Фармацевтикалық өндіріс: Қазақстандық нарыққа шолу
Әдетте, бас ауырып, балтыр сыздаса емханадан бұрын дәріханаға жүгіретініміз белгілі. Дәрігер рецептінсіз босатылатын ауруды басатын дәрілерді уыстай ішіп, шипасын көретініміз және бар. Дәрігерге шағымдана барсаңыз да ұзын-сонар дәрі-дәрмекті тізіп береді. Ал сізді сол дәрілердің қайдан шығатыны, қай елден келгені, құрамы қызықтырады ма? Фармацевттен кеңес алғанда өндіруші ел туралы мәлімет сұрайсыз ба? Бүгінгі сараптама елдегі фармацевтика саласы мен оның маңызы және даму қарқыны туралы болмақ.
ЕЛДЕГІ ДӘРІ-ДӘРМЕК ӨНДІРІСІНІҢ «АТАСЫ»
Қашан да маңызы зор саланың елдегі пандемиямен қатар қажеттігі арта түскені белгілі. Ал Қазақстанда ең алғашқы фармацевтикалық зауыт осыдан 137 жыл бұрын ашылып, жұмыс жасай бастағанын білесіз бе? Бүгінде отандық өнімнің негізін құрап, фармацевтика саласы өндірісінде басым бағытқа ие зауыт 90-жылдары отандық өнімнің жалпы үлесінің небәрі 3 пайызын қанағаттандырған. Фармацевтикалық нарықтағы негізгі өнімдердің басым көпшілігі елімізге соңғы жиырма бес жылдың ішінде келе бастады. Елдегі ең алғашқы фармацевтикалық зауыт 1885 жылы Шымкент қаласында ашылған. Аталған орталықты біздегі дәрі-дәрмек өндірісінің «атасы» десек те болады.
Дәріханадан дәрі алғанда маманның «бұл «германский» өнім» деп ұсынғанын жиі кезіктірген боларсыз. Германиядан келетін дәрілік заттарды немістің әйгілі STADA компаниясы өндіреді. Аталған компания Қазақстандағы әйгілі зауыттан он жыл кейін, 1895 жылы жұмысын бастаған. Дәрілік заттарды әзірлеу және өндірумен айналысатын кооператив ретінде құрылған компания өнімдері 21 жылдан бері Қазақстанда қолжетімді. Аталған неміс компаниясы отандық фармацевтикалық индустрияның дамуында ерекше рөл атқарғанын айта кеткеніміз жөн.
ІРГЕЛІ САЛАДАҒЫ ІЛКІМДІ ІСТЕР
2021 жылдың қорытындысына сәйкес қазақстандық фармацевтика нарығының көлемі 765 млрд теңгені құрады. Өткен жылы отандық дәрі-дәрмек өндіруші кәсіпорындар 191,6 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, алдыңғы жылғы үлесті 25 пайызға арттырған. Бұл дегеніңіз жаман көрсеткіш емес.
Қазақстанның фармацевтикалық нарығында 88 отандық өндіруші бар. Оның ішінде 32 кәсіпорын дәрілік заттар шығарады. Отандық кәсіпкерлер дәрі-дәрмектің 900-ге жуық түрі мен медициналық мақсаттағы мыңнан астам бұйым түрін өндіреді. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында фармацевтика саласы 4,9 пайызға өскен. Түсініктірек болу үшін ақшаға шаққанда 84 млрд теңге екенін де айтып өтейік. Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаевтың айтуынша, бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 50 пайызға дейін ұлғайтылады. Яғни, фармацевтикалық нарықтың тең жартысы отандық өндірушілердің үлесіне тимек. Саланың жандануына жаңа өндіріс стандарттарына көшу, мемлекеттік тапсырыстар бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар, ЕАЭО-да дәрілік заттардың ортақ нарығының пайда болуы, сондай-ақ әлемді әбігерге салған коронавирус сияқты факторлар ықпал еткен.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Үкімет Қазақстанның фармацевтикалық өнеркәсібін дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Маңызды бастаманың бірі 2020 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің «Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы» өкімі болды. Оның қолданысы пандемиямен байланысты ағымдағы мәселелерді шешуге бағытталған. Ресурстық жоспар ретінде қолданыстағы Кешенді жоспарды және денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасына түрлендіру жолымен тиімді тәсілдер ұсынылды. Онда үшінші бағыт «Қазақстанның отандық фармацевтикалық өнеркәсібі» деп аталады. Отандық фармацевтика саласын дамытудағы басты міндеттер ғылыми-кадрлық әлеуетті арттыру мен өнім шығаруды дамыту, сондай-ақ, экспорттық әлеуетті ұлғайту болып табылады. Жалпы айтқанда, фармацевтика нарығы ел экономикасының дамуына бірден-бір жол ашып, қарқынды дамып келе жатқан сала деп айтуға негіз бар.
ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС – НАҚТЫ НӘТИЖЕ
1997 жылы Қазақстан үкіметі фармацевтика саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдаған. Оның негізгі міндеттерінің бірі отандық дәрі-дәрмек өндірісін нығайту болды. Оған дейін елімізде дәрі-дәрмек саясаты мен оларды тіркеу жүйесі болмаған. Фармацевтикалық өндіріс қарқыны да төмен еді. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың шығаратын өнімдерінің өзі саусақпен санарлық қана. Онысымен қоса бұл кәсіпорындар шетелдік компаниялармен бәсекелеспек тұрмақ, халықаралық стандартқа сәйкес келмейтін. Сондай-ақ ол уақыттарда жеке дистрибьюторлық компаниялар жоқтың қасы. Орталықтандырылған жүйеге енбеген дәріханалар жекешелендіру құрбанына айналып жатты. 90-жылдардың басында КСРО-ның мемлекеттік фармацев¬тикалық жүйесінің толықтай күйреуі аталған саланың дамуына кедергі болды. Жалпы, 1885 жылдан басталған қазақстандық фармацевтика саласы небір алмағайыпты бас-тан өткерген. Бүгінгі жеткен жетістік ұзақ жылғы «жанталас» пен үздіксіз дамудың жемісі іспетті.
1996 жылы 5 тамызда Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы құрылған. Қауымдастық өндірушілерді, таратушы компаниялар мен дәріханаларды – барлығын түгел біріктірген. Оның ішінде Алматы, Астана қалалары мен Шығыс Қазақстан облысындағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, техникалар өндірісімен айналысатын кәсіпорындар бар. Бұл кәсіпорын өкілдері Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Өскемен, Тараз, Шымкент қалаларында да орналасқан.
Аталған қауымдастық өз қызметіне кіріскен жылдар елдегі фармацевтика саласы үшін қиын кезеңдер еді. Сол кездегі саладағы ең ірі жетістіктің бірі – дәрілік заттарға қосылған құн салығын алып тастау туралы бастаманың жүзеге асырылуы болды. Бұл 1998 жылдың тұсы болатын. Арада екі жыл өткенде мәселенің тігісі біржола жатқызылып, импорттық медициналық бұйымдар мен құрал-жабдықтар үшін құн салығы қосылмайтын болды. Одан кейін денсаулық сақтау саласына қатысты барлық сырттан әкелінетін өнім ҚҚС-тан толық босатылды.
Сол жылдары мемлекет дәрілік зат өндірушілеріне талап қойған. Ол бойынша дәрілік заттардың қаптамасы қазақ тілінде басылып шығуы қажет еді. Бірақ берілген мерзімнің аздығы дәрілік зат өндірушілердің қарсылығын туғызған. Нәтижесінде фармацевтикалық өнім өндірушілер тағы он жыл бойына ТМД елдеріне ортақ қаптаманы пайдалану мүмкіндігіне ие болған. Қазіргі таңда бұл мәселе түбегейлі шешім тапты.
1999 жылы Халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығы құрылған. Дәл сол уақытта құрамында 15-ке жуық қана мүшесі бар қауымдастық құрамындағы компаниялар саны 2022 жылғы есеп бойынша 54-ке жеткен.
Жаңа ғасырдың басында, нақтырақ айтсақ, 2005 жылы халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығы «Фармацевтикалық достастық» ұйымын құрды. Оған Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан сияқты посткеңестік елдердің қатарында Қазақстан да мүше болды. Нәтижесінде тәжірибе алмасу мақсатындағы ірі көлемді іс-шаралар, конференциялар мен конгресстер біздің елде де өткізіле бастады. Атқарылған шаралар өз кезегінде нәтиже беріп, елдегі аталған сала қарқынды даму өрнегін көрсетті. Бүгінде Қазақстан халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша посткеңестік республикалар арасында көш бастап тұр.
ӨНДІРІС ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ
Соңғы он жылда өндіріс біршама қарқын алды. Орташа есеппен айтқанда – 11,6 пайыз. Бұл көрсеткіш салалық деңгейден бес есе және жалпы өңдеу өнеркәсібінен үш есе артық деген сөз. Отандық тауар өндірушілеріне көрсетілген ұдайы қолдау осындай белесті бағындыруға жол ашқан. Ал 2009 жылы Қазақстанда «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы жұмысын бастады. Ол мемлекет атынан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін сатып алумен айналысады. Соңғы он жыл ішінде сатып алу көлемі сегіз есеге дейін өскен. Бұл шамамен 250 млрд теңгені құрайды.
Мемлекеттік сатып алу жағдайына ке¬летін болсақ, 2022 жылдың қыркүйегіне дейін «СК-Фармация» 92 ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойған. Оның аясында 2025 жылға қарай 804-тен астам жаңа дәрілік зат пен 3944 медициналық бұйым жеткізу жоспарлануда. Қолданыстағы ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша 316 дәрі-дәрмек және 428 медициналық мақсаттағы бұйым шығару жолға қойылған. Айта кетейік, ұзақ мерзімді келісімшарттардың бизнесті қолдау құралы ретіндегі өз артықшылықтары да бар. Олар инвесторларға жобаны іске асы¬рудың барлық циклі үшін ақша ағынын жос¬парлауға мүмкіндік береді.
Жоғарыда атап өткен STADA компаниясы – аса ірі еуропалық сападағы дәрі-дәрмек өндірушісі. Сондай-ақ компания жыл сайын әлем бойынша түрлі әлеуметтік сауалнамалар жүргізіп, халық пікірін ескере отырып жұмыс жүргізеді. Осындай зерттеулердің бірі 2022 жылы жасалған. Ол «InSights Consulting» компаниясымен бірлесе жүргізілген «STADA Health Report» сауалнамасы болды. Дәл осы сауалнама Еуропаның 15 елінде биыл сегізінші жыл қатарынан өткізілуде.
Айта кетерлігі, денсаулық сақтау саласында аса маңызға ие сауалнамаға Қазақстан биыл алғаш рет қатысып отыр. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, пандемиядан кейін халықтың ойы біршама өзгерген. Тұрғындар өз денсаулығына алаңдайтынын айтып, дәрумендерді жүйелі түрде қабылдауға шешім шығарған. Сондай-ақ көпшілікке денсаулықтың қадірін ұқтырған дерт ұйқы мен тамақтың, физикалық белсенділіктің де маңыздылығын көрсетіп берген сыңайлы. Ал зерттеу нәтижелері тұрғындардың медицина саласына деген көзқарастарын, өз денсаулығын қаншалықты бағалайтындығын анықтайды.
Халықаралық аренада үлкен беделге ие компания заманауи тенденцияларға сүйене отырып, дамудың жаңа жолына түсіп келеді. Бір айта кетерлігі, аталған компания ашықтық саясатын ұстанып, ресми қаржылық нәтижелерді тұрақты түрде жариялап отырады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар – халыққа қажетті әлеуметтік маңызы жоғары өнімдер. Әсіресе, пандемия кезіндегі дәріхана сөрелерінің «босап» қалуы елдегі фармацевтика өндірісінің маңызын айқындап бергендей. Күнделікті тұрмыс қажеттілігінде маңызды рөл ойнайтын саланы өз елімізде дамыту маңызды екені анық.
Ел экономикасы сөз болған көп жерде «Қазақстан импортқа тәуелді» деген мәселе айтылып жатады. Десек те, фармацевтика саласындағы жетістік пен жалпы өнімдегі отандық үлестің басымдығы оң нәтиже мен алға жылжудан көрініс береді.
Отандық фарминдустриядағы кәсіпорындардың көпшілігі көлік хабтарының жақындығы, шикізат қолжетімділігіне орай негізінен Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында орналасқан. Аталған кәсіпорындар дәрілік заттар, медициналық бұйым, медициналық техника шығарумен айналысады. Халық тарапынан отандық дәрі-дәрмекке сұраныс жоғары. Сатып алу көлемі бойынша екінші орынға неміс өнімдері тұрақтайды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ