Қызылорданың мектебі Жапония Елшілігі ұйымдастырған жобадан автобус ұтып алды
Қызылорда қаласындағы Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі Жапония Елшілігі ұйымдастырған "Шөп тамыры" гранттық жобасы арқылы автобус ұтып алды, - деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Мектеп ауласында жаңа автобустың лентасы қиылды.
Шараға қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Теңізбайұлы мен қалалық кәсіподақ төрайымы Орынша Міржақыпқызы қатысып, мектеп ұжымын құттықтады.
Мұндай қуанышты хабар мектеп-лицейдің ата-аналары мен педагогтерін, қызметкерлерін бейжай қалдырмады. Тарихи сәтті ата-аналар мен мектеп оқушылары бірге тамашалады.
Шараның екінші кезеңі "Мектебіңе бір тал сыйла" акциясы аясында мектеп-лицей ауласына көшет, гүл отырғызуға ұласты. Акцияға мектептің барша қызметкерлері мен ата-аналары қатысты. Акция барысында "Есетов саябағы" ашылып, саябаққа туя, терек, жеміс ағаштары отырғызылды. Бұл күні 1500 ағаш көшеттелді. Осындай игі шараға ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардың ата-аналары да белсене араласты.