Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отан қорғаушының анасы

Отан қорғаушының анасы

Қарулы Күштер – елдің қорғаны, тірегі, қауіпсіздігінің кепілі. Тәуелсіз еліміз өзінің қарулы күшімен қуатты. Бұл біздің Отанның айбынды әскері.

Қазақ халқы қай заманда да жауынгер халық. Ұлы жорықтарда жауына қарсы тұрып, қайтпас қайсарлықпен тойтарыс берген. Ұлы даланың ұландары туған жерді көздің қарашығындай сақтауға серт берді. Батыр ерлердің жалғасы бүгінгі жауынгер ата-бабамыздан мирас боп қалған кең байтақ жерді қорғауға әзір тұр.

Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір ер азаматтың қасиетті парызы. Айбынды жауынгер атану – үлкен абырой. Осы абыройлы міндетті адал атқаруға әскерге аттанып, туған елге аман есен оралғандардың қатарында жауынгер – Азиз Қожабаев та бар.

А.Тоқмағамбетов ауылының тумасы Азиз Даниярұлы – 2002 жылдың төл пер­зен­ті. Ауылдағы №135 А.Тоқмағамбетов атын­дағы орта мектептің тоғызыншы сыныбын бітірген соң Қарағанды қаласындағы жо­ғарғы политехникалық колледжді өрт сөндіру инспекторы мамандығы бойынша бітіріп, диплом алды. Туған жер­ге оралған соң көп уақыт өтпей Сырдария аудандық қорғаныс бөлімі арқылы әскерге шақырту алды. Әскери қызметті өтеуге 100 пайыз жарамды жігіт 2021 жылы Қапшағайдағы Заречный кентіндегі 3660 әс­кери бөлімде Ұлттық Ұлан сапына алынды.

– Әскерге 2021 жылдың 3 желтоқсан күні аттандым. Қызылорда қаласынан 13 жігіт осы әскери бөлімшеге қабылдандық. Әскери өмірдің қандай екенін көру кез келген ер азаматтың міндеті деген ойдамын. Темірдей тәртіп пен тегеуріндікке, әскери оқу-жаттығуға бір жыл бойы үйреніп, дағдыландық. Әскерге барғаныма еш өкінбеймін. Қайта нағыз ер азамат ретінде әскери адамның өміріне қанықтым, басымнан өткіздім. Елдің қорғаны болуды өзіме қасиетті борыш санадым. Міне, әскери бөлімшедегі қызметімді мінсіз атқарып, бір жылда 89 тәулік жауынгерлік қызметте болып, жабық мекемедегі күзетте ең көп болған жауынгердің қатарында әскери борышымды өтедім. Жігіттің ойын, ерік-жігерін шыңдайтын әскери мектептен өтіп, бір жыл да өте шықты. Тура бір жылдан соң, 2022 жылдың 3 желтоқсан күні әскери қызметімді аяқтап, ауылға оралдым, – дейді қатардағы жауынгер Азиз Даниярұлы.

Ауылда мектеп қабырғасында Азизбен бірге оқыған сыныптас 19 ер баланың ара­сын­да бесеуі Отан алдындағы борышын өтеп келсе, бүгінде бір сарбаз әскери қызметте.

Шын мәнінде қазір әскери өмір туралы әркім әртүрлі айтады. Сондықтан бар­лық ата-ана баласын әскерге жібергісі келмейді. Кім айдың күні аманында пер­зентін жамандыққа қияды. Дегенмен Отан қорғау – қасиетті борыш. «Ер азамат – ел­дің қорғаны» деп бекер айтпаған.

Бабаларымыз «Отанды сүю – иманнан» деген. Қазір жастарымыз иманды, білімге құштар. Осы асыл қасиетті бойына сіңірген ер азамат ата-бабаның қасық қанымен келген тәуелсіздіктің қадірін жақсы біледі. Отансүйгіштік рух жас сарбаздың бойынан табылса, ер азамат елжанды, өзіне сенімді, әрі ұлтжанды болады.

Жас жауынгер Азиз Қожабаев өз елінің патриоты ретінде әскери қызметті адал атқарып, бірнеше мәрте командирдің аты­нан алғыс алды. Батыл әрі ер жүрек сар­базға әскери борышын атқарудағы ынтасы, жауынгерлік дайындықтағы жоғарғы көрсеткіштері мен жауынгерлік қызметті абыроймен атқарғаны үшін №12 мекеме бастығы Е.Күзеубайдың арнайы марапаты табыс етілді. Сонымен қатар 3660 әскери бөлім командирі Ж.Әбдіқадыровтан «Әскери міндетін адал орындағаны, үлгілі әскери тәртібі және запасқа шығарылуына байланысты» деген мәтіндегі Грамотамен марапатталды. Қатардағы жауынгердің ана­­­сына «Отан қорғаушының анасы» меда­лі алыстағы әскери бөлімнен келіп жетті.

– Жауынгер баламды қашанда мақтан етемін. Ұлымның үлкені әскерге аттанғанда қатты қобалжыдық. Ер жігіттің міндеті Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу болғандықтан Азизды батамызды беріп шығарып салдық. Бір жылдың ішінде ұлы­мыз командирлерінің сенімін ақтап, мінсіз қызмет етті. Ата-анасы ретінде алғыс ал­дық. Кеудеме «Отан қорғаушының анасы» медалі тағылды. Әскери қызметті абыроймен атқарған баламды қай кезде де үлгі етемін. Соңынан ерген інісіне қамқор болып, алдына қойған мақсатына жетсе, ана үшін асқан бақыт жоқ, – дейді үш перзенттің анасы Гүлнәр Жақсылыққызы.

Бүгінде аудандық мәслихатта әдіскер болып қызмет атқаратын Азиздің алға қой­ған мақсаты асқақ. Азиз ең бастысы қа­сиетті Отанының патриоты.

Бибісара ЖАНӘЛІ
06 мамыр 2023 ж. 318 0