"Өркен" күндізгі лагері тынығу маусымын бастады
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай №137 орта мектеп жанынан ашылған «Өркен» күндізгі тынығу лагері балаларға есігін айқара ашты.
С.Сейфуллин ауылының балғындары үшін ашылған күндізгі лагерьдің салтанатты ашылуы мерекеге орай ұйымдастырылды.
Әсем безендірілген мектептің акт залындағы іс-шара «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» тақырыбымен өтті. Мерекелік концерт тынығушылардың қатысқан «Бауырсақ» ертегісімен басталды. Кейіпкерлер бейнесіндегі балалар ертегіні әсерлі, әрі қызықты етіп сахналады.
Жазғы демалыс маусымының ашылуымен және Халықаралық балалар күнімен тынығушыларды мектеп директоры Б.Есназар құттықтады.
– Халықаралық деңгейде аталып өтілетін бүгінгі мереке әлемдегі балалардың бақытты балалық шағына арналады. Барлық бала бақытты болуы тиіс. Ол үшін ата-ана, ұстаздар қауымы жауапты екені сөзсіз.
Мектеп жанынан бірнеше жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Өркен» күндізгі тынығу лагерінде балалар уақытын қызықты, мәнді, әрі пайдалы өткізетін болады. Оған лагерь басшысы Марта Елеукеева бастаған ұжым атсалысады. Күнделікті жоспарға сәйкес тынығушы 20 баланың қатысуымен іс-шара өтетін болады. Бір ауысым 10 күнге созылады. Екінші ауысымда тағы 20 бала тынығады деген жоспар бар. Бүгінгі мерекеде барлықтарыңызға бақыт, қуаныш, қызықты демалыс тілеймін, – деді мектеп басшысы.
Жазғы демалысқа шыққан өнерлі балғындар мерекеге орай «Гүлдер», «Жаңбыр» биін биледі. Кішкентай әншілер «Тұлпар», «Ақ құс» әнін орындады. Ұл-қыздар болып шапшаңдыққа, аңғарымпаздыққа байланысты «Өз үйіңді тап» ойынын ойнады. «Айгөлек» әніне қосылып, флэшмоб биледі.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Есекеев барлық балаларға мерекелік көңіл күй сыйлаған лагерь ұжымына рахметін айтып, балаларға тілегін жеткізді.
Мерекелік кеш соңында тәрбиешілерден құралған ертегі кейіпкерлері ортаға шығып, әсем әуенге қосылып биледі, балаларға балмұздақтар мен тәттілер таратты. Мерекеге демеуші болған кәсіпкерлер Қуаныш Сайрам, Алма Байкенжеева, ауыл тұрғыны Айгүл Асановаға мектеп басшысы алғыс білдірді.
Түйін. Балалардың асыға күткен мерекесі де осылайша қызықты әрі қуанышқа толы өтті. Жыл сайын ауыл мектебі жанынан ашылатын күндізгі тынығу лагері биыл пандемияға байланысты әдеттегіден өзгеше талаппен ұйымдастырылуда. Тынығушылар таңертеңнен түскі мезгілге дейін 4 сағат тәрбиешілерімен бірге бос уақытты тиімді өткізбек. Ол үшін арнайы іс-шара жоспары жасалған. Балалардың белсенді демалысын ұйымдастыруда лагерьде барлық жағдай қамтылған.
Бибісара ЖАНӘЛІ