Балалар қуанышқа кенелді
Пандемия салдарынан өткен жылдары Халықаралық балаларды қорғау мерекесі аталып өтілмеді. Биыл бұл мерекеге балалардың асыға жеткені білінді. Әрбір үйдің балғындары шат-шадыман күйге бөленіп, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Балалар жылы» аясында Орталық алаңда өткен іс-шараға жүздерін қуаныш кернеген балалар көптеп жиналды. Оларды аудан әкімі М.Ергешбаев жайдары жаздың шуақты мерекесімен құттықтады.
– Балаларды қорғау күні – әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға үндейтін мереке. Сондықтан бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы мен мағынасы зор. Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарың Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Болашақтарың жарқын, аспандарың ашық болсын. Елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болыңдар, – деді аудан әкімі.
Құттықтаудан соң аудан басшысы балаларға сыйлықтар табыс етті. Атап айтқанда, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларына мерекелік тарту ретінде 50 балаға велосипед, 15 балаға ұялы телефон сыйға берілді. Сондай-ақ аудан әкімдігі мен ауданның жанашыр кәсіпкерлерінің қолдауымен 100 балаға Алматы облысының «Тау жанашыры» лагеріне жолдама тарту етілді. Одан бөлек, аудандағы «Жалын» тынығу лагеріне облыстық мәслихаттың депутаты Р.Есенов арнайы музыкалық аппаратура сыйласа, «А.Тоқмағамбетов Жер» ЖШС тарапынан №135 орта мектепке музыкалық аппаратура сыйға берілді. Бұл – ел азаматтарының «Балалар жылы» аясында балғындарға деген жанашырлығы.
Іс-шара барысында мерекенің сәнін келтірген ертегі кейіпкерлері қызықты ойындар ойнатты. Аудан мектептерінің үздіктерінің шеруі өтіп, мереке көркін қыздырды. «Көңілді старт» эстафеталық сайыстары мен суретші бүлдіршіндердің асфальтқа сурет салу байқауы ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, бұл күні балғындар ерекше қуанышқа бөленді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ