Анасының жолын қуған дәрігер

Осыдан 51 жыл бұрын Аманкелді ауылындағы Қапан мен Жұмазияның шаңырағында кесте тігер бойжеткен дүниеге келді. Былдырлаған тілімен жұртты таң қалдыратын кішкентай Гүлмира үйге келген кісілерге «анам секілді дәрігер боламын» деп мақтанатын. Ауылдағы №42 Қ.Баймағамбетов атындағы мектеп-лицейде физика пәнінен сабақ беретін Қапан Аяшов қызын жетектеп сабаққа өзі апаратын. Содан бергі уақытта қанша жыл өтті. Отбасындағы 6 перзент түрлі салада қызмет етуде. Тек Гүлмира Аяшова анасы жүрген сара жолмен бой түзеп келеді. Қасиетті білім ұясынан түлеп ұшқан бойжеткен Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. «Білімсіздің күні ғәріп» екенін білетін Гүлмира Қапанқызы балалар дәрігері мамандығын игеріп шығады. Алғаш жұмысқа орналасқан кезі абзал жанның есінен ешқашан кеткен емес. Ол Қызылорда қалалық №1 емханаға балалар дәрігері ретінде жұмысқа орналасады.
Қазіргі таңда Қоғалыкөл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда қызмет ететін ақ жүректі дәрігер 2500-ден аса халықтың денсаулығына жіті қадағалау жүргізеді. Осы ауылға келін болып түскен Гүлмира Қапанқызы Ғани Ботабаевпен отау құрады. Ерлі-зайыптының 3 перзенті бар.
– Жолдасым Ғани жеке кәсіппен айналысады. Медицина саласы күрделі болғандықтан, ол үнемі қолдау көрсетіп отырады. Шын мәнінде, ауыл медицинасында басқа салаға қарағанда өзіндік қиыншылықтары бар. «Жедел-жәрдем» қызметінде жүріп, ауыл тұрғындарының шақыртуына барамыз. Түнгі уақытта жағдайы ауыр науқастарға көмек көрсетіп, дертін емдеуге барын саламыз. Ал күндізгі уақытта науқастарды қабылдап, жоспарлы ем қабылдауға жолдаймыз. 25 жыл уақыт ішінде қаншама тағдырдың мән-жайына қанықтық. Үнжырғамыз түспей, тек науқастың алдында күлімсірей қараймыз. Ауырғанға демеу, көңілі құлазығанға сырлас боламыз. Дәрігердің өмірдегі бар жетістігі – қарсы алдында отырған адамның денсаулығындағы кінәратты анықтап, дертіне қонымды ем тағайындау екенін айтқым келеді, – дейді ақ халатты абзал жан.
Ауыл халқының алғысын арқалаған тәжірибелі дәрігер бірнеше марапатқа қол жеткізген. Туған жеріне қызметін аямайтын маманға «Сырдария ауданының 90 жылдығы» медалінің шоқтығы биік.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Пікір 1