Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рамазан – айлардың сұлтаны

Рамазан – айлардың сұлтаны

Мұсылман қауымының қуанышты мерекесі саналатын қасиетті Рамазан айы биыл 24 сәуірге тура келді. Қасиетті ай күндердің қасиеттісі – жұма күні басталды. Бұл да бір биылғы жылғы рамазанның өзіндік ерекшелігі.
Рамазан айы – өте қадірлі де ерекше, мұсылман қауымы үшін берекелі де жолбасшы уақыт. Бұл жа­йында Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185 аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» делінеді. Демек, осы айда қадір тұтатын Құран аяттары түсіріліп, мұсылман халқына ораза парыз етілген.
Қасиетті айда ораза ұстаған жан үшін оның сауабы мен артықшылықтары көп. Мәселен, Рамазан айының әуелгі түнінің артықшылығы туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Рамазан айының әуелгі түні келісімен жындардың бұзақылары мен шайтандар кісенделеді. Тозақ есік­тері жабылып, оның ешбірі ашылмайды. Жәннат есіктері ашылып, оның ешбі­рі жабылмайды. Әр түні шақырушы (періште): «Әй, жақсылық іздеуші, қа­был ал! Әй, жамандық көздеуші, пейі­лің­нен қайт!» – дейді. Онда Алланың тозақтан босататындары болады. Әрі бұл (Рамазан бойы) әр түнде орын алады» дейді.
Сондай-ақ Рамазан айының ораза­сы күнәларды жуып-шаяды. Және де осы айда жасалған кіші қажылықтың сауабы еселене түспек. Одан бөлек Рамазан айында қасиетті Қадір түні бар. Алла Тағала бұл кешке толық бір сүрені арнаған. Онда «Қадір түні мың айдан артық» делінген. Яғни қасиетті болған Рамазан айының мұсылман қауымы үшін артықшылығын айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан осы айдың қадірін білгендер отыз күн ораза ұстап, тазару айында игі амалдар мен жақсы істер жасап жарысады.
Айта кететіні, биылғы Рамазан айы төтенше жағдаймен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған байланысты қасиетті айдағы жасалатын игі амалдарға әзір­ге шектеу қойылған. Бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазын мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдеді. Оған қоса мешіттерде, дәм­ханаларда, қоғамдық орындарда тағы басқа мекемелерде жиналып, ауызашар беруді уақытша тоқтатты.
Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының төрағасы, Бас мүфти Нау­рызбай қажы Тағанұлы ораза ұста­ған адамдарға ауызашар бергісі ке­­ле­тін­дерге басқа шешімдер ұсынды. «Қа­зіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адам­дарға ауызашар беруде мынадай қа­йырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз: мейрамханаларға тапсырыс беріп, аузы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен от­басыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру» – дейді Бас мүфти.
Ораза ұстаған адам көптеген қа­сиеттердің ішінде сабырлы болуға дағдыланады. Ал осындай қиын кезеңде бұл қасиет қажет-ақ. Сондықтан сабырлы болып, үйде жасаған құлшылық, ниеттеріңіз, ұстаған оразаларыңыз қа­был болсын!

Ердос БЕРКІНБАЕВ
25 сәуір 2020 ж. 877 0