның арамыздан бірден кетіп қалатыны түсімізге де кірмеген. Жұмысқа бірінші болып келіп, ең соңынан шығатын адамның бір сәтте келмей қалуы, редакцияның бір бұрышының опырылып қалуымен бірдей болды. Уақыт емші дейді. Дегенмен көпке дейін әріптесіміздің ауруханадан жазылып, қайта жұмыс үстеліне отыратынына сендік. Алланың әмірі қатаң болды. Неге олай болды екен?

Гүлсім апаның ерік жігері мықты еді ғой. Анау-мынауды елемей, тіпті отағасы ауыр халге түсіп, төсек тартқанда да, өзі жағдайын жасап та, жұмысқа да үлгіріп те жүрді. Өмірлік серігі Жаппарбек ағаның бабын жасап, тезірек айығып кетуіне демеу болды. Бір жыл бойы жансызданған денесінің бір бөлігін сылап сипап, қоларбаға отырғызып, бетін бері қаратты. Әттең, жалған өмір, өз дегенін істемей қоймады. Бір сәтте өмірді қиып кете барған жұбайының қазасын қайсарлықпен көтергенімен, жүрегі езілді. Шүкірлігі балаларының алды үйлі болып, немере сүйгізгені болатын. Аман есен отағасының жылдық асын өткізгені сол ақ екен, Ақ Гүлсімнің де денсаулығы сыр бере бастады. Екі аяғымен тең жүргеніне шүкірлік еткенімен жүрек құрғыр шыдамады. Қан қысымы демде көтеріліп, ауруханадан бір ақ шықты. Біздер күннен күнге жағдайы оңалатын түрі бар дегенге сендік. Әттең, соңғы күндері ұялы телефоннан естіген дауысы болмаса, жүздесе алмадық. Өзі де халінің қаншалықты екенін сезді ме, «балаларыма мені әуре қылмаңдар, Алланың берген сынағын көтергенімше көтеремін» деп айттым деген сөзі үміт оты сөніп бара жатқанын білдірсе керек.

Қандай қатал тағдыр, біреуге ерте, біреуге кеш келетін сұм ажал, ортамыздан аяулы әріптесімізді 56 жасында алып кетті. Алла марқұм Гүлсім Ахметжанқызын өз панасына алсын, деп дұға тілейміз.

Биылғы төл мереке тағы бір әріптесімізсіз өтеді. Орны ойсырап тұрған ардақты жанның жоқтығы қабырғамызды қайыстырады. Амал қанша, бізді күтіп отырған оқырман бар, газеттің жаңа саны үшін еңбек ете береміз...
Бибісара ЖАНӘЛІ
27 маусым 2023 ж. 241 0