МАҚТАУЛЫ КАПИТАН
Ел тыныштығын күзеткен тәртіп сақшыларының еңбегі зор. Күн-түнмен санаспай қоғам тыныштығы үшін қызмет ететін сала мамандары әрқашан абырой биігінде. Кез-келген уақытта сап түзеп, қоғамдық тәртіп сақтау, адам құқығын қорғау – олар үшін бұлжымас заң. Өйткені, ең алдымен қоғамға қауіп-қатер төндіретін түрлі ахуалдың алдын-алу негізгі қызметтік міндетке кіреді. Кәсібіне адал мамандық иелерінің құрметіне жыл сайын «23 маусым – Қазақстан полициясы күні» ретінде аталып өтіледі. Мереке қарсаңында аудандық ішкі істер бөлімінің кадр жұмысы тобының инспекторы Айдос Алматов жайлы жазудың сәті түсті.
Айдос Ақанұлы мектеп қабырғасында жүргеннен қоғамдық іс-шараларға белсене араласатын. Бала күнінен тәртіп сақшысы болуды армандады. 2000 жылы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейді бітірген соң, заң колледжіне оқуға түседі. Одан кейін білімін «Болашақ» университетіне түсіп, жалғастырады. 2003 жылы А.Алматов Батыс Қазақстан облысында, Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден келген соң құқық қорғау саласына қызметке қабылданды. Сөйтіп, бала күнінен армандаған мамандықтың қыр-сырын меңгеруге бар күшін салды. Ол осы салада жүріп, шынықты, шыңдалды. Оған бұл қиындық келтірмеді. Себебі, әскерге барып, оның алғашқы сатысынан өткен солдат үшін әскери тәртіпке бейімделу қиын болған жоқ. Қайта бұрынғыдан да ширыға түсті. 2008-2011 жыл аралығында Қызылорда желілік ішкі істер бөлімінде еңбек етті. Жол бойында адамдардың қауіпсіздігіне кепіл болған полицей қай кезде де қырағылық танытады. Кейіннен аудандық ішкі істер бөліміне ауысып, бірнеше дүркін «Парасатты полицей» байқауының жеңімпазы атанды. Әркез ішкі істер саласындағы қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін Айдос бауырымыз мәдени шараларды түрлендіріп, концерттік бағдарламаларды да ерекше жандандырып жіберетін. Сан қырлы Айдос Ақанұлы облыстық «Жігіт сұлтаны» сайысының жеңімпазы. Қазіргі жұмысына мығым капитан келіншегі Шырайлым екеуі 3 перзентті тәрбиелеп отыр. Өз әулетінен шыққан тұңғыш полицейді ата-анасы мақтан тұтады. Ендеше, халықтың қорғаны болған тәртіп сақшысына биіктен көрінуге тілектестік білдіреміз.
Б.ОРДАБЕКОВ
Пікір 2