Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала қауіпсіздігі басты назарда болуы қажет

Бала қауіпсіздігі басты назарда болуы қажет

Бүгінгі қарастыратын 3 маңызды мәселе суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік, балалардың терезеден құлауы және балаларға өрт қауіпсіздігінен сақтану шаралары туралы болмақ.

Облыстың су айдындарында, әсіре­­се, Сырдария өзе­нінде жылда азамат­тардың әртүрлі себептермен бақытсыз жағдайларға ұшырауы, оның ішінде жаз айларында суға шомылу кезеңінде олардың санының өсетіні өздеріңізге мәлім.

2023 жылдың басынан бері еліміздің су айдындарында 7 адам қаза тапты, оның ішінде 1 кәмелетке толмаған (2022 жылдың ұқсас кезеңінде 11 адам, оның ішінде 1 бала), қаза тапқандар саны 36% азайды.
Судағы зардап шеккен азаматтардың, балалардың суда қаза болуына Сырдария өзені мен каналдардың кез келген әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) жерлеріне, судың салқындығын ескермей, спирттік ішімдік ішіп суға түсу, сонымен қатар, жүзе білмегендігі және ата-аналарының балаларын бақылауынсыз қалдыруы себеп болып отыр.

Ағымдағы жылдың суға түсу маусымында қайғы­лы жағдайларды болдырмау үшін Сіздерден суда қарапайым өзін-өзі ұстау ережесін қатаң сақтау керек­тігін сұраймын. Атап айтқанда:

Тыйым салынған орындарда шомы­луға;

Суда балаларды қараусыз қалды­руға;

Қоршау белгілерінен асуға;

Көпірлерден, бөгеттерден, қайық­тар­­дан суға секі­ру­ге және сүңгуге;

Таныс емес жерлерде шомылуға;

Мас күйінде шомылуға болмайды.

Осы жоғарыда айтылған қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауларыңызды және айтып келмейтін табиғи құбы­лыстар су, от – тілсіз жау екенін ұмытпау­ларыңызды сұраймыз.

Сонымен қатар аудан тұрғындарын судағы қауіп­сіздік талаптарын сақта­маған жағдайда Қазақстан Респуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364, 440, 412 баптарымен әкімшілік жауапкершілік көз­делгенін хабарлаймыз.

Елімізде балалардың жарақат алуы мен өліміне әкеліп соғатын тағы себеп­тердің бірі – терезеден құ­лау оқиғалары. Республика көлемінде 2018 жылы 15 жағдай орын алды (қайтыс болғаны 7 бала, жарақат алғаны 8 бала), 2019 жы­лы 34 жағдай орын алды (қайтыс бол­ғаны 7 бала, жарақат алғаны 27).

Ағымдағы жылы 6 жағдай орын ал­ды (қайтыс бол­ғаны 2 бала, жарақат алғаны 4).

Балалар табиғи қызығушылықпен ашық терезе алдында қауіп-қатерге бе­йім болып келеді. Әсіресе 3-7 жастағы балалар терезеден құлау қауіп-қатеріне жиі ұшырайды, бұл жастағы балалар терезе алдында ойнаудың қауіпті екенін түсінетін жаста емес, үлкендердің еш­қайсысы оларға бұл жағдай туралы түсін­дірмейді. Терезеден құлау оқиға­лары көп жағдайда ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыру салдарынан болады. Осыған байланысты ата-ана­ларды өте сақ болуға және кішкентай балаларды терезесі ашық бөлмеде жалғыз қалдырмауларыңызды сұраймыз.

Балаларды терезеден құлау жағ­дайынан қалай сақ­тауымыз керек?

Үйде балалар болған жағдайда, ешқашан тере­зені ашық қалдырмаңыз! Сіз балаңыздың жанында болғаны­ңыз­бен өз назарыңызды басқа нәрсеге ау­дарған мезетте балаңыз өз өмірімен қош айтысуы мүмкін.

Барлық жиһаздарды бала терезе алдына шыға алмайтындай етіп, терезе жанынан алшақ қойыңыздар. Егер бұл мүмкін болмаған жағдайда, балаларға терезеге жақын орналасқан кровать немесе басқа да жиһаздардың үстіне ойнауына рұқсат бермеңіз.

Ешқашан терезедегі москиттік тор­ларға сенбе­ңіздер! Олар құлаудан сақ­тауға арналмаған, құлап бара жатқан балаларды қорғай алмайды! Керісінше, москиттік торлар қайғылы жағдайдың орын алуына әкеліп соғады, балалар москиттік торларды қауіпсіз деп ойлайды және терезеге сүйенгендей сол торларға сүйенеді. Көп жағдайда балалар осы тормен бірге құлап кетеді.

Мүмкіндік болса, терезені төменгі жағынан емес, жоғарғы жағынан ашы­ңыз. Балаларыңыз терезені өз еркімен аша алмау үшін, терезелеріңізге (арнайы бекіткіш) бекіткіштер орнатыңыз!

Жоғарыда көрсетілген ұсыныстарды ескере отырып, Сіз жазатайым оқиғаның және қайғының алдын аласыз.

2023 жылы Сырдария ауданы ау­мағында жыл басынан бері 11 өрт оқиғасы мен 24 өртке жатпайтын жану оқиғалары тіркелді.

Балалардың тентектігінен пайда болған өрт себептерінің талдауы кө­бінесе отпен абай болмауы, жеткі­ліксіз бақылау мен ата-аналардың бала­лардың бос уақытын ұйымдастыра алмаған­дықтан туындайтынын көрсетеді. Демалыс келісімен оқушылар ересектердің қарауынсыз жиі қалады. Бұл кезеңде балалардың отпен ойнауынан туындайтын өрттің шығуы арта түседі. Пәтерде немесе жеке тұрғын үйде жалғыз қалған бала үлкендерге еліктеп, сіріңкені алып қағазды жағуы, электр жылытқыш құ­ралдарын розеткаға қосуы, тіпті, от жағуы мүмкін, кейде ересектерден үлгі алып, балалар темекі шегуге талпынады. Бұған әрине, балаларды жалғыз қалдыратын, олардан сіріңкені жасырып қоймайтын, балалардың әрекетін қадағаламайтын, олардың ойынына зер салмайтын, кейде балаларды еркелетіп, олардың сіріңкемен ойнауына рұқсат беретін немесе пешті жағуды тапсырып, оны қарауға қалдыратын ата-аналар кінәлі екені сөзсіз.

Балалар көбінесе «құпия орындарда» (құрылыста, шатырда, жертөледе) немесе ересектер жоқ кезінде үйде отпен ойнағанды ұнатады.

Құрметті ата-аналар естеріңізде сақ­таңыздар:

– сіріңкені балалардың қолы жетпей­тін жерлерде сақтау, балаларға сіріңке, темекі сатып алуға тыйым салу, ересектер тұрақты түрде балаларды бақылап отырулары қажет;

– балаларды үйде сыртынан жауып кетуге болмайды, оларға жанып жатқан пеш пен жылыту құралдарын қарауды тапсыруға, әсіресе кіші жастағы ба­лаларға жылыту құралдарын, газ плиталарын және тағы басқаларды қосуға тыйым салынады.

Әрбір ересек адамның міндеті – балалардың отпен ойнауына жол бермей, оларға оттың қаупін түсіндіру. Кейде азаматтар жану белгілерін байқаса да (түтін иісін), оған жете мән бермей, ұзақ уақытқа дейін өртке қарсы қызметті шақырмайды.

Осындай жағдайларда өрттердің аумағы ұлғайып, көбінесе қайғылы салдармен аяқталады. Естеріңізде болсын, егер бақылаусыз қалған балалардың салдарынан өрт шығып, ол кімде-кім­ге нұқсан келтірсе, онда ата аналар заң бойынша әкімшілік тәртіпте жауап­кершілікке тартылады.

Өрт немесе жану оқиғасы болған жағдайда тез арада «101», «112» теле­фон номеріне хабарласу керек. Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімінде 21-4-94 нөмірлі сенім телефоны жұмыс жасайтынын естеріңізге саламыз.

Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі

Фото: ашық дереккөзден
03 мамыр 2023 ж. 416 0