Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сауабы мол ай

Сауабы мол ай

Қасиетті Рамазан айында адамзат баласына қор­қынышты болған тозақ есіктері жабылып, ізгі амалдары үшін жұмақ есіктері ашылады. Кешірім айының ерекшелігі туралы Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім ри­уаят еткен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде«Рамазан келгенде жәннаттың есігі ашылып, тозақ есігі жабылады, шайтандар кісенделеді» делінген. Сондай-ақ Әбу Умамадан (р.а.) имам Нәсәи риуаят еткен хадисте: «Мен Расулуллаға (с.ғ.с.) барып: «Маған бір амал бұйы­рыңыз. Мен сол амалды орындайын», – деп айтқанымда, Ол (с.ғ.с.): «Ораза ұста. Себебі, онымен тең келетін амал жоқ» деп жауап берді» дегеннен 12 айдың сұлтаны – Рамазан айының қасиетін білуге болады.

Тура жолды нұсқаушы «Құран» атты ұлық пәрмен жерге түсе бастаған қасиетті айдағы ең ізгі амал – ол ораза ұстау. Бүгінде Рамазан айында астан тыйылып, ауыз бекіткендер, отыз күн ораза ұстағандар жан рақатын сезініп, өздеріне тиесілі мол сауапқа кенелуде. Әрбір пенденің таң атпас­тан ауыз бекітіп, кеш батқанға дейін ораза ұстап, амал етуі оның күнәларының ке­шірілуіне себепші болады және ол кісінің тіле­ген тілектері қабыл болмақ. Сонымен бірге ораза ұстағандарға ауыз аштырған жандардың игі амалдары үшін де сауаптар жазылмақ. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауыз аштырса, күнәлары кешіріледі, тозақтан азат болады. Әрі оған сауабы кеміместен ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап беріледі» дейді. Біз: «Уа Алланың елшісі! Баршамыздың ораза ұстаған кісіге ауыз аштыратындай шамамыз жоқ» дедік.  Алла елшісі (с.ғ.с.): «Алла бұл сауапты ораза ұстаған жанға бір құрмамен ауыз аштырғанға да, тек сумен ауыз аштырғанға да, аз ғана сүт бергенге де береді» деп имам ибн Хұзайма риуаят еткен хадисінде айтылған.

Міне, осындай берекелі айда мол сауапқа ке­не­луді мұрат еткендер Тереңөзек кентіне қарас­ты О.Мәлібаев елді мекеніндегі «Мол­дабек ата» мешітіне барып ауызашар ұйым­дас­тыруда. Мұн­да ­кезекпен игілікті іс жасап, нығ­метін көруге асық­қан кент тұрғындары көп. Елді мекендегі тұрғындар көше болып, одан бөлек жекелеген отбасылар, сыныптастар осы қасиетті айда мол сауап жинау үшін ораза ұстағандарға қуаныш сыйлауда. Оған қоса, ораза айы басталғаннан Алланың үйінде «Тарауық» намазы оқылып, қасиетті Құран-Кәрім хатым етілуде, Рамазанның құдыреттілігі ұлықталуда. «Тарауық» намазын мешіттің имамы Жетпіс Асықбаев жүргізуде және жамағатқа Рамазан айындағы ізгі амалдар туралы уағыздар айтуда.

Ізгі­лікті іске жұрт болып жұмылғандардың қа­сиет­ті айда тілектері қабыл болғай!


Е.БЕРКІНБАЕВ
15 сәуір 2023 ж. 177 0