Мерейлі мамандық иесі
Жақында аудандық редакцияға сүйінші хабар келіп жетті. 12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні қарсаңында аудандық аурухананың перзентхана бөлімінің акушеры Жанат Әбілқанқызы облыстық байқауда «Үздік акушер» номинациясы бойынша жүлделі III орын иеленіпті. Жақсы жаңалыққа біз де шын қуанып, ақпараттық қолдау көрсетуді жөн санадық.
Медицина саласында тәжірибесімен танылып келе жатқан Жанат Қалымбетова ең алғаш аудандық ауруханаға қарасты «Балалар» бөлімшесінің мейірбикесі болып қызметке орналасқан. Тоғыз жыл мейірбике болып, талай баланың дертінен айығуына себепкер болған. Кейін акушер маман ретінде «Перзентхана» бөлімшесіндегі қызметін бастаған. Мұнда алғашқы жылдары ана мен бала мейірбикесі қызметін жауапкершілікпен атқарған. Содан кейін негізгі мамандығы – акушер болудың қыр-сырына қаныққан. Гиппократ антына адалдық танытып, еңбегінің жемісін көріп жүрген Жанат дені сау ұрпақтың дүниеге келуіне сүбелі үлес қосып келеді.
Он жеті жыл бойы медицина саласында табан жазбай қызмет етіп келе жатқан ақ халатты абзал жанның акушерлік мамандықты таңдауына анасы себеп болған. Бүгінде марқұм анасының арманы орындалып, аталған салада үлкен жетістіктерге жетіп жүрген Жанат Қалымбетова аталған облыстық сайысқа үлкен ынтамен қатысқан. Байқау екі кезеңнен тұрып, алғашқы бөлімде жеке портфолио дайындаған ақ халаттылар екінші бөлімде өз білімі мен білігін көрсете білген. Нәтижесінде Жанат жүлделі ІІІ орынды жеңіп алып, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының «Алғыс хаты» мен ақшалай сыйлығына ие болған. Бағы мен бабы қатар жанған білікті маман кәсіби мереке қарсаңында аудан әкімінің арнайы «Алғыс хатына» ие болғанын да айта кеткеніміз жөн.
Атаулы мамандық иесінен үлкен жауапкершілік талап етіледі. Ем іздеген адамға инесімен шипа еккен жандарды адам жанының арашашысы деп айта аламыз. Мейірбике – мерейлі мамандық. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі қандай марапатқа болса да лайық.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ