Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлер – елдің тұтқасы

Ерлер – елдің тұтқасы

Отанды қорғау – ер азаматқа міндеттелген абыройлы борыш. Бұл жолда қазақ жігіттері қайсарлығымен, батырлығымен, шыдамдылығымен Отан алдындағы парызын өтеп, Тәуелсіз Қазақстанның қорғанысын қамтамасыз етіп келеді. Осындай бейқам өмірдің тыныштығын күзетіп жүрген ерлерге жылдың бір күні арналып, құрмет жоралғысы жасалады.
7 мамыр – мемлекетіміздің қорғаныс қабілетінің кемелдігін көрсететін күн. Бұл күн осындан 29 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен бекітілді. 1991 жылы 25 қазан­да Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­дентінің Жарлы­ғымен Қа­зақ КСР мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылған еді. Кейіннен мемлекетіміздің қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешу үшін Қазақ КСР мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта жасақталды. Ал 1992 жылдың 7 мамырында Елбасы Н.Ә.Назарбаев ҚР Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Егемен елдің заңдық құқықтары негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы келісімдерге орай Жарлық бойынша Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса мемлекет қарауына өтті. Оның Жоғарғы Бас Қолбасшысы міндетін Елбасы өз мойнына алған еді. Содан бас­тап осы күн «Отан қорғаушылар күні» болып жарияланды. Бұл күн – тәуелсіз еліміздің тұрақтылығын, қорғаныс қабілетінің мықтылығын білдіретін тарихи күн.
Отан қорғаушылар – ел егемендігінің сақшылары. Олар жылдан-жылға шеберлігін арттырып, әр­түрлі халықаралық әскери жаттығуларда жоғары жауынгерлік даярлықтан өтіп, Қазақстан Ар­мия­сының мықтылығын дәлелдеуде. Әскеріміз жа­ңарып, оның күш-қуаты жылдан-жылға нығаюда. Сол себепті де Қазақстан халқы мықты Армиясына әр­қашан сенеді және мақтан тұтады. Өйткені, Армия – мемлекетіміздің қорғаны, бейбітшілік тірегі. Сондықтан біздің Армия Отанға, Президентіне, Қа­зақстан халқына адалдығын сақтай отырып, алға қо­йған тапсырмаларды орындауға әр уақытта да­йын.
Айбынды Армиямыз қарыштап дамып келе жатқан еліміздің даму үрдісіне орай жыл сайын арнайы ұрандарды ту етеді. Биылғы жыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. Осыған байланыс­ты Қазақстан Армиясының 2020 жылғы ұраны – «Біздің жетістіктеріміз – Ұлы Жеңіске». Яғни қазақ ұландары жеткен жетістіктерін соғыс жылдарында етігімен қан кешкен қазақстандық жауынгерлердің құрметіне арнайды. Қолына қару алып, Отан үшін соғыста ерлік көрсетіп, жеңісті жақындатқан майдангерлерді олар ешқашан ұмытпай, солар салған сара жолдың сақтығын қамтамасыз етеді.
Отан алдындағы қасиетті борышты өтеу – әрбір азаматтың міндеті. Бұл тұрғыда, ауданымыздың айбынды жігіттері өздерінің парызын абыроймен атқатуда. Көктемгі және күзгі мерзімдегі шақыртулармен еліміздің әскери бөлімдерінде ант қабылдап, мерзімді әскери қызметші ретінде және келісімшарт бойынша Отанға адал қызмет көрсетуде. Осындай қызметтің ұйымдастырылуын аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қыз­меткерлері қамтамасыз етіп келеді. Олардың жүйелі жұмысының нәтижесінде аудандық бөлім облыс бойынша былтырғы жылы алғашқы орыннан көрінді.
Отанды қорғау – абыройлы борыш болса, Отан­ды қорғаушы – үлкен мәртебе. Осы жолда түн қатып тыныштықты күзетіп, күндіз бейбіт өмірдің сақтығына сақадай сай Отан қорғаушылар – Тәуелсіз Қазақстан Туының мәңгі желбіреуінің сақшылары. Халық даналығында «Ер – елдің қорғаны» деген нақыл сөз бар. Сол себепті ел қорғандарының қасиетті қызметтері бейбіт өмірге арналатынына сенімдіміз. Олар өз антына әрқашан адал болары сөзсіз.
Отан қорғаушыларды мерекелерімен құттық­таймыз!


Майя ҚОЖАБАЙ
05 мамыр 2020 ж. 939 0