Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » НАУРЫЗ – ЖЫЛ БАСЫ

НАУРЫЗ – ЖЫЛ БАСЫ

Жыл басы – Наурыз Сәкен ауылында ерекше сән-салтанатымен аталып өтілді. Мерекелік көңіл-күйдегі ауыл тұрғындары ертелетіп, ауылдық Мәдениет үйіне жиналды. Мұнда Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік шара өтетіні көпшілікке алдын ала хабарланған болатын. Екі қабатты зәулім жаңа ғимараттың алдына ақшаңқан екі киіз үй тігіліпті. Оның бірі “Құндыздымай” шқ, екіншісі “С.Сейфуллин-Жер” ЖШС-на тиесілі. Киіз үйлер жанында қыз-жігіттер ән салып, алтыбақанда тербетілуде.
Сәкен ауылындағы Наурыз мерекесіне күні кеше қажылық сапардан оралған Рақымжан Бәйменов ақсақалмен бірге бардық. Бәймен ахунның немересі Мекке мен Мединада қызымен бірге 10 күндей болып, қажылық парызын өтеген. Биыл 90 жасқа толатын азаматтық ұстанымы қашанда жоғары. Ардақты ардагер Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында осындай үлкен миcсия атқарып келіпті.
Ауылдық клубтың мәжіліс залында тұрғындар мерекеге арналған “Наурыз – сенсің жыл басы” атты концерттік бағдарламаны тамашалады. Онда оқушылар “Наурыз думан” әніне флешмоб биледі. Ұлыстың Ұлы күніне арналған әндер шырқалды. Наурыздың сәні – айтыс. Жас ақындар Алпамыс Арыстанбеков пен Бақтөре Айтбаев сахна төрінде айтыс ұйымдастырып, көпшілікке жылы әсер қалдырды.
Сол күні ауа райы да мамыражай қалып танытты. Ұлттық ойындарсыз мерекенің сәні кіре ме?! Арқан тарту, қол күрес ұйымдастырылды. Бұл спорттық шараға ауылдағы 2 шаруашылық ұжымы демеушілік жасады. “Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады” дегендей ауыл еңбеккерлері көктемгі егіс қарсаңында әз-Наурызды жоғары деңгейде атап өтті. “Ел – ағасына жарасады, киім – жағасына жарасады” дегендей жиналған көпшілікке Рахымжан қажы Бәйменов ақжарылқап бата берді.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

27 наурыз 2019 ж. 873 0